Праймериз: Партияішілік сайлауға кімдер қатысады?
Праймериз: Партияішілік сайлауға кімдер қатысады?
241
оқылды
Елімізде алғаш өткізілгелі отырған партияішілік сайлау - праймеризді еліміздегі белді азаматтар, қоғам белсенділері қолдайды.   Биыл маусым айында құрылған Nur Otan партиясы жақтастары лигасы мүшелері zoom-конференция өткізіп, елдегі әлеуметтік-саяси жағдайды талқылаған болатын. Мәселен, Қазақстан толыққанды дамыған мемлекетке айналуы үшін еліміздегі саяси партиялар жаңа 3 мың депутатты жасақтап шығаруы керек деп есептейді танымал саясаттанушы Айдос Сарым.
"Мәслихат болсын, Парламент болсын, жаңа есімдерді, жаңа тұлғаларды күтеді. Қазақстанда мәсдихаттардың 3335 депутаты бар. Енді, әрбір партия кемінде осы 3000 адамды шығара алса және олар кәсіби болса, бюджеттің қайдан құралып, қайда жұмсалатынын білсе, әкім мен бюджетті бақылай алса, болашақта билікті сақтау, мемлекетті сақтау мәселесі күшейеді. Терең ұлт, терең мемлекет дегеніміз осы. Саяси аренаға жауапкершілігі бар, азаматтық белсенділігі жоғары адамдар келсе, праймериз ашық, дұрыс өтсе, оған барынша көп азамат, әсіресе, осыған дейін саясатта көрінбеген тұлғалар келсе, халық тарапынан Парламент пен мәслихатқа деген сенім артады", - дейді Айдос Сарым.
Оның айтуынша, және осы үрдістердің бәрі эволюциялық жолмен, халық пен мемлекет деген екі мүдденің арасында жүру керек. Саясаттанушы Ерлан Саиров болса партия праймеризінің ашық әрі әділ өтуін қадағалау мәселесін көтерді. Әсіресе аталған саяси науқан аймақтарда формалды түрде өтіп кетпеуі керек дейді ол. Өйткені, жергілікті әкімдер қолдағы билікті, яғни мәслихатты оңайлықпен бергісі келмейді. Ал, медиа-менеджер Бағдат Қожахметовтің айтуынша, праймериз өткізуде Nur Otan ең алдымен АҚШ тәжірибесіне сүйенуі қажет.
"Жалпы, билік өз қолындағы мүмкіндіктен оңай айрылуға дайын емес. Саясатты өзгерту керек, ол үшін жаңа саясаткерлер керек. Оны екі түрмен ғана өзгерте аламыз: ревюлюциялық және эволюциялық. Революциялық қадамға барған Украина мен Қырзыстанды көрдік. Революция өтті, ал оның артында көптеген қиындық қалды. Сондықтан, эволюция – дұрыс жол. Бұл ретте праймериз үлкен мүмкіндік. Nur Otan партиясына айтарым, праймеризді праймериз үшін ғана деп өткізуге болмайды. Оны анық өзінің ережелері бойынша, заңға сәйкес, АҚШ-тан шыққан тәжірибенің бәрін пайдаланып іске асыру керек", - деді ол.
«Nur Otan» партиясының биыл өткізетін праймеризінен кейін билікте жастардың үлесі артып, бәсекелестік күшейеді дейді журналист Рахат Жақсыбай. «Nur Otan» партиясы жақтастарының zoom-конференциясында сөз сөйлеген маман мүдделер қайшылығына да дайын болуымыз керек дегенді айтты. Оның пікірінше, праймеризге қатысатын үміткерлер ең алдымен ішкі мәдениеті қалыптасқан тұлға болуы тиіс. Ойын ашық жеткізіп, бәсекелесін құрметтей алатындар ғана болашақта халықтың атынан сөйлеуге лайықты болады дейді ол.
«Праймериз өткізуде оған қатысушылардың ішкі мәдениеті маңызды. Кандидаттар пікірсайыс өткізуге дайын болуы керек, өз ойын, пікірін қоғамға жеткізе алуы керек. Бізде дебатта сөз таластырған екі тарап кейін бір-бірінің бетін көрместей жау болып кетеді. Батыста керісінше, дебат біткен соң шай ішіп, ары қарай әңгімелесе береді», - дейді журналист.
Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясы праймериз өткізуде Батыс тәжірибесіне сүйене отырып, көрші елдер жіберген қателіктерден сабақ алуы керек.
«Шетелдің тәжірибесін қабылдауымыз керек деп жатыр, сондай-ақ, сабақ та алуымыз керек. Мәселен, Ресейде праймеризде жеңіп шыққан тұлғалар жұмыссыз қалып кетіп жатады. Яғни, қазір қаншама адам үмітпен қарап отыр партияға да, праймеризге де. Сол үміттер ақталуы керек. Яғни, әділ әрі ашық болуы керек», - дейді ол.
Барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіндегі депутаттық корпусты одан ары қалыптастыруда  жаңа көшбасшыларды анықтау маңызды. Праймериз алдағы уақытта бұқаралық саясаттың дамуына жол ашпақ. Бүгінгі саяси ахуал елде болып жатқан жағдайға тікелей байланысты. Халық өзін қолдайтын мемлекеттің бар екенін сезіне бастады дейді Павлодар облысы, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ кәсіподақ комитетінің маманы Марал Ерғазина. Мұндай пікірді ол «Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасы өткізген Zoom-конференциясында сөйлеген сөзінде айтты. Марал өзі праймеризге қатысып, бағын сынап көруге әзір екендігін жеткізді. Қазір қарапайым тұрғындар халықтың қажеттілігі үшін шешім шығарып, жұмыс істейтін билік тармақтарының бар екендігіне көздері жете бастағандығын ерекше атап өтті.
«Халық арасында үкімет, партия және халық үштігінің әрқайсысы өзінше жеке әлемде өмір сүреді деген пікір қалыптасқан. Партияның атқарған жұмысы туралы айтсаң кейбіреулер «Менің ешқандай қатысым жоқ, мен оларды, олар мені білмейді» деген пікір айтады. Сондықтан дәл қазіргі уақытта бізге осы тенденциядан құтылу керек. Ол үшін партия қатарында халықтан шыққан адам болуы керек. Расында халық ол адамды білу керек, оның айтқанына құлақ түріп, ең бастысы, оның айтқанына, сену керек», – деді Марал Ерғазина онлайн конференция барысында.
Праймеризге қатысуға менің білімім де, қабілетім де жеткілікті. Сондықтан өз-өзіме сеніп, тәуекел етіп, елдің қамын ойлап, жағдайын жасап,  өз өңірімнің дамуына айтарлықтай үлес қосу мақсатында праймеризге қатысамын деп шештім дейді ол. Праймериз арқылы ұлтына, туған жеріне жаны ашитын, қолынан іс келетін азаматтарды іріктеп алуға болады деп сенеді ол. «Nur Otan» партиясы жақ­тастары­ның zoom-конференциясында Ш. Кұ­дайбердіұлы атындағы мектеп ди­ректоры,  тарих ғылымдарының канди­даты Әділ Сайлаубек «Nur Otan» пар­тиясының праймеризі елімізде эволю­циялық өзгерістер жасауға бағыт-бағ­дар бола алуы керек деген пікірін біл­дірді.
Оның айтуынша, елдің әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсарту үшін жас­тардың қоғам өміріне ықпалын арт­тыру өте маңызды. Себебі білімді, бір­н­еше шет тілін меңгерген жастардың әлеуетін әлі де толық пайдалана алмай отыр­мыз. «Жергілікті жерлерде жас­тар­дың үлесі аз. Шығыс Қазақстан  об­лысы бойынша зерттеу жүргізіп, жас­тардың қоғамды дамытуға үлес қосу­ға ықпалын анықтадық. Байқа­ғанымыз, аймақта әлі де жасы келген ше­неуніктер жастарға мүмкіндік бер­мейді. Әкімдер әлеуметтік желіде істе­ген жұмысын жарнамалаймын деп,  ке­рісінше халықтан алыстап кеткендей көрінеді. Олардың қағаз жүзіндегі есеп-қисабы іс жүзінде орындалғанына ел күмәнмен қарайды. Дұрысында, сенбейді», – деді ол. Содан кейін айрықша назар ау­дара­тын мәселе – жергілікті жерде әкім­қаралар халыққа адал қызмет ететін азаматтардың алдын орап кетеді. «Біз осы мәселенің мәнісін түбегейлі зерт­тегеніміз жөн. Бұл мәселе, әсіресе ай­мақ­тарда өте өзекті. Идеясын айтып, жаңа жобаны іске асырамын деген жас­тарды уақыт өте мүлдем таппай қаламыз. Себебі халық үшін қызмет ете­мін дейтін жастардың тауы шағы­лып, қасаң қағидамен жүретін жүйеден көңілі қалған. Сондықтан тәуелсіз ой­лайтын жастардың пікірімен санасып, озық идеяларды қоғамда пайдалана білуіміз керек деп ойлаймын», – деді Әділ Сайлаубек.
Ал zoom-конференцияға Алматы об­лысы Талдықорған қаласынан қа­тыс­қан блогер Дана Ерікқызы прай­мериз­ге елмен етене жақын жұмыс іс­тей алатын, халық алдында беделді аза­маттардың қатысқаны жөн деген пікірін білдірді.
«Әрбір сөзін халыққа анық, ашық айтып, проблеманы жергілікті жерде: ауыл, аудан, қала, облыс деңгейінде ше­ше білетін әкімқаралар көп болуы тиіс. Қазір ел проблемасын әлеуметтік желі арқылы айтқанды жөн көреді. Се­бебі жергілікті басқарушы орган­дар­дың жұмысына ел сенбейді. Жұмысы көңіл көншітпейді. Аудан, қала, ауыл аймақта шешімін таппаған мәселе әлеуметтік желі арқылы басшыларға тез жетеді. Өйткені аймақтарда әкімнің қабылдауына барған адам оған проб­лемасын айтып, есігінен кіре алмайды. Сондықтан жергілікті шенеуніктер халықтың сенімінен шығуы үшін әлеу­меттік желінің де жұмысын жан-жақты мең­геруі тиіс. Праймеризге қатысып, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізуге ты­рысамын», – дейді блогер.
5 маусымнан 5 тамызға дейінгі екі ай уақыт ішінде Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауына праймериз өткізу мәселесі бойынша 14852 өтініш түсті. Соның 3,5 мыңнан астамы кандидаттарды ұсыну және тіркеу тәртібі бойынша түскен. 1011 адам дауыс беру рәсіміне қатысты қызығушылық танытқан, 998 – і партияға кіру,  736 адам пікірсайыс өткізу тәртібін сұраса, 679 адам үгіт-насихат жүргізу кезеңі туралы білгісі келген. Сұрақ қойғандардың 7,5 мыңнан астамы  – бұл 30-44 жас аралығындағы адамдар. Еске сала кетейік, бұған дейін Nur Otan партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойған болатын.