Топтық кезеңге бір қадам: "Астана" мен БАТЭ матчына қатысты сарапшылар не дейді?
Топтық кезеңге бір қадам: "Астана" мен БАТЭ матчына қатысты сарапшылар не дейді?
5,308
оқылды

Бірінші ойын 3:0 есебімен "Астананың" пайдасына аяқталған

Бүгін елордалық «Астана» белорусиялық БАТЭ-ге қарсы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі қарымта матчты өткізеді. Бұл жұптың қай жеңгені Еуропа лигасы топтық кезеңінде ойнау мүмкіндігіне ие болмақ. 

Бірінші кездесуде «Астана» 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Жауапты матч бүгін Борисовта өтеді. Матчқа орай бірқатар футбол мамандары пікір білдіріп, болжам айтқан. Соның бірі – «Астананың» бұрынғы бас бапкері Станимир Стойлов. 

«Қазіргі БАТЭ – 2016 жылғы БАТЭ емес. Одан да әлсіз. Сөзсіз, «Астана» - 100 пайыз фаворит. Соған қарамастан «Астана» бүгінгі матчқа тыңғылықты дайындықпен шығу керек. Екінші кездесуде де жеңіс қазақстандық команданың жағында болмақ. БАТЭ-де ешқандай мүмкіндік жоқ деп есептеймін» дейді Стойлов. 

2016 жылы «Астана» Стойловтың баптауымен БАТЭ-ні өз алаңында 2:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 2:2 есебімен тең түскен еді. 

Ғажап: Томасов қандай жетістікке ие болды? (видео)

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билектің айтуынша, БАТЭ-ні бір құтқарса жылдам гол құтқармақ. 

«Астана» өз алаңында өте жақсы ойнады. Қазақстандық команданың құрамында тәжірибелі ойыншылар өте көп. Сондықтан келесі матчта да қазақстандық команда ойынды бақылауда ұстайды. Ал БАТЭ-дегі ахуал өте қиын. Олардың тек бір ғана амалы бар, ол – жылдам гол соғу және әрі қарай сол қарқынды ұстап тұру» дейді чех маманы. 

БАТЭ мен «Астана» арасындағы матч елорда уақытымен 23:00 де басталады. Кездесуді Qazsport арнасы тікелей эфирде көрсетеді. 

Егер «Астана» топтық кезеңге шығар болса, онда 2,92 миллион еуро көлеміндегі сыйақы алады. Сондай-ақ жинаған ұпайлар үшін қосымша бонустар қарастырылған. Мәселен, топтық кезеңдегі жеңіс – 570 мың, ал тең ойын – 190 мың еуро.