«Вакцина салғызып, Үкіметтің назарын аударғым келді» – вирусолог-вакцинолог, профессор Қайсар Табынов
«Вакцина салғызып, Үкіметтің назарын аударғым келді» – вирусолог-вакцинолог, профессор Қайсар Табынов
707
оқылды
– Қайсар Қазыбайұлы, Аустралияда жасалған коронавирус инфекциясына қарсы COVAX-19 вакцинасын біздің елде ең бірінші болып сіз қабылдадыңыз. Қазіргі ахуалыңыз қалай? – Тап қазір жағдайым жақсы. Аса қиын­дық болған жоқ. Вакцина салдырғалы тура бір апта болды. Бұл вакцина бұлшық етке егіледі. Вакцина доминантты емес, егер оңқай болсаңыз сол қолға, ал солақай болсаңыз оң қолға, яғни физикалық тұрғыдан салмақ түспеу үшін жүктемесі аздау қолға егіледі. Мен оңқай болғандықтан, вакцина сол қолыма егілді. Себебі оң қолымды көбірек пайдаланамын. Егілген вакцинаның көлемі – 1 миллилитр. Еккеннен кейін төрт сағаттан соң вакцина салынған жердің аздап ауырғанын сездім. Бұл –  қалыпты жағдай. Өйткені оның әсері мүлдем болмаса, «бұл су ма, не өзі?» деген күмән туады. Екінші күні ауырсыну біраз күшейді. Физикалық жаттығу жасап, қолды көтергенде ауырсындым. Дене қызуым аздап 37,4-ке дейін көтерілді. Әлсіздік те байқалды. Үшінші күні барлық жағымсыз әсерлері жойылды. Сол үшінші күннен бастап қалыпты күйге түстім. Қазір физикалық тұрғыдан ешқандай өзгеріс байқалмайды. Өзімді керемет сезініп тұрмын. Дегенмен сынақ вакцина салғызған соң бір аптадан кейін қан тапсырып, ең алдымен физиологиялық тұрғыдан ауытқулардың бар-жоғын анықтаймыз. Қан тапсырылғанда биохимия және гемотологиялық талдау жүргізіледі. Сол арқылы менің ағзамның жұмыс істеу функциясы қандай жағдайда екенін көруге болады. Бұл препаратқа COVAX-19 атауы берілген. Аустралияда жасал­ған вакцина клиникалық сынаманың бірінші фазасынан өткен. Қандай вакцина болсын, ең алдымен оның адамға қауіпсіздігі тексеріледі. Ол адамның денсаулығына зардабын тигізбеуі керек. Екінші кезекте оның тиімділігі тексеріледі. Ол кезде миллиондаған адам бір сәтте осы вакцинаны қабылдайды және ол адамдардың бәрінің дені сау болуы тиіс. Егер вакцина қауіпсіз болмаса, миллиондаған адамның денсаулығына зиян келеді. Мен ауруға қаншалықты төзімді екенімді білу үшін вакцина салдырғаннан кейін 7-ші, сосын 21-ші күні қан тапсыруым керек. Сол кезде ауруға қарсы антиденелер немесе бейтарап антиденелер түзілген-түзілмегені тексеріледі. – Қазір адамдар кез келген жағдайға байланысты ойын ашық білдіре алады. Сіздің өз еркіңізбен вакцина қабылдауыңызға тілектестік білдіргендер де, керісінше «Өзге елдің сынақ тәжірибесіне айналдық» деп байбалам салып жатқандар да бар. Осы екі пікірге байланысты өз ойыңызды білдірсеңіз. Сондай-ақ сіздің өзіңізге вакцина салғызуыңызға Денсаулық сақтау министрлігі ешқандай рұқсат бермеген деген әңгіме тарап, бұл туралы министрлік ресми жауап берді. Бұған не дейсіз? – Бұл – өте қызық сұрақ. Өйткені мен вакцина қабылдағаннан кейін әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірлерді көрдім. Кейбіреу­лер «Бұл – хайп, өзіне жарнама жасап жатыр» деген пікірлерін білдіріп жатты. Вакцина өз қолымда, оны салып алып тып-тыныш әрі қарай зерттеу жасай беруге болар еді. Мен вакцина салғызғанымды әлеуметтік желіде неге жарияладым? Өйт­кені ең алдымен осы мәселеге Үкіметтің назарын аударғым келді. Егер осындай қадам жасамасақ, оған ешкімнің назар аударатын түрі жоқ. Екіншіден, жалпы жақын арада Қазақстан халқы үшін әртүрлі вакцина қолжетімді болады деп сенемін. Вакциналар көп болсын деген үмітім және халқымыздың қай вакцинаны салғызатынына таңдау жасай­тындай мүмкіндігі болуы керек деген ойым бар. Ертең Үкімет бір ғана вакцинаны ұсынып, осыны жаппай салғызуымыз керек деген жағдай болмауы тиіс. Үкімет тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауалнама жасалуы керек. Халыққа «Міне, вакцинаның мынадай түрлері бар. Зерттеу нәтижесі бойынша оның осындай жағымды және жағымсыз әсерлері болады. Сіз осы вакцинаның қайсысын таңдайсыз?» деп түсіндіру керек. Егер халықтың бір бөлігі өзіміздің, енді бірі бөлігі Ресей, Қытай немесе Аустралияның вакцинасын таңдаса, сол төрт вакцинаны елімізге әкелу керек. Бұл вакцинаны ең алдымен өзіме салғызған себебім, оның әсері қандай болатынын көргім келді. Екіншіден, өзіміз вируспен жұмыс істеген соң денсаулығымызды сақтауымыз керек. Сондай-ақ вакцинаны өзіме салғызу үшін ресми органдардан рұқсат алудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді. – Сынақ ретінде өзіңізге қабылдау арқылы келешекте осы вакцинаға еліміздің тезірек және тиімді бағамен қол жеткізуін де ойладым деген едіңіз. Осы туралы айтсаңыз. – Қазіргідей пандемия жағдайында кез келген вакцинаны жасау процесі, яғни оны әзірлеп, өндіріске енгізуге дейін орта есеппен 10 жыл керек. Қазіргідей жағдайда біз сонша уақыт вакцинаны күтіп отыра алмаймыз. Соған байланысты қазіргі таңда мемлекет тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тіпті, бірнеше айдың ішінде қыруар жұмыстар жүргізілді. Әлемнің көптеген мемлекеті бір-біріне көмектесіп, консорциум құрып, тезірек вакцина дайындап, өндіріске енгізуге құлшыныс танытып отыр. Бұл жерде «Өзіміз-ақ дайындап, бәрін қатырамыз» деуге болмайды. Біздің елде адамға дайындаған вакцинаны өндіретін зауыт жоқ. Қазіргі әрекеттің бәрі халықты тезірек вакцинамен қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан шара. Сондықтан біз осы бағытта жұмыс істеп жатқан ұйымдармен бірге тезірек вакцинаға қол жеткізуді ойлауға тиіспіз. Соның бір шешімін табуға әрекет ретінде біз аустралиялық компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл вакцинаны бізге беретіні жөніндегі келісімшарт емес, жалпы ғылыми серіктестік жөніндегі келісімшарт. Вакцина алу үшін Үкімет тарапынан келіссөздер жүргізілуі керек. Отандық ғалымдар елге тиімді вакцинаны алу үшін өз септігін тигізіп, мүмкіндігінше көмектесуді ойлап отыр. vaksina – Коронавирус инфекциясына қарсы қазірдің өзінде 100-ден астам вакцина жасалып жатыр. Біздің еліміз де вакцина жасауды қолға алды.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны өз сайтында клиникаға дейінгі сынақтарға арналған кандидаттық вакцина ретінде тіркеді. Осы отандық вакцина туралы білгіміз келеді. – Қазір елімізде отандық вакцинаны жасап жатқан екі ғылыми топ бар. Екеуі бір-біріне тәуелсіз, өз алдына бөлек жұмыс істейді. Оның бірі Жамбыл облысындағы Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты болса, екінші ғылыми топқа Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығы, Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығы, АҚШ-тың Огайо университеті және Аустралияның Vaxine компаниясы кіреді. Бұл топ 20 маусымда ғылыми ынтымақтастық туралы келісімшартты бекітті. Бұйыртса, біз де өз нәтижелерімізді жақын арада көрсетеміз деген ойымыз бар. Біздің вакцина қазіргі таңда клиникаға дейінгі зерттеулер сатысында. Яғни, әзірге жануарларға зерттеу жүргізіліп жатыр. Егер жануарларға жүргізілген зерттеулер оң нәтиже берсе, онда зерттеудің келесі сатысына өтеміз. Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтымен салыстырғанда біз осыған дейін мемлекет тарапынан ешқандай қаржы алған жоқпыз. ҚазҰАУ-нің ішкі ресурстарын пайдаланып келеміз. Университет грант бөлген. Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты қазірдің өзінде оң нәтижесін көрсете бастады. Мен әріптестеріме сәттілік тілеймін. Осы институтта өзім де 15 жыл бойы жұмыс істегенмін. – Шындығын айтқанда, қазір елдің бар ойы – ертерек вакцинаға қол жеткізіп, аты жаман індеттің бетін қайтару. Сынақтан өтіп жатқан вакцина өндіріске жіберіліп, айналымға енгенше әлі біраз уақыт керек. Еліміздің ең құнды байлығы болып саналатын адам өмірін сақтап қалу үшін вакцинаға ертерек қол жеткізудің амалы қандай? – Өзге елдерден дайын вакцинаны сатып алудың өзі тез арада жүзеге асатын шаруа емес. Дамыған мемлекеттер миллиардқа жуық вакцинаға қазірдің өзінде тапсырыс беріп қойды. Егер кезекке тұрып, күтетін болсақ, вакцинаға Ауғанстан сияқты мемлекеттермен қатар қол жеткіземіз деп ойлаймын. Оны ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Вакцина дайын­даудың ең қымбат сатысы бұл – клиникалық зерттеулер. Соның ең үлкені – үшінші фаза. Жалпы, он шақты мемлекетте 100 мыңға жуық адамға бір мезетте егіледі. Оның тиімділігі осылайша тексеріледі. Ондай зерттеу жүргізу кез келген компанияның қолынан келе бермейді. Оған біраз уақыт керек. Соған байланысты кейбір компаниялар «Вакциналар басым түрде қолжетімді болу үшін сіздер сол сынақ жүргізілетін 100 мың адамның бір бөлігін алып, вакцинаны өз мемлекеттеріңізде тексеріп алыңыздар. Сол тексерісті өз мемлекеттеріңізде, өз қаржы­ларыңызға жасайсыздар» деп отыр. Сол кезде компания үшінші фазаға кеткен ақшаны үнемдейді. Сосын бірден өндірісті бастап кетеді де, келісімшартқа отырған мемлекеттер келісілген көлемдегі вакцинаға бірден қол жеткізеді. Біз бірге жұмыс істеп жатқан Vaxine компаниясы қазір белгілі бір топ құрып, вакцинаны он шақты мемлекетте клиникалық сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл вакцина COVAX-19 деп аталады. Біз осы компаниямен келісімшартқа отырып, ғылыми тұрғыда бірге жұмыс істеп келеміз. Дегенмен әрі қарай жұмысты жүргізетін – Үкімет. Біз арада делдал болайын деп отырғанымыз жоқ, тек осы компаниямен жұмыс істеп, еліміздің қолжетімді вакцина алуына септігіміз тисе екен деген ойымыз бар. – Жаппай вакцинациялау – біраз уақыттың мәселесі. Барлық сынақтан өткен вакцина алдымен кімдерге егіледі? – Жалпы, тәжірибе бойынша вакцина алдымен тәуекелдігі басым кісілерге егіле­ді. Статистикаға қарасақ, коронавирус инфекциясынан көз жұмып жатқандардың көбі ересек адамдар, сосын қан қысымы, қант диабеті, қатерлі ісік сияқты созылмалы ауруы бар науқастар мен осы індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер. Сондықтан ең алдымен осындай кісілерге вакцинация жасау керек. Еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бірінші кезекте 2 миллиондай адам вакцина қабылдауы керек. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ