Нұржан Әлтаев, Мәжіліс депутаты: Қоғам жаңарды, адам өзгерді
Нұржан Әлтаев, Мәжіліс депутаты: Қоғам жаңарды, адам өзгерді
268
оқылды

Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия жұмысын жаңғырту, қайта жандандыру мәселесіне баса мән берілді. Еліміздің көшбасшы партиясының алдында қандай міндеттер тұр деген сауал төңірегінде Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаевты әңгімеге тарттық.

– Нұржан Бауыржанұлы, Nur Оtan-ның Саяси кеңес оты­рысы, партияның, қоғамның алдына үлкен міндеттер жүктеді. Келелі басқосуда айтылған пікірлерге қатысты ойыңызды білсек деп едік.

– Саяси кеңес отырысында өте қажетті мәселелер қозғалып, партия көшбасшысы нақты қазіргі жағдайға байланысты қажетті тақырыптарды айтты, тапсырмалар берді. Біріншіден, біздің елімізде Nur Оtan партиясына жүктелген міндет үлкен. Президент сайлауында халықтың жоғары деңгейде дауыс беруінің өзі – партия жұмысына халықтың сенгенін байқатады. Ол сенімнің жауапкершілігі, салмағы билік партиясы үшін қашанда жоғары. Nur Оtan сол сенімді ақтау керек.

Екіншіден, партия тез арада, жедел түрде халықпен кері байланыс мәселесіне күш салуы қажет. Әлеуметпен байла­ныстың бұрынғы әдістері қазір ескірді. Қоғам жаңарды, адамдар өзгерді. Жаңарған қоғаммен бірге тұрғындардың да көзқарасы, дүниетанымы жаңарды, жетілді. Сондықтан байланыстың, қарым-қатынастың құралы, тетігі де жаңар­ғаны жөн. Қазір цифрлы заман, интернет дәуірі. Азаматтар­дың көпшілігі ақпаратты ғаламтор арқылы қабылдап, бір-бірімен жылдам әрі тығыз қатынас ортауға үйренген. Өзі сайлаған биліктен де, партиядан да сондай жедел қызмет көрсетуді, жылдам жауап алғанды қалайды, тіпті талап етеді. Сол себепті, партияның ендігі қызметі мен жұмысы бары­сында әлеуметтік желіні, ин­тер­нетті пайдаланып туындаған проблеманы дер кезінде ше­шуге ұмтылуы керек. Партия тізімі арқылы сайланған депутттар да, партия басшылығы да кабинеттен шығып, елдің ішіне, өңір­лерге барғаны дұрыс. Жақында біз Nur Оtan-ның Парламенттегі фракциясы жиналып, осы тақырыпта ақыл­да­сып, жоспарын да жасап қойдық. Алдағы уақытта біздің тобымыз нақты мәселе­лермен тікелей айналыспақшы.

– Қиындықтан, жауапкер­шіліктен қашпау керек екенін ай­тып отырсыз. Бұл тұрғыда пар­тияның әрбір жеке мүшесіне, кез келген нұротандық кадрға жүктелер міндет үлкен екені рас. Мұндай жа­уапты істен жалтарған әріп­тес­те­ріңізге, жауапты тұлғаларға да талап күшейетіні айтылып жатыр ғой...

– Әрине, қатаң талапсыз, тәртіпсіз жұмыс жүрмесі анық. Тіпті, кейінгі кезде партия қыз­мет­керлері, кадрлар тарапынан бо­саңсу, мәселеге немқұрайлы көз­қарас таныту орын алғанын мо­йын­дау керек. Оның барлығы жо­ға­рыдағы талаптың әлсіреуінен деп білемін. Кадр таңдауда, пар­тия­ға қабылдар кезде партияның өз ішінде дауыс беру арқылы іс жүр­­гізілгені жөн. Елдегі үлкен пар­тия Nur Оtan-ға қабылданған аза­мат барлығына лайық болуы қажет. Бұрынғыдай «біреудің көзі жақсы, біреудің сөзі жақсы» деген әңгіме енді жүрмейді. Жұмыстан шар­ша­ған, кабинеттен, жылы орын­нан тұрғысы келмейтін бой­күйез кадрлар орын босататын кез келді.

– Саяси кеңес отырысында партияның атқарушы органдарға, жергілікті билік өкілдеріне ықпал ету тетігін іске қосу туралы ай­тыл­ды. Өзіңіз Парламентке келгенге дейін еліміздің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және басқа да көптеген әлеуметтік салаларда қызмет етті­ңіз. Партияның жекелеген сала­ларға араласуы қалай жүргені дұрыс деп білесіз?

– Шынын айтқанда, бұл – өте жауапты қадам. Неге десеңіз, елі­мізде көптеген ауқымды жобалар қабылданып, бағдарламалар жү­зеге асты. Қаншама қаржы жұм­салды. Бірақ барлық жобаның орын­далуы 100 пайыз мөлдір бол­ды деп айтсақ, өтірік болар. Тіпті, кейбір үлкен жобалар аяқ­сыз қалды. Мерзімінен кеш орын­далды. Оның барлығына осы бақылау, қадағалау жетіспеді. Бұл тұрғыда үлкен саяси күш Nur Оtan партиясының әлеуетін пайдала­ну – таптырмас мүмкіндік. Партия атқарушы орган жұмысын ба­қылап, қадағалап қана қоймай, тиімді жүргеніне, нәтижелі аяқталғанына атсалысса құба-құп. Сондай-ақ партияның тағы бір міндеті елге, қоғамға түсіндіру жұмыстарын түбегейлі жүргізгені дер едім. Жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар арасында алтын көпір болып, істің бір жағына шығысу керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Бауыржан САБЫРБЕК