Жеке қайырымдылық қорын ашып, жетім балаларға қамқор болып жүрген құрылысшы ана
Жеке қайырымдылық қорын ашып, жетім балаларға қамқор болып жүрген құрылысшы ана
909
оқылды
Instagram қолданушылары  Эльмира Ешниязованы жақсы біледі. Ол әлеуметтік желіде «асарлатып», қайырымдылық жасауды алғашқылардың бірі болып бастады. Бүгінде құрылысшының жеке қайырымдылық қоры да бар. Мақсат – кәмелетке толмаған тұл жетім немесе ата-анасының бірінен айырылған балаларға баспана алып беру. Осыған дейін қайырымды жандардан жиналған қаржыға 40-тан астам отбасы баспаналы болып, қуанышын тойлады. Игі істің  басында жүрген қайсар мінезді анамен 9 тамыз – Құрылысшылар күні қарсаңында әңгімелестік.   –Эльмира апай, мерекеңіз құтты болсын! Құрылыс саласында жұмыс істеу  әйел адамға оңай емес. Бұл істі қалай меңгердіңіз? –Рақмет! Негізгі мамандығым – педагог. Жалындаған жастық шағым 90-жылдардағы тоқырау кезеңіне тұспа-тұс келді. 1994 жылы базарға нан сатуға шықтым. 20 бөлке нан алып, үстіне 3 теңге қосып сататынмын. Кейін 20 нанымды біртіндеп көбейтіп 1 000-ға дейін апардым. Сөйтіп, жеке кәсіпкер болып шыға келдім. 1999 жылдың аяғында наным бұрынғыдай өтпейтін болды. Өйткені жеке дүкендер ашыла бастаған еді. Бұдан кейін үйімді тонап, барымнан айырылдым, қарызға белшеден баттым. Сонда анам: «Нанның киесі бар. Сен қиқымдарын аяғыңмен басып жүрдің. Одан түскен пайданы әркімге тараттың», – деді. Сосын шемішке сатып көрдім. Болмады. Қаражат жоқ, жұмыс жоқ. Қиын күндер басталды. Екі қызым бар, жолдасымнан айырылғанмын. Қыздарымды анама қалдырып, жаныма кіші бауырымды ертіп Астанаға келдім. 2000 жыл болатын. Қолымда 14 мың теңге бар. Тоңазытқышты, тағы басқа заттарды сатып жинаған ақша еді. Бас қалаға келіп, інім екеуміз жұмыс іздедік. Қандай жұмыс іздеп жүргенімізді өзіміз де білмейміз. Республика көшесімен келе жатсақ, Есіл өзенінің жағалауындағы үйлердің құрылысы жүріп жатыр екен. Өтіп бара жатып сұрадық. Күзетші «Қазір бригадирді шақырайын» деді. Алик деген азербайжан кісі келіп «Бояй аласың ба?» деп сұрады. Өмірі қолыма жаққыш ұстап көрмегенмін. «Иә, істей аламын. Ауылда үйді әктеп, терезе боядым» дедім. «Таңғы 8:00-де келіңіз. Аяғыңызға кроссовка, шалбар киюді ұмытпаңыз» деді басымнан аяғыма дейін қарап. Үстімде костюм, белдемше, аяғымда биік өкшелі туфли. Ішінен «Мынау қалай құрылысшы болайын деп жүр?» деп ойлаған шығар. Сөйтіп, келесі күні барып, корпорацияның сырлау жұмыстарымен айналысатын бригадасында жұмыс істеп кеттім.  width= Құрылыста жұмыс істегеніме 20 жыл болды. Соның 2 жарым жылында сылақшы болып, кейін 2017 жылға дейін бригадир болып жұмыс істедім. Кейінгі 3 жылда өзім тапсырыс алып, декоративті сылақпен, үй қабырғаларын әрлеумен айналысып жүрмін. Осындай жұмыстардан жақсы қаражат табуға болады. Бір аптада 200 шаршы метрге декоративка жақсаң, 300 мың теңге қалтаңда деген сөз. Негізі, мұның тиімді екенін 2003 жылы түсіндім. Қазір WhatsApр пен  дайректімді ашуға қорқатын болдым. Өйткені көмек сұраған адам өте көп. «Пәтерақы төлеуге, тамаққа, тағы басқаға ақшам жоқ» деп жазады. Көшеде хабарландыруды қарасаң «Құрылысшы қажет» деген жазу тұрады. Сол жұмыстарға барса ғой дейсің. Бәріміз басында түк білмей келдік. Қазір еңбектің арқасында өмірімізді сүріп жатырмыз. Құрылыс деген – керемет жұмыс!  width= –Пандемия кезінде көмек сұрайтындар, тіпті көбейген шығар?..      –Иә, көбейді... Күніне жүздеген хат келеді. Кейде көмектесемін, кейде оқымай қаламын. Өйткені хаттың көптігі сонша, физикалық тұрғыдан бәріне бірдей үлгермеймін.  width= –Қайырымдылықпен айналысып, еліміздегі панасыз қалған бірнеше отбасының үйлі болуына атсалысып, жетім балалардың көз жасын сүртіп жүрсіз. Сізді қайырымды іске итермелеген алғашқы оқиғаны есіңізге түсіріңізші. –Бала кезімнен қайырымды іске жақын едім. Мектепте жүргенде Тумуровшылар тобының тәлімгері болдым. Қолымнан келген көмегімді аяған емеспін, талай адамға көмектестім деп нық сеніммен айта аламын.  «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің» деген ғой дана халқымыз. Өз басым қайырымдылықты жан рахаты үшін, адамдарға қуаныш сыйлау үшін жасаймын.    width= Ал қазіргі жағдайға келсек, әлеуметтік желіде жеке парақшамды ашып, белсенді жүргізіп келе жатқаныма 7 жылдай болды. 2017 жылы Рамазан айында Мұхит Батаев деген кісінің көмекке мұқтаж екенін естіп, парақшама жаздым. Бес жыл бұрын жол апатынан аяулы жарынан айырылып, бүгінде жеті баласына жалғыз өзі қарап отырған Мұхит ағамыздың тағдырына бейжай қарамаған оқырмандарым: «Карта ашыңыз, сізге ақша жіберейік, бірге көмектесейік», – деді. Ертесіне қызым Гүлнұрдың көмегімен банкке барып, карта аштық. Реквизитті желіге жарияладым. Небәрі 3 күннің ішінде халықтан 1,5 миллион теңге жиналды. Аяқастынан волонтерлер де табылып, жиналған қаражат Мұхит ағаның керек-жарағына жұмсалды. – Қазір жеке қор құрдыңыз. Жаныңызда игі істі бірге атқаруға көмектесетін адамдар бар ма? –Әрине, бар. Бір ауыз сөзімді жерге тастамайтын достарым өте көп.  width= – Халықпен жұмыс істеу оңай емес. Жауапкершілігі де зор. Жағымсыз  пікір жазатын адамдардың сөзінен шаршайтын кезіңіз бола ма? – Иә, шаршайсың ғой. Мән бермеуге тырысамын. Өзімді жақсы білемін. Не істеп жүргеніме есеп беретін адаммын. Күнде жатарда «Бүгін не бітірдім?» деп өзімнен есеп алу әдетіме айналған.  width= –Қазақтың қыз-келіншектеріне, жастарға қиындыққа мойымау үшін қандай кеңес берер едіңіз? –«Тек қана алға!» деп тоқтамай жүре беру керек.  width= – Қандай арманыңыз бар? –Арманым – зекет беру, яғни өз қалтамнан 7 млн теңге шығарып, алдағы Рамазан айында ата-анасы қайтыс болған жетім балаларға баспана әперу.  width=

                                                                             –Әңгімеңізге рақмет!

 

Фото: Эльмира Ешниязованың жеке мұрағатынан