Саяси бағыттағы кеңесшісі ретінде Жолдаудың саяси реформалауға, саяси бәсекелестікті өрістетуге, көппартиялылық жүйені дамытуға, диалогты ілгерілетуге қатысты бастамалардан тұруын маңызды санаймын
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұңғыш Жолдауында айтылған қандай мәселені «ең маңызды» ретінде бөле-жара атап өтер едіңіз? Бұл Жолдаудың ерекшелігі неде?
– Қандай да бір мәселені даралау күрделі. Өйткені жұртшылық байқаған шығар, ел Президентінің Жолдауы жан-жақты, сан қырлы болды. Ол әралуан тақырыптарға жүгінді. Жолдау ел өмірінің әлеуметтік, экономикалық, сондай-ақ саяси салаларын да қамтыды.
Саяси бағыттағы кеңесшісі ретінде Жолдаудың саяси реформалауға, саяси бәсекелестікті өрістетуге, көппартиялылық жүйені дамытуға, диалогты ілгерілетуге қатысты бастамалардан тұруын маңызды санаймын. Жалпы, әлеуметтік желілердегі халықтың үнқатысын бақылай келе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі ұсыныстары мен тапсырмалары оң қабылданды деп байлам жасауға болады.
Президент либерализациялау бағытын табанды жақтайтынын және оны жүзеге асыратынын осы Жолдауы арқылы кезекті рет растады.
Ол «жай реформа үшін жасалатын реформалардың» қажет еместігін, олардың барлығының ақырғы ірі межесі мен елге әкелер игілігі болуға тиістігін нықтады. Демек, жаңа реформалар ойластырылып, дұрыс-бұрыс жақтары таразыға тең тартылып, нақты қаржымен қамтамасыз етіліп іске асырылатын болады деген сенімдеміз.
Халықтың биліктен талап етіп отырғаны да – осы. Онымен ел басшылығының ұстанымы үндес шығуда.
Қалай болғанда, бүгін Мемлекет басшысы биліктің ахуалды жақсарту жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын жария етті.
Бұл Жолдаудың ерекшелігі сол – бір жағынан ол стратегиялық сипатқа ие: Парламент, Үкімет, жергілікті билік алдағы уақытта, орта мерзімді кезеңде атқаруы керек жұмыс бағыттары айқындалды. Екінші жағынан, дәл қазір қоғамды мазалаған, ел шешімін күткен ағымдағы көптеген мәселелерге де нақты жауап берілді.
Бұл Жолдау қарапайым қазақстандықтарға арналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс» деп қадап айтты.
– Саяси реформа, диалогты ілгерілету дегенде, сарапшылар ең алдымен, Қ.Тоқаевтың шеру өткізу үшін айдалада, қала шетінде емес, лайықты жерден орын бөлу туралы тапсырмасын талқылауда. Ол орындар жоғарыдан ұсыныла ма, әлде оны қоғам таңдай ма?
– Заңнамаға сәйкес, тәртіп бойынша ондай жерлер әр өңірде, қалада қарастырылатын болар. Президент егер бейбіт наразылық акциялары заң бұзу немесе азаматтардың тыныштығына нұқсан келтіру мақсаттарын көздемесе, онда оларды өткізуге рұқсат беруді және қала орталығынан алыс болмайтын жерден арнайы алаң бөлуді жүктеді. Егер тәртіп қамтамасыз етілетін болса, ешқандай шектеу болмауы тиіс. Енді осыған сәйкес бұл мәселені талқылаймыз.
Жуырда Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің тұңғыш отырысы өтеді. Соның жиынында да осы тақырыпты талқыға салатын боламыз. Яғни, алдымызда осы айтылған басымдықтар мен бастамаларды іске асыру, олардың егжей-тегжейін сарапшылармен бірге пысықтау міндеті тұр.
– Әлеуметтік желілерде «Бұл Жолдауды Президент өзі жазды ма екен, әлде мамандар әзірледі ме?» деген сауал қойылуда.
– Президент өзі жұмыс істеді. Бұл Жолдау – ұзақ еңбектің жемісі. Білуімше, ол бойынша жұмыс 2 айдан астам уақыт бойы жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысқа президенттік сайлау өте салысымен кірісті. Мемлекет басшысы әр мәселенің байыбына мұқият барып, шешімін зерделеді. Әрине, қойылған міндеттерді егжей-тегжейлі, экономикалық, қаржылық, заңгерлік қырынан пысықтауға, салдарларын салмақтауға Үкімет мүшелері, Президент аппараты, сарапшылар, сала мамандары тартылды, онсыз болмайды. Ал бастамалар авторы – Мемлекет басшысының өзі.
Байқасаңыз, Жолдауда қоғамды толғандырған мәселелер көп көтеріледі. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының ел пікіріне құлақ асу арқылы қоғамның тынысын танып, тамыр соғысын тап баса білетінін көрсетеді. Ол қандай мәселелердің пікірталас туғызып жатқанын түсінеді. Нәтижесінде, Жолдау мәселелердің кең ауқымын қамтыды.
– Президент жергілікті билік жұмысының тиімділігін халықтың өзі бағалайтын жүйені пилоттық режимде іске қосуды ұсынды. Оған сәйкес, сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30%-дан астамы ауыл не қала әкімі қызметін тиімсіз деп таныса, астанада арнайы комиссия құрылып, әкімнің ісін қарамақ. Бұл жергілікті қарау топтардың сырттан келген білікті басқарушыны қудалауына, жершілдік пен рушылдықтың өршуіне қызмет ететін құралға айналып кетпей ме?
– Кез келген қоғамда жікшілдік, әр топтарға бөліну болады. Осы тәрізді белгілі бір проблемалар Қазақстанда да бар. Алайда солай екен деп ілгері қадам жасамау жөнсіз.
Ондай кесір құбылыстарға жол бермеу үшін бұл бастамалар қосымша пысықталатын болады. Оның тетіктері, онлайн-тұғырнамасы ойластырылуы керек. Ең бастысы, халық билігін күшейтетін бастама өмірге жолдама алғалы тұр. Ол арқылы жергілікті жұртшылықтың жалпы көңіл күйін білеміз. Президент мемлекетті басқару ісінде ел пікірін ескеретін болады және жергілікті билік органдарын да тұрғындармен диалогта, өзара түсіністікте жұмыс істеуге міндеттеуде. Ең маңызды жайт – осы.
Біз бүгінгі Жолдауда Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруға тосқауыл болатын салмақты кедергілерді байқап отырған жоқпыз. Ендеше бұл бастамалар мен басымдықтар іске асырылады.
Сұхбаттасқан
Айхан ШӘРІП