Депутаттар Президент Жолдауын тиімді заңдармен қамтамасыз етеді. Бұл туралы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен, палатаның V парламенттік сессиядағы алғашқы бюро отырысында мәлімделді. Жиында Мемлекет басшысының Жолдауын есепке алатын Мәжілістің осы сессиядағы жұмыс жоспары талқыға салынды.
Өз сөзінде Н.Нығматулин парламенттік жаңа сессияның ашылуында ел Президенті Қ.Тоқаев жария еткен Жолдаудың негізгі басымдықтарына тоқтала кетті.
– Елбасы әзірлеген Бес институттық реформаны және Ұлт жоспарын жүзеге асыруды жалғастыру мақсатында Президент бұл Жолдауда қазақстандық қоғам өмірінің барлық салаларын ары қарай реформалау бағдарламасын ұсынды. Ол мемлекеттік басқару, экономиканың нақты секторы, қаржы жүйесі, агроөнеркәсіптік кешен, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қолдау жүйесі, зейнетақы жүйесі, өңірлік саясат бағыттарын қамтиды. Енді біздің, Парламент депутаттарының алдында Жолдауды практикалық іске асыруды тиімді заңнамалық қолдаумен қамтамасыз ету міндеті тұр! – деді Мәжіліс төрағасы.
Нұрлан Зайроллаұлының байламынша, бұл бюджеттік және салықтық жүйені жаңғыртуға, бюджет қаржысын тиімді игеруге және мемлекеттік сатып алуға қатысты болады.
Сонымен бірге, сот және құқық қорғау жүйелерін реформалаудың заңнамалық тұғырын түзу міндеті тұр. Депутаттар сондай-ақ сексуалды зорлық-зомбылыққа, педофилияға, есірткінің таралуына, адам саудасына және басқа да ауыр қылмыстарға, браконьерлерге қарсы заңнаманы қатаңдатуы керек.
– «Цифрлық экономиканы» ілгерілетуге, елдің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған заңдар қабылдауға тиіспіз. Президент Парламент алдына Үкіметпен бірлесіп, жер ресурстарын тиімді пайдалану тетігін әзірлеу міндетін белгіледі. Бізді Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы бойынша жұмыс күтіп тұр, – деді Н.Нығматулин.
Мұның барлығы Мемлекет басшысы қойған міндеттердің тек бір бөлігі ғана екеніне екпін түсірген ол депутаттық корпусты белсенді заңнамалық жұмысқа шақырды.
Бюро жиынында айқындалғандай, қалаулыларға Мәжілістің алдағы жалпы отырысында палатаға келіп түскен жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін анықтау керек болады. Оның арасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» конституциялық заңға конституциялық түзетулер жобасы, сонымен қатар қаржылық құжаттар топтамасы – «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы», «2020-2022 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы» заң жобалары бар.
Үкімет енгізген жаңа жобалар қатары сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерден, «Педагог туралы» және ілеспе заң жобаларынан, еңбек мәселелері жөніндегі түзетулерден тұрады.
Бұдан бөлек, Мәжіліс Қазақстанның Бразилиямен, Моңғолиямен, Өзбекстанмен, Түркиямен, Ресеймен, Армениямен, Шанхай ынтымақтастығы ұйымымен, Еуразиялық одақпен қарым-қатынасына қатысты бір топ халықаралық құжаттарды ратификациялайтын заң жобаларын да жұмысқа қабылдап алады деп күтілуде.