Кәрібай Мұсырман, Мәжіліс депутаты: Халықпен нақты жұмыс істеуіміз қажет
Кәрібай Мұсырман,  Мәжіліс депутаты: Халықпен нақты жұмыс істеуіміз қажет
289
оқылды

Еліміздің Парламенті V сессиясының жұмысын бастап, қос палата жаңа маусымдағы қызметіне кірісті. Бұл тұрғыда Парламент депутаттарына жүктелер міндеттің де салмағы айқындалғандай. Осы орайда Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Кәрібай Мұсырманға хабарласып, пікірін білген едік.

Кәрібай Иманжанұлы, ең алдымен, жаңа мау­сымдағы жұмыстарыңызға сәттілік дейміз. Таяуда өткен Nur Оtan партиясы Саяси кеңесінде халықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдеріне көшу керегі баса айтылды. Дәл осы мәселеге қатысты ойыңызды білсек деп едік. 

– Партиямыздың Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған партиялық жұмысты жаңғырту бағдарламасына сәйкес қазіргі кезде халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізудің, жемқорлықпен күресті күшейтудің және қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастырудың маңызы айрықша деп ойлаймын. 

Біз, Парламент Мәжілісінің депутаттары – Nur Otan пар­тиясы фракциясының мүшелері тоқсан сайын ел өңірлерін аралағанымызда республикалық деңгейде ғана емес, жергі­лікті жерлердің өзінде шешімін табуға болатын өзекті мәсе­ле­лер барлығын анықтап, өз тарапымыздан шара қолданып жүрміз. Мысал үшін, былтыр Қарағанды облысының шал­ғай­дағы Шет ауданына қарасты Ақжал кентінде болғанымызда жергілікті тұрғындар сондағы дәрігерлік амбула­торияға тиесілі «Жедел жәрдем» көлігінің ескілігінен машақат шегіп жүргендерін айтып шағынған еді. Сай­лаушыларымыздың осы аманатын мен партия­мыз­дың Қарағанды облыстық филиалының төрағасы – облыс әкімімен  болған кездесуімізде оған құлаққағыс еттік. 

Ерлан Қошанов бірден шара қолданып, көп ұзамай ақ­жалдықтарға науқастарды тасымалдауға қолайлы жаңа реа­нимобиль алып бергізді. Ал Жамбыл облысының Мойын­құм ауданындағы Бірлік ауы­лында – Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ту­ған жерінде болғанымызда осы елдімекеннен шыққан ас­­та­налық кәсіпкердің жер­лес­тері үшін күрес залын са­лып бергісі келгенімен, қа­жетті жер учаскесін ала ал­май, тауы шағылғанын біл­дік. Осы жөнінде Nur Otan партия­сы Жамбыл облыстық филиа­лы­ның төрағасы – облыс әкімі Асқар Мырзахметовке хат жазуыма тура келді. Ол да мәселені жедел шешіп бер­ді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының ең шалғай елдіме­кені Уәлиханов ауданының Қулыкөл ауылында болғаны­мызда іргесі сөгілмей, өркендеп өсіп отырған елдімекеннің ке­ле­шегі бар елдімекендер тізімі­не енгізілмей қалғанын естідік. Қулыкөлдіктердің ама­натын іле партиямыздың облыстық филиалының тө­рағасы – облыс әкіміне жеткіз­дім. Құмар Ақсақалов Қулы­көл­­де биылғы көктемгі су тас­қыны кезінде үш күн бойы болған екен. Ол тұрғындары еңбекқор ауылдың болашағы жарқын екенін айтып, мәселені оңынан шешетінін айтты. Мі­не, осындай мысалдар партия­мыздың өңірлік ұйымдары науқаншылдықтан арылып, халықпен нақты жұмыс істеуі қажетін көрсетеді.


Әлемдегі ең дамыған отыз мем­лекеттің қатарына қосы­лу үшін қоғамымызға бат­пан­­­­­дап кіріп, мысқалдап шы­­­­ғып жатқан қауіпті дерт – сы­­­бай­лас жемқорлықпен кү­рес­те де партиямыздың рө­лін арттыру қажеті сөзсіз. Бұл ретте партия Төрағасы – Елбасының мемлекеттік сатып алу саласында белең алған бы­лық-шылықты тыю үшін қол­­даныстағы заңнаманы жетіл­­діру және жоғары оқу орын­­­да­­рындағы парақорлықты бол­­д­ыр­мауға бағытталған пәр­менді шараларды қолдану жө­нін­­дегі тапсырмаларының қо­ға­мымызды сауықтыруға ти­гізер ықпалы зор болмақ. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қара­­­ма­ғындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа ұрын­ған бірінші басшылардың қыз­метін доғару жөнінде өтініш беруге тиіс екені жөнінде қа­таң талап қойып отырғаны да «шелек жалағандардың тұ­ты­лып, айран ішкендердің құ­тылуы» секілді келеңсіз құбы­лыстың тамырына балта шабады деп сенемін.

Әрине, әлі де ойланарлық мә­селелер бар. Бертінде бір таныс адамымның шетелде білім алып келген кәсіпкер ба­­ласы бір аудан әкімінің орын­­басарына жолығып, өзі шы­­ғаратын тауарларды 25 жыл­ға дейін пайдалануға бола­­тынын айтыпты. Ал әлгі шенеу­нік: «Айналайын, сонда мен ширек ғасыр бойы тендер өткізбей, бала-шағамды қалай асыраймын?!.» деп шорт ке­сіпті. Бұл мысал еліміздегі жемқорлықтың қаншалықты белең алып кеткенін көрсетеді, сондай-ақ «медальдің» екінші жағы барын да аңғартады. Сон­дық­тан да шенеуніктердің санын қысқартып, қызметінде қалғандарының жалақысын арттыру жөніндегі бастаманы одан ары жалғастыру керек. Осы орайда бірқатар министр­ліктердің облыстардағы де­парта­менттерін тарататын кез де жеткен тәрізді. Өйткені олар облыстық әкімдіктердің басқармаларының функция­ларын қайталайды.

Елбасының атап көр­сет­ке­­­ніндей, партиямыздың ақ­­па­рат­тық-идеологиялық жұ­­мы­сының қарқынын ба­рын­­ша күшейту қажет. Өйт­кені алыстағы ауыл­дар тү­гіл елорданың өзінде де көп­те­ген тұрғындар аз қамта­ма­сыз етілген адамдарға, со­­­ның ішінде көпбалалы от­­ба­­­сы­ларға мемлекет тара­пы­­нан жасалып жатқан жеңіл­­діктер мен қамқорлық жай­­лы ақпараттан бейхабар еке­­ніне көзіміз жетті. Осы орай­­да мен жуырда еліміздегі мем­ле­кет­тік телеарналар мен мем­ле­кет­тік тапсырыс алатын теле­ар­на­лардың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы мен басқа да мем­лекеттік бағдарламаларды насихаттауы сын көтермейтіні жайлы Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігіне депу­таттық сауал да жолдаған бола­тынмын...

– Елбасы, Nur Оtan партия­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Саяси кеңес оты­рысында өңірлердегі адам­дармен жұмысты күшейтуді тап­сырды. «Бастауыш ұйым­дар» партияластардың тығыз қарым-қатынас жасайтын орнына айналуы тиіс еке­нін айтты. Өңірлердегі мәсе­лелерді тез әрі тиімді шешуде жұмыс қалай жүруі керек деп білесіз?

– Осыған дейін өңірде ұзақ уақыт қызмет еткеніме және бесінші шақырылымдағы об­лыстық мәслихаттың депутаты бол­ғаныма байланысты жер­гілікті жерлердегі жағдайды бір кісідей білемін. Партиямыздың облыстық филиалдарының жанындағы Қоғамдық қабыл­дау бөлмелерінің жұмысы өте маңызды дер едім. Оған кей­де адамдар әділдік іздеп жү­гінетін ақтық инстанция ре­тін­де соңғы үмітін арқалап ке­ліп жатады. Осы жұмысты одан ары жандандыра түсу керек деп ойлаймын. Бұл ретте партиямыздың Солтүстік Қа­зақстан облыстық филиалы басшылығының адамдардың Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келуін күтіп отырмай, мұн­дай қабылдауды жергілікті жерлерге барып өткізу жөнінде­гі бас­та­масын құптауға болады. Сон­дай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың жанындағы фракцияларымыздың жұ­мысын жандандыру қажет. Себебі, өз округтеріндегі сай­лау­шылармен кездесуден қаш­қақтап тұратын, белсенділігі төмен депутаттар да бар екені жасырын емес.

Партиямыздың жұмысын түбегейлі жаңғырту мақ­са­тында бастауыш ұйым­да­ры­­мыздың рөлін барынша арт­­тыру қажет. Олардың төра­ғалығына жергілікті әкімдердің және кәсіпорындар мен ұйым­­дардың басшыларына «ың­ғайлы», «қой аузынан шөп алмайтын» адамдарды емес, ел-жұртқа сыйлы, өзіндік ой-пікірі, нық азаматтық ұстанымы бар, белсенді нұротандықтарды сайлаған жөн. Олар партияның аудандық, қалалық және об­лыстық филиалдарымен тығыз байланыста болса құба-құп. Сонда өңірлерде туындаған өзекті мәселелердің шешімі де тезірек табылары анық.

– Саяси кеңесте Nur Оtan партиясы мұғалімдер мен дәрігерлердің, жұмыс­шы­лардың құқығы мен мүддесін қорғауды жалғастыруы ке­рек делінді. Осы бағытта атқарушы билік пен партия қызметінің үндесе жұмыс істеуі үшін қандай қадамдар жасалғаны жөн?

– Бұл ретте әуелі Елбасының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанын айтқан жөн. Сондай-ақ жаңадан сай­ланған Президентіміз қыз­метіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде дәрігерлер мәртебесі туралы да заң қа­былдау қажетін айтқан бо­латын. Осының бәрі мұғалімдер мен дәрігерлердің құқықтық және әлеуметтік жағдайларын жақсартып, олардың қоғам­дағы орны мен беделін көте­ре­тіні шүбәсіз. Әлбетте, жұмыс­шы­лардың да құқықтары мен мүдделерін қорғауды жақсарта түсу – бүгінгі уақыт талабы. Осы орайда жақында Батыс Қазақстан облысы әкі­м­дігінің ІІІ санаттағы шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін кво­та­ны азайту және ІV са­нат­та­­­ғы шетелдік жұмыс кү­шін әке­луге толық тыйым са­лу жө­нін­­дегі шешімін игі бас­тама деп санаймын. Бұл өзек­ті мә­­­се­ле партиямыздың өңір­лік филиалдарының ұдайы назарында болуға тиісті. Ал біз, Парламент Мәжілісінің де­п­у­­таттары – Nur Оtan пар­тиясы фракциясының мү­ше­­лері, алдағы қызметімізде қа­зақстандық жұмысшылардың құқықтарын заңнамалық тұр­ғыдан қорғауды жетілдіруге күш салатын боламыз.


Әңгімелескен 
Бауыржан БАЗАРҰЛЫ