Ұшақ билеті арзандай ма?
Ұшақ билеті арзандай ма?
278
оқылды

Келер жылдан бастап билік шенеуніктер мен ұлттық компания қызметкерлері санын бірте-бірте қысқартуға кіріседі. Бұл жайында Премьер Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ел Үкіметінің отырысында мәлімделді. Жиында Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыру шаралары талқыланды.

Үкімет басшысы егжей-тегжейлі құжатты – Жолдауды іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының жобасын осы аптада, 7 қыркүйекке дейін әзір­леуді жүктеді. Асқар Ма­мин­нің айтуынша, Жолдауды толығымен қаржылай қам­тамасыз ету шараларын қа­былдау қажет.

– Президент тапсыр­ма­ла­рының орындалуына барлық бірінші басшылар дербес жа­уап беретінін естеріңізге сала­мын! Қадап айтайын, Жол­дау­дағы әрбір тапсырманың орын­далу сапасы мен мерзім­дерінің сақталуына қатаң ба­қылау орнатылуға тиіс. Қо­йылған міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлесімді жұ­­мыс жүргізуіміз керек, – деп нықтады А.Мамин.

Премьер-министрдің бі­рін­ші орынбасары – Қаржы ми­­нистрі Әлихан Смайы­лов­тың мәліметінше, Жолдауға сәй­кес, 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 5%-дан асатын жыл са­йынғы өсімін тұрақты қам­тамасыз ететін құрылымдық өзгерістерді іске асыру қажет.

– Бұл үшін Үкімет эко­но­миканы әртараптандыру жұ­мысын жалғастырады. Ме­мор­гандардың да, квазимемле­кеттік сектордың да қызметіне функционалдық талдау жүр­гізіледі. Сондай-ақ қазақ­стан­дық және шетелдік сарапшы­лардың зерттеулері мұқият талданады. 2020 жылдан бас­­тап, мемлекеттік қызмет­шілер санын біртіндеп қыс­қартуға кірісеміз. Ал боса­тыл­ған қаражатты неғұрлым пай­далы қызметкерлерді ма­те­риалдық ынталандыруға жұм­саймыз. 2024 жылға қарай шенеуніктер мен ұлттық ком­паниялар қызметкерлерінің саны 25%-ға қысқарады, – деді Ә.Смайылов.

Енді квазисектордан қай­тарымды арттыру – басым­дықты міндетке айналады.

– Ұлттық әл-ауқат қоры өткен 14 жылда халықтың әл-ауқатының өсуіне қанша­лық­ты нақты үлес қосқанын ба­ғалайтын боламыз. Үкімет Есеп комитетімен бірге 3 ай ішінде мемлекеттік холдинг­тер мен ұлттық компания­лар­дың тиімділігіне талдау жүр­гізеді, – деді бас қаржыгер.

Жолдауда шағын және мик­робизнесті дамытуға мән бе­рілген. Жұмыссыздықты азай­ту және ауыл халқының өмір сүру деңгейін көтеру мақ­са­тында Ұлттық қордан 100 мил­лиард теңгедей бөлінді.

Мемлекет басшысы Есеп комитетіне Қаржы министр­лігімен тізе қоса отырып, бизнесті дамытуға шығын­да­латын бюджет қаражатының жұмсалуын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Жыл соңына дейін ұсақ және шағын ком­паниялардың негізгі қызметін 3 жыл мерзімге салық төлеу­ден босату жөніндегі заң жо­басы жазылады. 2020 жылдың қаңтарында шағын және орта бизнес субъектілерін тексе­руге 3 жылдық мораторий күшіне енеді.

Қаржы министрлігі мем­лекеттік сатып алу мәселелері бойынша жаңа заң жобасын әзірлепті, ол да шағын биз­несті ынталандыруға бағыт­талған.

Сонымен қатар қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынта­ландыру жұмыстары өрісте­тіледі, көлеңкелі экономикаға, капиталдарды шетелге шы­ғаруға, салық төлеуден бас тар­туға қарсы күрес қатаң­дандырылады.

– Жақында экономикалық тергеу қызметінің жұмысы қайта құрылды және оңтай­ландырылды. Президент ұлт­тық табысты барынша әділ бө­лу керегіне назар аудара оты­рып, салық жүйесін жаң­ғыртуды тапсырды. Компа­ния­ларды адами капиталға, еңбек өнімділігін арттыруға, техникалық қайта жарақтан­дыруға, экспортқа инвестиция салуға ынталандыратын, қа­зіргі салық жүйесінің сапасын арттыратын шаралар қабыл­да­нады. Салық кодексінде көз­делмеген төлемдерге, алым­дарға тыйым салынады, – деді бірінші вице-премьер.

Маңызды міндеттердің бі­рі – бюджеттің және Ұлттық қордың қаражатын пайда­ла­нудың тиімділігін арттыру. Осы­ған байланысты Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірге, 2019 жылдың соңына дейін Ұлттық қорды инвес­ти­циялау және пайдалану са­пасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлейді.

Халықты әлеуметтік қол­дауды күшейту үшін Үкімет барлық тиімсіз шығысты қыс­қар­тады, бұдан бөлек, осы мақ­сатта бюджет кірістерін арт­тыру есебінен де қосымша ре­зервтер іздестірілетін болады.

Мемлекеттік сатып алу жүйесі бұдан ары жетіл­ді­рі­леді. Тиісті заң жобасы даяр, ол адал бәсекелестікті өріс­тетуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, тауар­лардың, көрсетілетін қыз­меттердің сапасын және өнім берушілердің біліктілігін арттыруға бағытталған.

Бас қаржыгердің сенд­і­руінше, осы бастамалардың барлығы бюджетке қосымша табыс құюға мүмкіндік береді.

Осы орайда Қазақстанда жаңа қор түңлігін жаңадан түруі мүмкін.

– Шығындарды оңтайлан­дыру және активтерді инвес­ти­циялық басқарудың сапа­сын жақсарту мақсатында Үкіметке Бірыңғай әлеуметтік қор құру және бір әлеуметтік төлем енгізу жолымен әлеу­мет­тік қамсыздандырудың бюд­жеттен тыс жүйесін шо­ғырландыру мәселесін зер­де­леу жүктелді. Біз жақын арада бұл жұмысты атқарып шыға­мыз, – деді Әлихан Смайылов.

Мұның сыртында барлық деңгейде бюджет процесі жа­ңаша құрылып, енді жергілікті бюджеттерді қалыптастыруға халық нақты тартылатын болады.

Аудандық, қалалық және ауылдық билік жергілікті ма­ңызы бар міндеттерді шешуде экономикалық жағынан не­ғұр­лым дербес болуы үшін жаңа заңнамалық актілер қа­былданбақ.

Жалпы алғанда, Президент Жолдауының шараларын іске асыруға қажетті қаражат Мә­жі­ліске енгізілген үш жылдық бюджет жобасында толық қарастырылады.

Үкімет басшысының орын­басары Жеңіс Қасымбектің ай­туынша, Жолдауды орын­дау аясында жыл соңына де­йін үй кезегінде тұрған адам­дардың бірыңғай респуб­ли­калық базасы іске қосылмақ. Бүгінде баспана алу үшін әкім­діктерде 512 мыңға жуық адам кезекке тіркелген. Алай­да қазақстандықтар ол ке­зек­тің сақталмайтынына, тіпті ілгерілеу орнына құлдырап, кері кететініне шағымданады. Оның үстіне әр өңір әкімдігі өз аумағына қатысты кезекті дербес жүргізеді, сәйкесінше, «өзі би, өзі қожа». Бүкіл рес­пуб­лика бойынша ортақ көрі­ніс, жалпы бақылау жоқ. Бұл олқылықты жойып, кезекті­лікті бірыңғай есепке алу жөніндегі тапсырманы жүзеге асыру үшін жыл соңына дейін «Кезекте тұрған адамдардың бірыңғай республикалық базасы» енгізіледі.

Ал «Нұрлы жер» бағдарла­масы бойынша бұдан былай бірінші кезекте көпбалалы отбасылар жалға берілетін баспанамен қамтылады.

– Бұл үшін 2025 дейін жыл сайын 50 млрд теңгеден бө­ле­міз. Жыл сайын 3,7 мың ке­зек­те тұрған әлеуметтік осал адамды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қам­туға 32,8 млрд теңгеден бағыт­талады. «Бақытты от­басы» бағ­дарламасы бойынша ТҚЖБ арқылы 6 мың несие бе­руге үш жылда 50 млрд тең­ге арна тартады, – деді Ж.Қасымбек.

Үкіметке 2023 жылға қарай халықты сапалы ауызсумен 100% қамту жүктелді. Биыл қа­ла тұрғындарының 97%-ы және ауылдықтардың 87%-ы орталықтандырылған су жү­йесіне қол жеткізуге тиіс.

– Орталықтандырылған сумен тұрғындарының саны ең көп және әлеуеті жоғары ауыл­дар басымдықты түрде қам­тамасыз етіледі. Ал 200 адам­ға дейін ғана тұрғыны бар ауыл­дарда сумен жабдық­таудың жергілікті жүйелері қолда­нылады. Республикалық бюд­жетте 2020-2022 жылда­ры осы мақсатқа 250 млрд теңге көз­делді, – деді Жеңіс Қасымбек.

Елімізде қазір 18,1 мың үй күрделі жөндеуді талап етеді екен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 780 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге қосымша 30 млрд теңге жұмсалмақ.

Автожол саласында «Нұр­лы жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасын 2025 жылға дейін ұзарту жұмыстары аяқталуда. Бағдарлама шеңберінде Қазақ­станның бірыңғай көлік жү­йесі қалыптасады.

Мемлекет басшысы Жолда­уында көтерілген өзекті мәсе­лелердің бірі – ұшақ билет­терінің қымбаттығы. Билет құнының жоғарылығына әуе көліктерінің жетіспеушілігі себепкер көрінеді. Содан та­рифтер құнын түсіру үшін биыл­ғы мамырда тұңғыш отан­дық лоукостер – Fly Arys­tan әуекомпаниясы жұмысын бастады. Жұртшылық оның арзан билеті лезде таусылып қалатынына, ал саудада тұр­ған билеттерінің бағасы тіпті өзге компаниялардан қым­бат­тығына наразылық білдіруде. Жыл соңында Fly Arystan орын­дайтын рейстері санын күніне 14-тен 28-ге дейін арт­тыруды жоспарлап отыр.

– Бұдан өзге, Үкімет «Самұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында «Эйр Астана» және Qazaq Air авиакомпанияларын қосымша капиталдандыруды жос­пар­лауда. Сондай-ақ қазақстан­дық мұнай өндеу зауыттарын жаңғырту аяқталғанын ескере отырып, әуе отыны бағасын тө­мендету жұмысы жалғасады. Теміржол билеттерінің тап­шы­лығын болдырмау және заңсыз делдалдық әдістерге тосқауыл қою мақсатында би­леттерді сатуды цифрландыру жүргі­зілуде, билеттерді сату тәртібін реттейтін норма енгізілді. Те­міржол көлігімен жолаушы­лар­ды тасымалдау жүйесін же­тілдіру жоспары жасалды, – деді вице-премьер Ж.Қасымбек.

2019 жыл соңына дейін Индустрияландырудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мембағдарламасы қабылда­на­ды. Оны іске асыру нәтиже­сін­де елде еңбек өнімділігі 1,7 есе­ленуге, өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2,3 есеге өсуге, не­гізгі капиталға салынатын ин­вестициялар көлемі 2,3 есеге ұлғаюға тиіс.