Мариямға үміт сыйлаған кәсіпкер
Мариямға үміт сыйлаған кәсіпкер
404
оқылды

Shoes Republic аяқкиім фабрикасының басшысы Дәурен Раманқұл поштасына келген хатты оқып, 16 жастағы бойжеткеннің арманын үкіледі.


Жас кәсіпкер Дәурен Раманқұл елге «Айқын» арқылы танылды. Өйткені газетіміз үнемі қарапайым еңбек адамдарын насихаттайды. Соның бірі – етік тігетін жас кәсіпкер еді.

Осы жайында газетімізден оқыған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас кәсіпкерді қолдауға бел буып, отандық өнім сатып алғаны да бар. Бұл жөнінде бүкіл Бұқаралық ақпарат құралдары жазған еді.

Бүгінде сол кәсіпкерді өскелең жас үлгі тұтып, үйренуге бел бууда. Бұған дәлел, Мәриямны хаты.

«Поштама бір хат келіп еді, жүрегімді тербетті. Хаттың иесіне айтарым: «Мариям, сені Shoes Republic-те асыға күтемін, есігіміз ашық», – дейді Дәурен Раманқұл. 



«Сәлеметсіз! Есімім – Мариям Бақытжан, 16 жастамын. Алдымен хатымды бастан-аяқ оқып шығуыңызды өткінемін!

Сіз менің тәлімгерім болса екен деймін. Өйткені дизайнер болуды бала кезімнен армандадым. Осыдан екі жыл бұрын ғана Қазақстанда аяқкиім дизайнері мүлдем жоқ екенін біліп таң қалдым. Оның ішінде, әсіресе, отандық аяқкиім шығаратындардың өзі санаулы-ақ екен. 

Міне, осы кезде аяқкиім дизайнері болуды шештім. Сол кезде интернетті ақтарып отырып, сіздің брендке тап түстім. Шыны керек, сіздің жұмысыңызға тәнтті болдым. 

Себебі, әдемілігін айтпағанда, сапалығы жағынан әлемге белгілі брендтерден кем емес. Оның үстіне, бағасы да қолжетімді. Еліміздің кез келген тұрғыннің қалтасы көтереді. Өкінішке қарай, дәл осындай сапамен әйелдердің аяқкиімін елімізден таппадым. Міне, аяқкиім дизайнері болуға осы нәрсе итермеледі.

 Содан өзіндік бренд қалыптастыруға бел будым. Ал ол үшін оқу-тоқу керек. Бір жыл бойы осы кәсіп жайында жан-жақты іздестірдім, бірақ оның маған азық болмайтынын түсіндім.

 Алдымен аяқкиім жасап, жұмыс барысында ғана оның қыр-сырын үйренетінімді білдім. Бірақ елімізде аяқкиім тігуді оқытатын арнайы оқу орындар жоқ. Ал шет елде оқуға материалдық жағдайым келіңкіремейді. 

Содан ары ойлап, бері ойлап, сізден үйренуді жөн көрдім. Дәлірек айтсам, оқу бітіре салып, Алматыға барып, осы кәсіпті сізден үйренбекшімін. Керек десеңіз тегін де істей беремін. Бастысы мені өзіңізге жұмысқа алсаңыз болды. 

Сол арқылы көп нәрсені біліп қана қоймай, сізден де үйренер дүнием мол. Сондықтан да сізден оқып, үйренгім келеді...» деп жазған.

(Хаттың толық нұсқасын Дәурен Раманқұлдың фейсбуктегі парақшасынан оқи аласыздар)