Бәсеке жоғары болады
Бәсеке жоғары болады
315
оқылды
– Бүгінде партияішілік сайлауға қа­тысуға ниет танытып отырғандар легі ай­тарлықтай көп. Маңызды науқанға қа­тысу ережелері туралы білгісі келетін аза­маттарға айтар кеңесіңіз. Алдымен нені ескеру керек? – Праймеризге қатысудың нақты бір қа­­таң шарттары жоқ. Мәслихат және Мә­жіліс депутаттығына сайлауға түскен кан­дидаттарға қойылатын талаптар осында да қойылады. Осы ретте айта кетейін, прай­меризге «Nur Otan»-ның мүшелігінде жоқ азаматтар да қатыса алады. Бірақ тір­кеу кезеңі аяқталғанға дейін партияның қа­тарына қабылдануы керек. – Праймериздің мақсатына қысқаша тоқталып өтсеңіз. – Әрине, бірінші кезекте мықты көшбасшыларды анықтау. Өз ортасында зор беделге ие болып, қоғамдық өмірде де әр кез белсенділік танытып, халықтың сенімінен шығып жүрген азаматтарды біз өз қатарымыздан көргіміз келеді. – Праймеризге қатысушының сай­лауалды бағдарламасына нақты қандай талаптар қойылады? – Науқан кезінде кандидаттар өзде­рі­нің кәсіби қызметіне сәйкес нақты көр­сетілген елді мекендердің мәселе­ле­рін шешу туралы өздерінің ұсыныстарын білдіруі керек. – Елдің қай аймағында партиялық тізім­ге енуге бәсекелестік жоғары болады деп ойлайсыз? – Менің ойымша, барлық жерде бә­се­келестік жоғары болады. Бастауыш пар­тия ұйымдары кандидаттарды ұсы­нады. Сонымен қатар өзін-өзі ұсынған кан­дидаттар да болады. Жалпы, атал­мыш науқанға қатысуға ниет танытып отырған адамдар қатары көп. – Оппозицияның не популистердің «Nur Otan» партиясының партияішілік тізіміне енуіне мүмкіндігі бар ма? – Біз барлығына ашықпыз. Келсін, пар­­тияға қосылсын, праймеризге қа­тыс­­сын. Идеяларымыз бен мақ­сат­та­рымызды қолдайтын азаматтарға еш­­­қандай шектеу қойылмайды. Қа­тысу­шылар бастапқы нәтижелер бойынша алды­мен партия мүшелерінің сеніміне ие болады, жеткілікті дауыс санын ала­ды, содан кейін ғана кандидаттардың тізі­міне қосылады. – Праймеризге қатысушылар тағы қан­дай қағидаттарды ескеруі керек? – Праймеризге қатысушылар пі­кір­сайыста өзін жақсы қырынан танытуы керек. Өйткені ережеге сәйкес, олар пі­­­кірсайысқа қатысуға міндетті. Кан­дидаттар көшбасшылық қасиеттерімен қа­тар, өзінің артықшылықтарын көп­шілік алдында көрсетуі тиіс. Ал ол де­геніміз – праймеризге қатысушылар ара­сында өзіңді лайықты кандидат еке­ніңе сендіру деген сөз. Сондықтан бұл науқанда үздіктердің қатарынан көріну үлкен жетістік болып саналады.  

Абылайхан ЖҰМАШ