«Су тапшылығы біраз өңірде сезілді» – Мағзұм Мырзағалиев
«Су тапшылығы біраз өңірде сезілді» – Мағзұм Мырзағалиев
438
оқылды
– Мағзұм Маратұлы, өңірлерде егін алқабын суғару ісі қалай жүріп жа­тыр? Су жеткілікті ме? – Жалпы, егін-терім науқаны бойынша жағдай бірқалыпты. Әри­не, бұл ел басшылығының көрші­лес мемлекеттермен тран­сше­кара­лық су ресурстарын пайда­лану жөнін­де жүргізген келіссөз­дерінің нәти­жесі. Прези­дент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Өзбекстан басшысымен осы мәселені бірнеше мәрте талқылаған еді. Былтыр желто­қ­санда Қырғыз Респуб­ликасының басшылығымен жүр­гіз­ген келіссөздер барысында осы мәселені қозғаған болатынбыз. Мұндай іс-шаралар Жайық пен өзге де өзендер бойынша да атқарылды. Әрине, қиындықтар жоқ емес. Десе де, жағдай бақы­лауда. Суармалы судың жетіспеушілігі Түр­кістан және Қызылорда облыс­тарында сезілді. Су тапшылығы Шардара су қоймасында судың аз жиналуына байланысты туындады. Бұл осы өңірдегі суармалы жерлерді тіршілік нәрімен қамтамасыз етудің жалғыз көзі. Мұндағы жағ­дай Өз­бек­стандағы Сардоба су қоймасы дам­­ба­­сының жарылуына байла­нысты шиеленісті. – Бұл мәселе қалай шешілді? – Біз өзбек әріптестерімізбен же­дел байланыс орнаттық. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жүріп жа­тыр. 3 ай ішінде Өзбекстанның Су ресурстары министрі Шавкат Хам­раевпен алты кездесу өткіздік. Олар жағдайды түсініп отыр. Сон­дықтан өздерінде су аз болса да, біздің аймақтарды қосымша ағын­дармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ біз қырғыз, тәжік елдерімен қо­сым­ша ағындар тура­лы келісім жасас­тық. Бұл үшін көршілерімізге риз­ашылығымызды білдіреміз. Бұдан бөлек, диқандарға су жеткізу үшін бірнеше ауқымды шараны қолға алдық. Нақтырақ, Түр­кістан және Қызылорда облыс­тарында ауыл шаруашылығы да­қыл­­дарын кезекпен суару енгі­зілді. Сонымен қатар коллекторлық су­лар қайта пайдаланылуда. Көксарай су қоймасындағы су Сырдария өзеніне төгіледі. Бұл су қоймасының түбін экскава­тор­лармен қазу арқылы жүзеге аспақ. Осы және өзге жұмыстар күні-түні жү­ріп жатыр. Су барлық егін алқа­бына бірдей жетуі үшін суару кезегін қойдық. Былтыр қараша айында осы кезеңде судың деңгейі төмен болады деген болжам жасалған еді. Осы жорамал­ға сүйене отырып, Қызыл­орда облысының шаруаларына күріш егу көлемін 86-дан 75 мың гектарға дейін қысқарту ұсынылған. Алайда биыл 90 мың гектар алқапқа күріш егілді. Бұл су тұтыну көлемінің ұлғаюына әкелді. Қызылорда облы­сындағы суармалы жерлердің көле­мі жалпы территория­мыз­дың 6 пайызына тең. Сөйте тұра, мұн­да ел ішіндегі суармалы судың 40 пайы­зы тұтынылады. Соған қарамас­тан, өңірлерді қажетті сумен қамтама­сыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін іс­тедік. – Бұған дейін аймақтарда жаңа су қоймаларын салу жоспары бар екені хабарланды. Ал Жамбыл облы­сындағы суға қатысты ахуал қалай? – Иә, расымен мұндай жоспар бар. Аймақ басшылығымен бірге Шу және Талас өзендері бойынша қырғыз тарапынан тәуелділікті азайту, сондай-ақ 35 мың гектардан астам суармалы жерді сумен қам­тамасыз етуді арттыру мақсатында 3 жаңа су қоймасын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Жамбыл облысы судың басым бөлігін көршілес Қырғыз Респуб­ли­касынан алады. Биыл су алу кес­телері келісілді. Оған сай, Шу өзе­нінің бойымен 325 млн м3, Талас өзенінің бойымен 560 млн м3 бөлінуі керек. Бірақ қырғыз тарапы суды біз келіскен деңгейден төмен жеткізді. Шу бойынша маусым айының соңында келіскен көлемнің 50%-ы ғана жеткізілді. Осыған байланысты Қордай ауданында су арналарында судың жетіспеушілігі 23-тен 80%-ға дейін болды. Маусымнан бастап бүгінге дейін Меркі ауданында су беру толығымен тоқтатылды. Орташа алғанда су тапшылығы 82% болды. Magsym Mirsagaliev 1 Талас өзені бойынша жағдай бірша­ма жақсы. Ол жақта сәуір-тамыз айларында келіскен су көле­мінің 92%-ы алынды. Жағдайды реттеу үшін біз Қыр­ғыз Республикасына бірнеше рет келіссөзге бардық. Нәтижесінде, көршілеріміз өздеріндегі су қоры­ның аздығына қарамастан, бізге барынша мүмкін көлемді жіберді, біз оған ризамыз. Қазір Талас ауданын сумен қам­та­масыз ету мәселесі қарас­ты­рылуда. Мұндағы бар мәселе – бұл ауданға жетпес бұрын суды Жамбыл және Байзақ аудандары алып қояд­ы. Бұл мәселені шешу үшін айы­на бір рет бүкіл су шығыны өзен­нің бойымен ағызылады. Биыл осы шараны үш рет қайталадық. Осындай жағдайдың болатынын болжап, биыл аудан фермерлеріне ылғалдылықты аз қажет ететін ауыл­­шаруашылық дақылдарын егу­ді ұсынғанбыз. Жергілікті билік өкілдеріне суармалы алқаптарды түнгі және күндізгі суару әдісінің кес­тесі белгіленген. Бұл қол­да­ныс­тағы суды үнемді және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. – Осы жазда Алматы облысында суармалы судың тапшылығы қатты байқалды. Жергілікті диқандардың айтуынша, егінге қауіп төніп тұр. Бұған не айтар едіңіз? – Судың аздығына байланысты онда жетіспеушілік байқалғаны рас. Соңғы айларда Алматы облысының өзендерінде ауа райының қолай­сыздығына, жауын-шашынның болмауына және температураның тұрақсыздығына байланысты су деңгейінің күрт төмендеуі байқалды. Аймақта маусымнан бастап шілде айының ортасына дейін суару қиындай түсті. Бүгінгі таңда өзен­дердегі су деңгейі біртіндеп көтер­ілгендіктен, суармалы сумен қамта­масыз ету жағдайы тұрақтанды деп айтуға болады. Ондағы жағдайды түсінуіңіз үшін бір мысал келтірейін: Бартоғай су қоймасы Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Талғар аудан­дарының суармалы жерлерін ағын сумен қамтамасыз етеді. Вегета­циялық маусым басталғанға дейін су қоймасында 292 миллион текше метр су жиналған болатын. Ал тамыз айының басында мұнда судың мөл­шері 12 миллион текше метрден сәл ғана асты. Яғни, судың бар қоры осы егістік алқаптарды суаруға кетті. Су тапшылығын болдырмау үшін облыс әкімдіктері және ауыл­шаруашылық тауар өндіру­ші­лерімен су жеткізу кезегінің кес­тесі ке­лісілді. Сонымен бірге қазір Бар­тоғай су қоймасында судың ағуы­ның ұлғаюы­на байланысты 20 мил­лион текше метрден астам су жи­н­ақталған. Бұл – өте жақсы көр­сеткіш. Егер осы ағын сақталса, біз кезектесіп суар­майтын боламыз. Қолайсыз ауа райымен қатар ай­мақта гидротехникалық құры­лыстардың тапшылығына байла­ныс­ты да жағдай күрделене түсті. Бізге коммуналдық меншіктен бе­ріл­ген шаруашылық каналдардың ұзақ жылдар бойы жөнделмегенін де ескеруіміз керек. – Жайықтың саяздануы көптен бері айтылып жүр. Ресейден келетін су кеміп кеткен. Өзеннің түбі көрінбеу үшін алдын алу шаралары жасалынып жатыр ма? – Осы маусымда Батыс Қазақ­стан облысында судың аздығы бай­қал­ды. Жыл басынан бері Жайық өзе­нінен Жайық-Көшім жүйесіне жос­парланған көлемнің 40%-ы ғана кел­ді. Премьер-Министр А.Мамин­нің ресейлік әріптесімен жақында өт­кен кездесуі барысында Жайық өзе­ніндегі су тапшылығы мәселесі тал­қыланды. Осының арқасында Ре­сей тарапы бірнеше күн бұрын Ре­сей Федерациясы Орынбор об­лысының Ириклинск су қойма­сы­нан судың ағуын 20-дан секун­дына 50 текше метрге дейін арттырды. Бұл Батыс Қазақстан облысын су­мен қамтамасыз етуге жағымды әсер ететіні сөзсіз. Сондай-ақ Ресейден Батыс Қа­зақ­стан облысының аумағына Еділ суы­ның қосымша көлемін маши­на­лық жеткізуді ұйымдастыру жос­парлануда. Көріп отырғаныңыздай, өңір­лер­де вегетациялық маусымның өтуі оңайға соғып жатқан жоқ. Алай­да көптеген мәселе біртіндеп өз шеші­мін табуда. Вегетациялық маусым аяқталғаннан кейін жүйелі талдау жасалады. Сонымен қатар шаруа қожалықтарымен бірге суды аз қажет ететін, бірақ өнімділігі мол дақылдарды егу алаңын ұлғайту мә­селесін де қарастырамыз. Біз бұл жұ­мысты Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігі және облыс әкімдік­тері­мен бірлесіп атқарамыз. Бұл елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету ба­ғытындағы стратегиялық мәселе.  

Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН