«Әдебиет – ардың ісі». Солай болған, солай болады да. Қазақ әдебиетінің кешегісі, бүгіні туралы әңгіме көп. Ал ертеңі туралы бірнәрсе айта аламыз ба? Нұр-Сұлтанда басталған Азия елдері қаламгерлерінің І форумы осыны көздеп отыр. Форумның ашылу салтанатына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Азия әдебиетін одан ары дамытудағы негізгі басымдақтарды атауының сыры – осында.
Мемлекет басшысы Азия қаламгерлері форумы шығармашыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керегін ашып айтты. «Бұл – маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі», – деді Президент.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы алдағы уақытта Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды әдебиетін құру қажет екені туралы да ұсыныс айтты. «Бұл Азияның теңдессіз дүниетанымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзіне айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз. Осындай игі бастамаларды іске асыру жұмысы қаламгерлерімізді біріктіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шығарады деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев.
Ұлы даланың сан алуан мәдениет пен өркениеттің куәсі екенін айтқан Президент өз сөзінде: «Еліміз алып құрлықтың батысы мен шығысын, күнгейі пен теріскейін жалғаған тоғыз жолдың торабында орналасқан. Біз – бір кездері Ұлы түрік қағанатынан мирас болған түркілік тегімізді сақтай білген халықпыз. Бүгінгі түркі жұртының теңдессіз жетістіктері сол дәуірлерден қалған ұлы мұралармен тығыз байланысты. Азия – ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, кейін тарих қатпарына сіңіп қалыптасуына куә болған көне құрлық. Әрі араб, парсы, үнді. Қытай өркениеттері – адамзат тарихының ажырамас бөлігі. «Шығыс мәдениеттері сан алуан сипаттарына қарамастан өзара астасып жатыр. Азия халықтары өркениеттер қақтығысына ұшырамай, етене үндестікте дамуының басты сыры да – осында», – деді.
Адамзатты толғандырған мәселелер қаламгерлердің басқосуында айтылуы тиіс. Дәл осындай алаңдарда айтылмаса, мәселе шешімін таба ма? «Осы мақсатта Азия алыбы әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әдебиет алыптары үшін «Азия алыбы» сыйлығы қажет-ақ. Бірақ оған лайық шығарма бар ма? Қаламгерді осы сауал мазаласа керек-ті.
Батыс деген – батыс, шығыс деген – шығыс
Азия қаламгерлері жиылған форумға Азияның бірқатар елдерінен арнайы делегаттар да келді. Олардың арасында кореялық жазушы Ко Ын да бар. Қаламгер Азия әдебиетін жаһандық әдебиетке айналдыру үрдісі туралы сөз қозғады. «Азияның әр бөлігі – ол ел, мәдениет болсын, оның шынайы кескіні қалыптасса деген ойым бар. Азия әдебиеті жалғыз ғана планетарлық әдебиет емес, ол жаһандық әдебиетке айналуы тиіс» деді. Ко Ынның айтуынша, қазіргі әдебиет Азия төңірегінде даму үстінде. Ол «Азия әдебиеті – бүгінгі күннің әдебиеті ғана емес, ертеңнің де, яғни жаһанның әдебиетіне айналады» деген сенім білдірді.
Сахна төріне шыққан моңғол ақыны Г.Мэнд-Ооеоның сөзі жиылған қауымның көңілінен шықты. «Дүниежүзіне есімі мәшһүр, дана, жиһангер, ұлы суреткер, азиятанушы Николай Рерихтың бұдан 100 жыл бұрын жазған «Азия жүрегі» деп аталатын ғылыми-танымдық мақаласының әлқиссасында «Азияның жан тамыры тірі ме?» деген сауалы бар. Ұлы ғұлама бұл сауалды өзіне ғана қоюмен шектелмей, қазіргі Азия кіндігіндегі бізге арнаған өсиеті ме дерлік. Ол расында да Азия құрлығындағы күллі адамзатқа рухани азық боларлық сана мен пайымның теңдессіз құндылығы бір мүйісте жасырын сақталып жатуы мүмкін деп із кесті. Рухани ілім эстетикалық сабақтастық батыс пен шығыста ерекше етенелікпен шүйіркелесуі тиіс деп сенді. Өзара түсінушілік, береке-бірлік, жалпыадамзаттық есентүгел өмір, жалпығаламдық бейбітшілікті пір тұту мағынасы бойынша «Шамбала» ұғымын күллі адамзаттық таңданысқа қарай біршама икемдесе керек» деген ақын ары қарай «Шамбала» сөзінің төркінін түсіндіріп берді.
«Сөзбен тәпсірлеп сездіретін рухани сана немесе поэзиялық сілкіністің күшті түрені тықсырып жеткен кезде өзіңнен кейінгі барлық уақыт арнасында ой толқындарын өте көп уақыт бойы өзіне сақтап, мәңгі қалатындықтан, мыңдаған жыл бұрынғы өлең-жырлармен біз бірге жасасып, өткендердің жүрегінің соққанын да тыңдап жүрміз.
Біздің долбарымыздан да алыс аулақта жазылған бағзы Ведалардың үн әуендері тәңір текті рухани санадан, шуақты сүлдерлер арқылы өзге әлемнен түсірілген деген көзқарасты құптаймын. Орыстың әйгілі ақыны М.Лермонтов бірде: «Гомерден бұрын кім болды?» деп түрен көтерген деседі. Ұлы шығарма туар алғышарт, басты тұғырнама қалайда болуы хақ деген оймен Лермонтовтың сауалы туындаса керек. Солай болған. Азияда бар ондай гәп. Біздің эрамыздан бұрынғы екінші мыңжылдықта пайда болған Ведалардың ілімі, яғни поэтикалық жыр-дастандары соңыра «Махабкарата», «Раһамаяна» секілді ұлы эпостар арнасымен бізге жетті. Сондай-ақ б.з.б. ХІІ-ІХ ғасырлар аралық нанхнадтардың халық жырларын жинақтаған Күңзінің «Жырнамасы» – әлем халықтарының тұңғыш антологиясы болуы да мүмкін.
Ұлы түземдік көне көшпелілердің ұзын әуен үні – бүгінгі моңғолдың «ұзына әуен» делінетін әуезді өлеңдері немесе Азияның кейбір елдеріндегі, әсіресе, көне Алтай жұртының ерлік эпостары бағзы бұрынғы Гомердің заманында, тіпті одан да бұрын болғаны анық. Сонымен бірге, Парсының рубайлары, қазақтың халықтық толғау жырлары, моңғолдардың қос әуезі, әлемдік үш бәйіті, Жапонияның хайкуі, Орта Азияның ғазалы, Қытайдың цзы секілді поэзиялық көптеген әуезді құбылысты тек Азия ғана адамзатқа ұсына алды.
Үнділердің Галидасаны, Қытайдың Ли Бай, Ду Фүін, парсының Фердоуси, Омар Хайямын, моңғолдың Цоғт тәйкісі, Данзанравжаасы, Жапонияның Мацуо Баше, Такбоку, Тибеттің Цанянжамын, түркіменнің Мақтұмқұлы, қазақтың Абай Құнанбайұлы, Үндістанның Рабиндант Тагүрі секілді көптеген ақын даналарды адамзаттың құдіретті бау-бақшасына Азия ғана сыйлай алды» дейді ақын.
Қазір – ХХІ ғасыр. Бұл ғасырдағы Азия поэзиясының ықпалы қандай? Азия қаламгерлерін осы сауал мазалауы тиіс. «ХХ, ХХІ ғасырдағы Азия поэзиясының әлем әдебиетіндегі осы замандық орны ең әуелі аударманың сапасы мен баспаханалардың бизнестік мүддесіне байланысты болмақ. Өте баяу, тасбақаның аяңымен мимырттап келеміз» дейді ақын. Расында, Азия қаламгерлерінің әлем әдебиетінің жауһарына айналар шығармалары туралы сөз қозғайтын уақыт жетті. Ал мынадай мимырт аяңмен біз ол биікке жете аламыз ба? Мәселе – осында.
«Парсының данышпан ақыны Омар Хайямның бастапқы аздаған рубайлары осыдан 160 жыл бұрын Лондонда ағылшын тіліне тұңғыш рет сәтті тәржімаланғанымен оқырманға жету жолында ұзақ уақытты сарп еткені бар. Осыған қарағанда шалғай алыстағы ұлттың тілі мен мәдениеті, саналық сарындағы поэзиясы басқаның назарына ілігуіне, тәржімалануына, сараптама жасалуына, оқулықтар мен антологияларға қамтылуына, сол арқылы өзгені мойындатуға дейінгі аралықтарда кедергілерге ұшырап жүр. Азияның көптеген елдерінің ақындары осы жолмен келе жатыр» деген пікірді алға тартты моңғол ақыны.
Технология қарыштап дамыған заман. Өндірістену, қалаға үдере көшу, жаһандану секілді дүниелердің ығына қарай жығылып бара жатқан қоғамда әдебиет, мәдениет дейтін құндылықтар екінші кезеңге ысырылып қалып қоймай ма деген қауіп басым. Адамзаттың төл табиғилығы, тілі мен мәдениеті, жүрек қалауы дейтін ең нәзік шешімдері жойылып, адам компьютер-роботқа айналды. Поэзия құнсызданды. Проза әлсіреді. Құндылықтар құлдырады. Осындай қым-қуыт, қым-қиғаш заманда әдебиетті бойға сіңіріп өсіретін құдірет бар ма? Жоғалған тілдер. Жоғалған ұлт туралы жиі дабыл қағатын болдық. Әрине, мұның әдебиетке де әсері болмай тұрмайды. Қоғам нені қажет етсе, соны беруге дайын болу керек деген ұғыммен өмір сүретін болдық.
«Осынау қиын сәтте азиялықтар өз қолындағы бар мүмкіндігі бойынша әлемге бейтаныс поэзиясының құндылықтарын қалай ұлықтаудың жолдарын қарастыру керек секілді. Поэзияға орныға бастаған кедергілер Азияның поэзиясына жаңа жағдаяттарды ашуға игілігін береді. Бізді түпкілікті жаңа жігерлі талпыныстар күтіп тұр. Діни қасіреттер, көзқарас алуандығына қарамастан, азиялық руханиятты біртұтас бітімдеуге қатысты күш-жігер сіз бен біздің поэзиямызда түгел баршылық» деген ойын білдірді ақын. Әлем әдебиетіндегі Азия қаламгерлерінің алатын орнын, салмағын дұрыстап, бағамдап алмасақ, тағы болмайды. Адамзат өркениетінің «Антология» мәдениетіне Азияның да ұсынар жауһары көп.
«Батыс деген – батыс, шығыс деген – шығыс. Бір-біріне еш қарамайтын тұс...» деп Р.Киплинг емеурін білдірген уақыт тағы да сол баяғы Н.Рерих «Батыс пен шығыстың арасындағы қорған құлатылсын» деген-ді. Р.Киплингтің лепесін «өзара айырмашылық ерекшелігіне қарай сақтап қалу» деп жаймашуақтап, Н.Рерихтің ойын «бөлініп жарылмай, әлем әдебиетінің ұлы арнасындағы әсіре батысшыл үстемдікті өзгерту мағынасында түсінулеріңізді сұраймын. Азия әдебиетін қолдауға қатысты тиімді тәсілдер табу, айталық бір белдеулік қор құру арқылы тәржіма және таңдаулы шығармаларды насихаттау осы құрлықтағы елдердің өкіметтерінің міндеті болмақ. Қазақ елінің халықаралық әдеби қарым-қатынасын дамыту, қолдау жолындағы игілікті істеріне бек ризамыз! Азияның мәдени, рухани, текті білікті таңғажайып әлемін кемелдендіруші поэзиялық жаңа толқынды бастауға шақырамын. Сөзімді бастар алдындағы «Азияның жан тамыры тірі ме?» деген Рерихтің сауалына: «Иә, солай. Азияның жүрегі соғып тұр! Азияны жаңғыртып, дамытудағы рухани жаңа сапарымыз Азияның әдебиет әлеміне қарай шеру тартатын болады» деп сөзін аяқтады моңғол ақыны.
«Шығысым – батыс, батысым – шығыс боп кетті» дейді хакім Абай. Бүгінгі әдебиет батыстың да, шығыстың да рухани ғажайыптарын бойға сіңіріп, өз тамырыңнан алыстамау керек екенін бойға сіңірсе керек-ті.
Түркіге ортақ Қорқыт
Әзірбайжандық жазушы Анар Расул оглы Рзаевтың мінбердегі сөзі де орнықты шықты. Ол өз сөзінде: «Әзірбайжан мен Қазақстанның байланысы анау көне тарихтан басталады. Өйткені қазақпен дініміз де, тіліміз де ортақ. Бүгінгі заманауи заманда да өзара экономикалық байланысымыз нығайып жатыр. Міне, осындай үлкен шараның арқасында екі елдің достастығын одан әрі жақындата түседі деп ойлаймын. Біздің рухани байланысымызды ХІІ ғасырдан көруге болады. Мысалы, Низами деген ұлы ақынымыз қыпшақтың Афат аруына үйленген. Қалай ол арудан айырылды, ақынымыз «Сенсіз» деген үлкен повесть жазған. Еліміздің классик музыканты, кейін романс жазып, оны елімізге белгілі, танымал әнші Мүсілім Могамаев орындады. Тіпті ата-бабамыз Қорқыт та ортақ. Қорқытты тек Қазақстан емес, Башқұрт та, Ашхабад та, Түркия да еске алуда. Бұл – бәріміздің ортақ игілігіміз. Бұл – Әзірбайжанның, Түркіменстанның, Какавуздардың ата-тегі. Географиялық жағынан да жақындығымыз барын көрсеткен. Түркі әлемі елге біраз танымал тұлғаларды әкелді. Мысалы, түрікте – Юнес Эмре, өзбекте – Науаи, әзірбайжанда – Физули, түркіменде – Бахтонғали, қазақта – Абай бар. Бірақ түркі әлемінде Шекспирге тең келетін драматург жоқ. Әрине, Еуропаның Шекспир секілді белгілі тұлғалары жазған шығармалары үздік. Бірақ Манас пен Қорқыт жырына тең келетіні некен-саяқ. Сонымен бірге, Қорқыт шығармаларында көрсетілетін кейбір образдар Шекспирдікімен ұқсас. Оның оқиғалар желісі кинотуындыға сұранып тұрады.
Оған қоса, Қорқыттың бір жырының өзінде бір халықтың тағдыры жатыр. «Қорқыт ата кітабы» шығармасының өзі – жазба әдебиеттің ең құнды ескерткіші. Сондықтан эпостың көне жазушысы – Қорқыт. Өмірде менің бір ғана арманым бар. Бүкіл түркі жұрты бірігіп, Қорқыт ата жайында кино түсіргенін қалаймын», – дейді Анар Расул оглы Рзаев.
Катар жазушысы Моза әл-Малики «Әлем әдебиетіндегі Азия адамының образы» тақырыбын қозғауы керек еді. Жазушы әдебиеттегі әйел бейнесі туралы өткір-өткір мәселелерді айта алған жоқ. Бір жағынан бұған уақыттың тығыздығы да әсер еткен шығар.
Армения Ғылым академиясының Әдебиет институты директоры Вахтан Деврикян да әдебиет төңірегіндегі ойымен бөлісті. Оқырман дағдарысы бұл елді де айналып өтпепті. «КСРО заманындағыдай таралымдар бізде де жоқ. Оқырман азайған. Соған қарамастан әдеби үрдіс жалғасып жатыр. Басты мәселе, оқырманның сұранысын қанағаттандыратын шығарма жазу», – дейді Деврикян мырза. Вахтан Деврикянның айтуынша, Қазақстан мен Армения елінің арасындағы әдеби-мәдени байланысы еш уақытта үзілген емес. Елге белгілі тұлға Олжас Сүлейменовтен бастап, жас ақын-жазушылармен тығыз байланыста екен.
Соңғы он жылда елді елең еткізерлік шығарма жазылды ма?