Мәжіліс ел Президентінің Жолдауында қойылған міндеттермен үндес жаңа заң жобалары бойынша жұмысқа кірісті. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жаңа V парламенттік сессиядағы алғашқы жалпы отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылар алдында сөз алған Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысының сессия ашылуы рәсімінде жария еткен Жолдауындағы негізгі бағыттарға депутаттар назарын аудартты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген нақты міндеттер заң шығарушылық өрістегі жұмыстардың да негізгі басымдықтарын айқындайды. Мәжіліс депутаттары Жолдауды сапалы заңнамалық қамтамасыз ету үшін өз жұмысын күшейтуі қажет. Жаңа сессияда халыққа қажетті заңдар қабылдайтын боламыз. Осының барлығы, сөзсіз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған даму стратегиясын ары қарай іске асыру үшін тиімді ұстынға айналады, – деді палата спикері.
Осы жауапты міндетті абыроймен атқару үшін бүгіннен бастап белсене іске кірісу қажетін еске салған Н.Нығматулин, әсіресе, экономиканы жаңғыртуға, әлеуметтік ахуалды жақсартуға, бюджет және салық жүйелерін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, шағын және орта бизнесті қолдауға, экологиялық мәселелерге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Бұған қоса, Мәжіліс Үкіметпен және Есеп комитетімен тізе қоса отырып, бюджет қаржыларының өз орнына ұтымды жұмсалуына қол жеткізуі керек.
Палата басшысының байламынша, депутаттық корпус сондай-ақ мемлекеттік сатып алу үдерісін ретке келтіруге баса мән береді. Сот және құқық қорғау жүйелерін реформалауға заңнамалық қолдау көрсетеді. Парламентшілер адам зорлау, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы және басқа да ауыр қылмыстар, сонымен қатар браконьерлік үшін жазаны заң жүзінде қатайтатын болады.
– Президент бізге Үкіметпен бірлесіп, жер ресурстарын тиімді пайдалану тетігін әзірлеу міндетін қойды. Бұдан бөлек, цифрлы экономиканы, отандық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған заң қабылдауға тиіспіз. Бізді Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын даярлау жұмысы күтіп тұр, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Сонымен бірге, ол Мәжілістің бүкіл заң шығарушы жұмысы одан ары да жариялылық режимде, азаматтық қоғам мен ақпарат құралдары өкілдерімен өзара ынтымақтастықта жүргізілетінін мәлімдеді.
Н.Нығматулин осы сессиядан бастап Мәжілістің ресми сайтында бұрынғыдай тек палатаның жалпы отырысы ғана емес, сондай-ақ жұмыс топтарының, комитеттердің отырыстары да, қоғамдық маңызды жаңа заң жобаларының тұсаукесерлері де онлайн режимде, тікелей таратылатынын хабарлады.
– Алдымызда үлкен, салмақты міндеттер тұр. Біз олармен жедел түрде айналысуға тиіспіз! – деп нықтады палата спикері.
Күн тәртібіне сәйкес, жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Үкімет әзірлеп, енгізген 18 жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдап алды. Олардың көтеретін мәселелері негізінен Президенттің жаңа басымдықтарымен үндес келеді. Олардың қатарында «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» конституциялық заңға түзетулер, Ұлттық қордан алдағы үш жылдағы кепілдендірілген трансферттер, өңірлік бюджеттерге жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі және 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобалары бар. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» және оған ілеспе заң жобасы, еңбек, туристік қызмет мәселелеріне қатысты түзетулер және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерге қатысты қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Бақтияр Мәкеннің, Гүлнар Иқсанованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды. Ал партиялық тізіммен Nur Otan атынан жаңадан сайланған депутаттар Г.Әбдіқалықова, Н.Әшімбетов және Ж.Омарбекова ант берді. Бұл ретте Гүлшара Наушақызы Мәжіліс төрағасының ұсынысымен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болып сайланды.