Оралманда ой көп
Оралманда ой көп
487
оқылды

Кезінде түрлі нәубетке орай төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қазақтың ұрпағы түп қазығынан қара үзбей, тамырын тарихи Отанында жаюға тиіс. Әйтпесе, жыл өткен сайын шетелдегі, әсіресе, Батыстағы, Ресейдегі қандастардың ата салтын сақтауы, ана тілін ұмытпай, ұрпаққа табыстауы күрделеніп бара жатқаны құпия емес. Алыстағы ағайынды елге оралтудағы жетістігіміз қандай? Өкініші мен опынысы нешік?

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің де­регінше, 2019 жыл бастал­ғалы бері атамекенге қайтқан 10,7 мыңнан астам этникалық қа­зақ Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның азаматтығын қабыл­да­ды.

Көгілдір төлқұжаттың жаңа иелерінің көпшілігі елі­міз­ге Өзбекстаннан қоныс ау­да­рыпты, олардың үлесі – 48,5%.

Одан кейінгі үлес шығыс ел­деріне тиесілі: Қытай Халық Рес­публикасы – 36%, Моң­ғо­лия – 6,2%, Түркіменстан – 5,4%.

Ал солтүстік көрші Ре­сей­ден – оралмандардың тек 1,1%-ы, Ираннан – 0,5%-ы кел­ген. Бұл сандар қан­дас­та­ры­мыздың көшінің негізгі ба­ғыттары жөнінде хабар бе­реді.

Бұрындары оралған қа­зақтар қазақтілділер басым оң­түстік өңірлерді таңдай­тын. Қазіргі кезде ел Үкіметі солтүстік өңірлерді ұсынып, со­ларға барғандарға әлеумет­тік қолдау көрсетеді. Нәтиже­сін­де, шетелден келген этни­ка­лық қазақтар биыл, негізі­нен, Ақмола облысына шоғыр­лану­да екен (27%).

Үштікке қазағы басым Маң­ғыстау (14%) және Жамбыл (9%) облыстары кіреді. Сон­дай-ақ оралған ағайынды екі мегаполисіміз – Нұр-Сұлтан (8,9%) және Шымкент (8,5%) қа­­лалары да көбірек қызық­ты­ра­тыны белгілі болды.

Мұның бәрі – осы жылғы же­дел дерек. Ал Тәуелсіздік жыл­дарындағы жалпы көрініс қан­­дай? Ресми мәлімет бойын­ша, 1991 жылдан бас­тап бү­гін­ге дейін 307,3 мың отбасы не­месе 1,046 миллион шетел­дік қазақ тарихи мекеніне бет қойып, мемлекетімізде орал­ман мәртебесін алды.

– Қазақстанда қазір орал­ман мәртебесін алған этни­ка­лық қазақтарға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу үшін қолайлы жағдай жасалды. Бұл мәртебе тура 1 жыл бойы жарамды. Бірақ оны ұзартуға да болады. Мәртебені ұзарту тек жеңілдетілген тәртіппен аза­­маттық алу үшін ғана қа­рас­­тырылған. Ұзартқысы ке­ле­тіндер оралман мәртебесі тоқтатылған күннен бастап 6 ай ішінде өтініш беруі керек. Сонда ондай мәртебе 3 айдан ас­пайтын мерзімге тағы бе­ріледі, – дейді Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрінің орынбасары Ахма­ди Сарбасов.

Бұл жаңашылдық сана­ла­ды. Өйткені вице-министрдің айтуынша, кейбір оралмандар ұсынылған бір жыл уақыт ішін­де жеңілдетілген тәртіп­пен Қазақстан азаматтығын алмаған. Салдарынан, көгіл­дір паспортқа қол жеткізу мүм­кіндігінен айырылды.

Айта кету керек, осы орал­мандар алдынан тарс жа­был­ған есік енді қайта ашылып отыр.

– Осыған байланысты, Қа­зақстанның Тұңғыш Прези­ден­ті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтықты жеңіл­­детілген тәртіппен алуы үшін мұндай оралмандарға тиісті мәртебесін 2019 жыл­дың 31 желтоқсанына дейін ұзартып алуға мүмкіндік беру туралы шешім қабылдады. Осылайша, мәртебесін ұзарт­паған және одан айыры­лып қалған оралмандар оған қай­тара қол жеткізу үшін жер­гі­лік­ті атқарушы органдарға жү­гінулері қажет. Артынша Қа­зақстан азаматтығын же­ңіл­­­­детілген тәртіппен алу үшін ішкі істер органдарына құ­жаттарын тапсыра алады, – деді Ахмади Сарбасов.

2019 жылғы тамыз айының соңындағы жағдай бойынша Елбасының аталған қамқор­лық акциясы аясында еліміз бойынша 5 789 этникалық қа­зақтың «оралман» мәртебесі ұзар­тылыпты. Оның 4 909-ы қазақстандық азаматтықты алу­ға құжаттарын тапсырып та қойған.

Осыдан бірер жыл бұрын ел­дің батысында, бірқатар өңір­де болған бейберекетсіз­дік­тер мен ереуілдер орта­сы­нан атамекенге қайтқан қан­дастардың бой көрсетуі ке­сірі­нен шенеуніктер мен базбір сарапшылар оралмандарға «проб­леманың қайнар-көзі» ретінде қарап, теріс көзқарас туын­дады. Бұл тіпті сол кезде жыл сайын бөлінетін квота­ның қысқа мерзімге болса да жойылуына соқтырды.

Квота аясында отбасының әр­бір мүшесіне 35 айлық есеп­тік көрсеткіш немесе 88 375 теңге мөлшерінде бір реттік тө­лем төленеді. Бұдан бөлек, өзге де жеңілдіктер мен көмек­тер қарастырылған.


Мамандар өзге әлеуметтік, мә­дени, саяси ортада өскен адам қазақстандық қоғамның ерек­шеліктерін, өмір салтын қа­былдай алмаса, оны жатсы­нып, наразылық танытушы топтар қатарынан табылуы ық­тималдығын айтады. Осы мәселені ұзақ жылдан бері зерт­теп келе жатқан әлеумет­тану­шы ғалым Сұлтанқожа Әми­товтің байламынша, орал­мандардың әлеуметтік бейім­делуі аса маңыз­ды.

«Өзінің экономикалық жә­не әлеуметтік пробле­ма­ла­рын табысты шешу үшін оралман­дарға Қазақстанда жүріп жат­қан экономикалық процес­тер­ге кірігуге тура келеді. Соның арқасында олар бейімделудің барлық кезеңінен аз шығын­мен өте алады әрі Қазақ­стан­дағы экономикалық іс-қимы­лы­ның қисын-логикасын тү­зеді. Яғни, мамандар тілімен айтқанда, жаңа экономикалық ортаға ресоциализацияла­на­ды. Жаңа әлеуметтік-эконо­ми­калық ортаға тастай батып, судай сіңуі үшін оралмандар отандық экономикалық білім алуы қажет. Бұл үшін дәрістер, курстар, семинарлар, мем­ле­кеттік мекемелердің, банктер­дің және басқаларының ма­ман­­дарымен кездесулер ұйым­­­дастырылуы, олар бары­сын­да жергілікті экономи­ка­ның ерекшеліктері, бизнес жүргізудің қыр-сыры баян­далуы керек. Бұл іс-шаралар жүйелі негізде жүргізілуі, ең бастысы – сауатты әзірленген, түсінікті тілдегі әдістемелік базаға құрылуы тиіс» дейді С.Әмитов.

Атажұртқа қайтқан ағайын­дарға арналған ағарту жүйесі экономикалық және саяси мәселелер бойынша мей­лінше мол әрі жан-жақты ақ­парат беруге бағытталғаны жөн.

Әйтпесе, көп жағдайда оралмандар өмір шындығына толық сәйкес келетін өзекті ақпараттан мұқтаждық кө­ре­ді. Соның кесірінен қаржы жо­ғалтуға соқтыратын тосын, оғаш шешімдер қабылдайды.

Сондықтан оралман­дар­дың экономикалық интегра­ция­лануы, еңбек нарығынан өз орнын табуы – қазақстандық қоғамға кірігуінің басты фак­торы.

Азаттыққа қол жеткелі бері ата­жұртқа қайтқан мил­лион­нан астам этникалық қазақ арасында еңбек етуге жарам­ды жастағыларының үлесі 56,3%-ды құрайды. 18 жасқа толмаған балалардың үлесі – 39%. Ал зейнеткерлер – небәрі 4,7%. Демек, оралмандар де­мографиялық жағдайды кө­теруге, жұмыс күші көлемін арт­тыруға елеулі ықпал етуде.

Қазіргі кезде оралмандарға еліміздің кез келген өңірін өз бе­тінше таңдап, қоныстануға рұқ­сат етілген. Алайда ел Үкі­меті белгілеген облыстарға бар­са ғана олар квотаға іліге ала­ды.

Квота аясында отбасының әр­бір мүшесіне 35 айлық есеп­тік көрсеткіш немесе 88 375 тең­ге мөлшерінде бір реттік тө­лем төленеді. Бұдан бөлек, өз­ге де жеңілдіктер мен көмек­тер қарастырылған.

Бұған дейін Үкіметтің «Орал­­мандарды қоныстан­дыру үшін өңірлерді айқындау ту­ралы» 2014 жылғы 20 нау­рыз­дағы №248 қаулысына сәй­кес, квота сол кездегі Аста­на мен Алматыдан басқа бар­лық 14 өңірге таралатын.

Әйткенмен, 2019 жылы Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі бұйрығымен, оралмандарды қоныстан­дыру­ға арналған өңірлер саны бесеуге дейін азайтылыпты. Бұлар Ақмола, Шығыс Қазақ­стан, Қостанай, Павлодар жә­не Солтүстік Қазақстан об­лыс­тары болмақ. Осы арқылы орыс­тілділер басым өңірлер­дің қазақылана түсуіне ықпал ету де көзделуде.

Жаңа ортада адам өзін қо­лайлы сезінуі үшін жайлы бас­панасының болуы маңыз­ды. 2004 жылдың қаңтарына дейін оралмандарды мем­ле­кеттің өзі баспанамен қам­та­масыз етіп келді. Бірақ еліміз­де тұрғын үй бағасының қым­баттауына және сырттан келу­шілер қарасының көбеюі­не байланысты Үкімет заңға өз­геріс енгізіп, баспана беруді отбасының әрбір мүшесіне ұсынылатын төлемақымен ауыстырды.

Нәтижесінде, көптеген әлеу­­меттік зерттеу көрсет­ке­нін­дей, қандастардың бас­па­на жағдайы әр өңірде әртүрлі шешілуде. Қалаларда олардың үлкен бөлігі үй жалдап тұрса, қала шетінде немесе ауылдар­да біразы «времянка» атала­тын лашықта немесе қо­жа­йындары қалаға не өзге мем­лекетке көшіп, тастап кет­кен иесіз үйде тұрады.

Ғасырға жуық уақыт бойы берекесі қашып, бірлігі кетіп, жан-жаққа бытыраған қазақ халқы Тәуелсіздік арқасында бас біріктіріп, тағдыр тоғыс­тыру мүмкіндігіне ие болды. Төрт құбыласын түгел ету үшін бұл мүмкіндігін еліміз ары қарай да пайдаланбақ. Тек оны алда сапалы мазмұн­мен, лайықты тетіктермен то­лықтыру міндеті тұр.


Елдос СЕНБАЙ