Жем-шөпсіз мал басы өсе ме?
Жем-шөпсіз мал басы өсе ме?
293
оқылды

Қазақстан үшін агроөндірістік кешен – ел экономикасының маңызды секторының бірі. Ол – мем­лекеттің азық-түлік және экономикалық қауіпсіз­дігі­не кепілдік болатын сала. Ғалымдардың есептеуінше, Кеңес Одағы тұсында республикамыздың агроөндіріс саласы ЖІӨ-нің 26%-на дейін беріп отырған жылдар болыпты. Қазір оның мөлшері 5%-ға жетер-жетпес деңгейде.

Дегенмен ауылшаруа­шы­­лық өндірісінің 1%-ға ұлғаюы саладағы қайта өңдеумен ай­налысатын кәсіпорындарды айтпағанда ауылшаруашылық техникаларын жасау мен хи­мия өнеркәсібін дамыту ісін едәуір ынталандырды. Нәти­жесінде, өнеркәсіптегі өнді­рістің 4%-ға өсуіне жол ашып отыр. Ресми де­ректерге сүйен­сек, қазіргі уа­қытта респуб­ли­камызда өнді­ріл­ген ауылша­руа­шылық өнім­дерінің ша­ма­мен 80%-ы шикізат түрінде на­рыққа шығуда. Не­гізгі проб­лема қайта өңдеу кә­сіпо­рындарының өндірістік қуа­ты аз. Ал дайын өнімнің бә­се­кеге қабілеті төмен. Ішкі на­рықта азық-түлік импортының үлесі жоғары болғаны да осы себептен.

Қазақстан Тәуелсіздік алға­лы бері ішінде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінде 18 рет министр ауысыпты (төр­теуі саланы екі рет басқарған). Олардың ішінде кім жоқ дейсіз? Агроном, зоотехник, механик, экономист, заңгер және басқа да мамандар саланы басқарды. Кеткен министрлердің маман­дығында аса шаруамыз жоқ, жалпы дипломы басқа болға­ны­мен басқа саланы басқарып оты­ру – біздің қоғамда аса таң­сық та емес. Әйтсе де, олардың бас­шылығымен осы уақытқа дейін қаншама бағдарлама мен жо­баның жазылып, жария­лан­ғаны анық. Нәтиже бергені бар, қағаз жүзінде қалып кеткені де қан­шама?! Білетініміз бар­лы­ғына бюджеттен ауқымды қар­жы кезең-кезеңімен бөлініп, жұм­салып жатты.

Қаржы демекші, бұл сала да бюджет ақшасынан кенде қалып көрген жоқ. Соңғы бес жылда агроөнеркәсіпке бөлінген суб­си­дия көлемі екі еселенген. ­Был­тыр­дың өзінде ол сумма 46 млрд теңгеден асыпты. Алайда осыншама қаражатқа қарамастан, ет және ет өнім­де­рінің импорты ырыққа көнбей-ақ тұр. Мәселен, 2016 жылы сырт­тан келген жылқы еті 900 тон­на болса, 2018 жылы көрсет­кіш 2,5 есе өскен.

2011 жылы қабылданған «Ірі қара етінің экспортын дамыту» бағдарламасы бойынша Қазақ­стан 2011-2016 жылдары ара­лы­­ғында ет экспорты жөнінен үл­кен секіріс жасап, сыртқа 60 мың тонна ет сатады. Ал 2020 жылға қарай ол көрсеткіш жылына 180 мың тоннаға жетеді деген уәделі мәлімдемелер жасалған-ды. Алайда экспортқа арналған бұл жоспар орындалмады. Мемлекет бір ғана сиыр етінің өзінен ішкі қажеттілікті жабу көрсеткішіне толық жете ал­мады (2018 жылдың қорытын­дысы бойынша – 98%).

Бір қызығы, ет өндірісінің көрсеткіші бойынша дерек те түрліше кездеседі. Мысалға, Ауыл шаруашылығы министр­лігінің дерегінше, 2018 жылы ет экспортының көлемі 34,4 мың тоннаға жеткен (оның ішінде сиыр еті 18,8 мың тонна) болса, Ста­тистика комитетінің есе­бінде, былтыр экспорт көлемі 16,73 мың тоннаны ғана құ­ра­ған. Оның ішінде сиыр етінің көлемі – 3,66 мың тонна. Яғни, жоғарыдағы дерекпен салыс­тырғанда екі, бес есе аз.

Ел үкіметі етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту бағ­дар­ламасы арқылы 2027 жыл­ға де­йін мүйізді ірі қара басын 15 мил­лион басқа жеткізуді межелеп отыр. Ұзақ мерзімге бағыттал­ған жоба нәтижесін берсе, енді 8 жылдан кейін сиыр еті мен қой етінің экспортынан 2,4 млрд доллар табыс түседі деп күтілуде.

Алайда етті сыртқы нарыққа шығару оңай емес. Агроөнер­кәсіп саласында өнімнің өзіндік құны әлі де жоғары. Баға жанар-жағармайдан бастап, жем-шөп­ке дейін түгелдей өсіп жатыр. Тек шілде айының өзінде тауық еті 1,6 %-ға қымбаттаса, жылқы еті – 2,9%, қой еті 2,3%-ға өскен.

Ауыл шаруашылығы сала­сында көптеген сауалдың басы ашық қалып барады. Ең басты мәселе – қолдағы малға жем-шөп тауып беру қиынға соғып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда халыққа арнаған Жол­дауында да айрықша тоқталды. Үкіметке дамыған өнеркәсіп кешенін құруды тапсырған Президент: «Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі – аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ. Керісінше, фермер­лерге жем-шөп дайындайтын жердің жетіспеуіне байланысты болып отыр. Мал азығымен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайыздан төмен», – деп мал шаруашылығындағы ең басты мәселені айтты.

Шынында, елімізде мал азы­ғымен қамту көрсеткіші 58%-дың айналасында ғана. Мал азығы базасын құру көрсеткіші өте төмен. Соңғы жылдары төрт түлікті көбейтіп, ет экспортын дамыту мақсатында шетелден он мыңдаған асылтұқымды мал басын әкелгенімізбен, жем-шөп дайындау ісі толық шешілген жоқ. Құрғақшылық салдарынан жайылымдық жердің шөбі сұ­йылып, шабындыққа шөп шық­пай кеткен. Елімізде асыл­тұ­қымды түлік саны көбейгенімен, оларды азықтандыруға, күтіп-баптауға кететін шығын өзін-өзі ақтамай отыр. Естуімізше, елі­міздің оңтүстігіндегі тұрғындар малдың қысқы азығын дайын­даудың шығынынан қашып, Өзбекстан мен Қырғызстанға арзан бағаға сатып құтылуға асығып жатыр деседі. Демек, бі­раз жылдан бері шеттен мал ба­сын импорттап жатқанымыз іш­кі нарықтағы ет өндірісі проб­лемасын шеше алмай­ты­нына көз жетті. «Мал баққанға бітеді» деген халқымыз. Жем-шөбі же­тіспесе, мал басы да өспесі анық.


Пікір: 

Қанат МӘМИЕВ, 
ШҚО Аягөз ауданы «Жомарт» шаруа қожалығының иесі:


– Малды қыстан алып шы­ғу бізге қып-қызыл шы­ғынға түсіп отыр. Менің қожалы­ғымда 300 бас ірі қара, 250 бас жылқы бар. Қойдың ба­сын бір отардан қысқартып, 60-қа түсірдім. Өйткені, б­а­ғатын қойшы жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, қысқы шөбін тауып беру мұңға айналды. Биыл қолымда бар малдың қысқы азығына деп 1,5 мың руллон шөп түсірдім, әлі 4 мың руллондай шөп керек. Біздің өңірде қыс қатты. Желтоқсан айының орта­сын­да мал шөпке тұрып қалады да, сәуірдің басына дейін жайылысқа шыға алмайды. Шөптің шығымы жылдан-жылға азайып барады. Ша­бындықтан мол түсім түспе­гендіктен тау-тауды қуалап, қиырдағы жерден шөп таси­мыз. Солярка сатып алуға биылдың өзінде 1,5 млн тең­ге шығындалдым. Оның литрін 175 теңгеден аламыз. Жалпы, мал сатып алуға мем­лекеттен субсидия және басқа да жеңілдікпен бері­ле­тін қаржы көздері қарас­ты­рылған. Бізге керегі жем-шөп жинауға көмек. Жақында Президентіміз Қ.Тоқаевтың Жолдауында да осы мәселе айтылғанын естіп, көріп қуа­нып отырмыз. Алдағы уа­қытта Үкімет осы мәселені шешіп берсе, мал басын әлі де көбейтер едік.