Қазақстанның жетістікке жетуінің кепілі – ауызбіршілік пен қоғамдық келісім және сол арқылы қамтамасыз етілетін ұлттық сенім мен ішкі саяси тұрақтылық. Айта-айта, әбден құлақ сіңісті, бой үйреністі болып, мәні кете бастағанымен, шынында әлемдік алпауыттар билік еткен қазіргі заманда аз ғана халқы бар Қазақстанның күш-қуаты – ырысты ынтымағында. Сол арқылы еліміз бұдан да биік белестерді бағындыра бермек.
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің тұңғыш отырысы өтті. Жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елімізді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды пысықтау ісіндегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің рөлін атап өтті.
– Ұлттық кеңестің әрбір мүшесінің төл пікірі мен өзіндік ұстанымы бар. Бұл дамыған азаматтық қоғам үшін қалыпты жағдай. Ұлықтау рәсімінде айтқан: «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт. Шын мәнінде, баламасыз, бастамасыз және белсенділіксіз даму болмайды. Осы үш кит ілгерілеуді қамтамасыз етеді» деген сөзімді бәріміз негізге алуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол Қазақстанның саяси реформалары асыға-аптығусыз, ретсіз алға оза шабусыз, әбден ақылға салынып және біртіндеп жүзеге асырылатынын, олар өркендеуге және жемісті жұмысқа бағытталатынын қадап айтты.
– Кейде базбір ұрандар мен үндеулер өте тартымды көрінеді. Дегенмен олардың авторлары ел алдында ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Реформа үшін реформа – дағдарысқа бастайтын жол әрі мемлекетті басқарудан айырылуға әкеліп соғады. Ешқайсымыздың мұны қаламайтынымызға сенімдімін. Даму жүйелі әрі үдемелі болуға тиіс. Тек сонда ғана біз мемлекеттілігімізді сақтауға және нығайтуға бағытталған азаматтық әрі саяси парызымызды орындаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қ.Тоқаев мемлекетіміз үшін маңызды әрі тұғырлы мәселелер жөніндегі бірыңғай түсініктің маңызды екеніне екпін түсірді.
Сондай-ақ ол Қытайдан Қазақстанға өндірістердің көшірілетініне қатысты қауесеттерді жоққа шығарды. Сонымен қатар жердің шетелдік азаматтарға сатылмайтынын тағы да мәлімдеді.
– Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады немесе көрші елдің 55 ескі зауыты бізге көшіріліп, мыңдаған шетелдік жұмысшы тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Осындай алып-қашпа әңгімелерді көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін қарау мүдделеріне епті пайдалана білетін адамдар шығарады. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру. Сауатты пікірлер мен ұсыныстарға құлақ асып, назарға алу. Мен тағы да қайталап айтамын: жерді ешкімге де бермейміз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық, үздік стандарттар мен озық технология үшін ашық екенін жеткізе келе, барлық даулы мәселелер ымыра-консенсус арқылы шешілетінін ескертті.
– Қазақстанның қазіргі идеологиясында «халық жауы», «бесінші колонна», «ықпал ету агенттері» сияқты ұғымдар жоқ. Бұл – біз үшін жат нәрсе. Біз өз азаматтарымыздың адалдығы мен отаншылдығына нық сенеміз. Ұлттық тұтастықтың тағы бір тірегі – дамудың демократиялық үлгісіне берілгендік. Біз, ең алдымен, мемлекеттілігімізді нығайту миссиясын басшылыққа алып, өзімізге ұтымды ұстанымда қалуға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.
Оның байламынша, мемлекет өмірінің барлық саласын жаңғырту ісі дамудың стратегиялық мақсаттары және азаматтық қоғамның пікіріне талдау жасау негізінде жүзеге асырылады.
– Азаматтық қоғам өкілдерін ұлттық компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бақылау кеңестеріне, орталық мемлекеттік органдардың алқаларына қосу жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Бұл ашық болуға, соның ішінде, қоғамдық назардан тыс қалып келген квазимемлекеттік сектордың жариялылығына жол ашады. Ұлттық кеңестің мүшелері «Ашық әкімдік» тәжірибесін жаппай таратуды ұсынып отыр. Шындығында, басқару мәдениетінің жаңа стандартына көшуіміз керек. Осы орайда «Ашық әкімдік» жергілікті биліктің қоғам үшін қолжетімді болуына мүмкіндік береді, халық пен мемлекеттік қызметшілер арасындағы кедергіні жояды,– деді Қ.Тоқаев.
Ел Президенті саяси жүйені жаңғыртуды, сондай-ақ кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге тиіс әлеуметтік саясатты қайта жандандыру ісін жалғастыру қажет екенін нұсқады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің жұмыс топтары аясында Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларды егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды.
Жиында сөз алған «Қазақстанның Азаматтық альянсының» президенті Асылбек Қожахметовтің пікірінше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің іске кірісуі – Қазақстанның жаңа даму белесі.
– Бүгінде Мемлекет басшысының қордаланып қалған мәселелерді қоғам алдына шығарып, бірлесе шешуге шақыруы еліміздің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл – шын мәнінде маңызды әрі батыл қадам. Ел Президенті 2 қыркүйекте жариялаған Жолдауында еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаны іске асыру мүмкін еместігін айтты. Қашанда азаматтық қоғам – халықтың ең белсенді бөлігі. Ал партиялар – қоғамның ұйымдасқан бөлігі. Азаматтық қоғам партияларға қарағанда, билікке ұмтылмайды. Бірақ ол билік пирамидасына бақылау жасай алатын болса, онда халықтың белсенділігі, өзін-өзі басқаруға деген ұмтылысы артады, – деді А.Қожахметов.
Ол меморгандар, әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамды дамытуға жәрдемдесуі керек екеніне қатысты ұсыныс білдірді.
Қазіргі уақытта министрліктер мен облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктер жанында 229 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның мүшелерінің 75 пайызы – азаматтық қоғам өкілдері.
«Өкініштісі, министрліктер мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестер құрамы мен қызметінің мазмұны оларға жүктелген міндетке сай келе бермейді. Олар өз әлеуетін толық көлемде іске асыра алмай жатыр. Ұлттық кеңес осы қоғамдық кеңестерді шоғырландырушы әрі ынталандырушы құрылымға айналуға тиіс деп ойлаймын. Сондықтан жергілікті және аймақтық қоғамдық кеңестерден сол өңірдегі әлеуметтік хал-ахуалды біліп отыру үшін ұлттық кеңеске қоғамдық сараптамалар қажет», – деді Азаматтық альянс басшысы.
Ұлттық кеңестің (ҰҚ) Әлеуметтік-мәдени жаңғыру бағыты бойынша жұмыс тобының өкілі, қоғам қайраткері, «Қазақ үні» президенті Қазыбек Иса мемлекеттік тіл мәселесін көтерді.
– Ұлттық мүддені қорғауы тиіс Ұлттық кеңес ұлттың үні болып, ұлттық сенім кредитіне ие болады деген үміттеміз. Біздің тобымыздың 14 мүшесі бар. Олар – қазақ тілінің жанашырлары, ұлт зиялылары, қаламгерлер. Қазақ елінде ұлттық идеологияның кемдігі көзге ұрып тұр. Демек, ұлттық рухты көтеру – бүгінгінің ең маңызды талабы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Жолдауын жариялады. Оған сенім артқан елдің үміті ақталуда. Шешілмей келе жатқан мәселелердің шешімі айтылып, шегелей бекіткен Жолдау қалың бұқараның қолдауын иеленуде. Жолдау іс жүзіне асуы үшін не істеу керек? Қолдап қана қоймай, өз үлесімізді қосуымыз керек, – деді ол.
Қ.Иса Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы келелі, өрелі сөз айтқанына назар аудартты.
«Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келетінін, бұл үшін барлығымыз жұмыла еңбек етуіміз қажеттігін нықтады. Мемлекет басшысының мемлекеттік тілге баса мән беруі елдің ерекше ықыласын тудырды, оған ұлт зиялылары өз пікірін қосуда. Өйткені ұлттық мүддені қолдау мемлекеттік тілден басталады. Енді барлық жерде мемлекеттік тілді міндеттейтін «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауымыз қажет. Мемлекеттік тіл өз мәртебесін өзгемен бөліспей, жеке-дара иеленуі үшін Ата заңның 7-ші бабының 2-ші тармағын алып тастайтын уақыт жетті! Бұл халық талабын Қазақстан халқы ассамблеясы алдымен қолдауы тиіс, қоғамдық-саяси күштер, зиялы қауым түгел қайрат көрсетуі шарт», – деді ол.
Атап айтқанда, Конституцияның осы бабының 1-ші тармағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дегенімен, келесі 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған.
Ал саясаттанушы Саясат Нұрбек білім беру және еңбек нарығы мәселелерін өзекті деп есептейді. Ұлттық кеңес мүшелері де осы бағыттарда тиісті ұсыныстар енгізген.
– Бұл – біздің ескіден келе жатқан, созылмалы сипат алған институттық проблема. БҒМ мен еңбек министрлігі адами капиталды кешенді түрде дамыту түйткілдерін шеше алмай келеді. Біріншіден, білімге деген сұраныс ауқымды емес. Тиімсіз жұмыс орындары, тиімсіз әлеуметтік жұмыспен қамту сақталуда. Біздің топ осы мәселелермен кешенді айналыспақ. Екіншіден, білім беру жүйесі сол бұрынғыдай білім экономикасына арналған кадрларды дайындай алмауда. Қазақстанда жоғары білім жаппай сипат алды. Қазір ғана жоғары білім жүйесіне жүйелі көзқараспен қарай бастадық. Алайда университеттер жұмыс берушілердің талабына құлақ аспауда. Бизнестің 91 пайызы түлектер қажетті білім мен дағдыға ие еместігін айтады, – деді ол.
«Транспаренси Казахстан» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Марат Шибұтов бізге берген сұхбатында Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын Мемлекет басшысы қолдап отырғанын айтты.
– Бұл – өте маңызды. Біздің топ митингілер, жиналу бостандығы туралы, Парламент туралы, саяси партиялар туралы, сайлау туралы, ақпарат құралдары туралы бес заң жобасы мен екі тұжырымдаманы пысықтауда. Мәселен, БАҚ ұғымын нақтылау, жала жабуға қатысты журналистерді қылмыстық қудалауды тоқтату секілді мәселелер қаралады. Әрбір заң жобасы бойынша жеке топтар құрылады, жауапты меморгандар өкілдерімен, Парламент депутаттарымен бірге осы түзетулердің заңға енгізілуі бағытында жұмыс істейміз. Шерулер туралы жаңа заң қабылдануға тиіс, себебі, бұрынғысы түзетуге жарамайды, жаңасы керек. Яғни, Ұлттық кеңес аясында қоғамға үміт пен сенім құяр қадамдар жасалуда. Қазан-қараша айларында нақты нәтижелерге жетіп қаламыз деген ойдамын. Ендеше жыл соңына қарай өтеді деп күтіліп отырған Ұлттық кеңестің келесі отырысында не істелгені жөнінде нақты айта алатын боламыз, – деді М.Шибұтов.
Ол тұтастай алғанда, Парламенттің билігі күшейтілетінін, заңнама либерализацияланатынын, саяси жүйе ары қарай демократияланатынын жеткізді. «Мұны Мемлекет басшысының өзі қолдап отыр!» – деп түйді ол.
ҰҚ Саяси жаңғыру бағыты бойынша жұмыс тобының өкілі, саясаттанушы Айдос Сарым заңгерлер, саясаткерлер, саясаттанушылар секілді барлығы 15 адам кірген бұл топ біраздан бері қызу жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында қоғамдық белсенділермен кездескен екен. Баспасөзде, әлеуметтік желілерде, жұртшылық арасында айтылған көкейтесті мәселелерді жинап, құжат түрінде түптеп, ұсыныстарын кеңес хатшылығына табыстап та үлгеріпті.
– Шынын айту керек, еліміздегі саяси реформа деген тақырып айтуға оңай болғанымен, іс жүзіндегі әрекетке келгенде аса күрделі екені айқын. Қазақтың қызыл тіліне салсақ, екі күнде саяси реформа жүргізіп, үш аптада саяси жұмақ орнатуға болатын сияқты. Бірақ ақиқатына келсек, жұмыс тобы ішінде де қызу талқы жүрді. Кейбір мәселелерді тек дауыс беру жолымен шешуге тура келді. Яғни, ортақ мәміле, консенсустық ұсыныстар түзілді, – деді ол.
А.Сарым Ұлттық кеңестен үміт күтетіндер де, күдік қылатындар да қоғамда жетерлік екенін баса айтты.
– Үміт пен күдіктің арасын жалғау, көпшіліктің көңілінен шығу, «алаң да, алаң, алаң жұрттың» ойлағанын дөп басу, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», қиыннан қиыстырып, ұлттық және мемлекеттің даңғыл жолын іздеп, алтын ортасын табу – ел мұраты мен болашағын ойлаған, түсіне білген әрбір азаматтың борышы деп санаймыз. Әйтпесе, әлемде саяси реформа, саяси жаңғыру деген тіркестер сан мәрте сорақы, ұсқынсыз, бағытқа бұрылып, бұрмаланғанын да көрдік. «Осының бәрі де бос сөз» деп түкіргендер қатары жыл санап көбейіп келеді. «Шынайы реформа осындай болуы керек, осылай болмаса, бәрі де қараң» деп қатқан қағида дәрежесіне жеткізгендер де жоқ емес. Қоғам қалай әркелкі болса, билік іші де солай біркелкі еместігін де жақсы түсінеміз. Халықтың дүйім көпшілігі өзгеріс болса екен деп отыр. Дұрыс түсінсек, біздің жұмыс осы қарама-қайшы көзқарастар текетіреске түспейтін, елді шайқалтпайтын, мемлекетті мұқалтпайтын жолын табу, соны қоғамға ұсыну, – деді Айдос Сарым.
Топтың ғана емес, сондай-ақ Ұлттық кеңестің ар-абыройы мәселесі – негізгі, көкейкесті деген мәселелерді нақты анықтау, пысықтау, олардың шешу жолдарын іздеу, ұрыса-табыса отырып, түйткілдің түйінін тарқатудың сара жолын табу болмақ.
Ұлттық кеңестің бірінші отырысына қатысты пікір білдірген сарапшылар біріншіден, оның барысында қоғамды алаңдатқан, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер талқыға салынғанын атап өтеді. Ұлттық кеңес жұмысын ашық жүргізуге бағдарланған билік оның мүшелерінің көтеретін мәселелерін шектеген жоқ. Нәтижесінде, халықты мазалаған түйткілдердің кең ауқымы айқындалды. Осыдан-ақ биліктің аталған кеңесті көзбояу үшін құра салмағаны, ондағы талқылаулар бағытын өзіне қажетті әрі қолайлы арнаға түсіруге тырыспайтыны, өзіне керекті басымдықтарды таңбайтыны байқалды.
Екіншіден, сарапшылардың пайымдауынша, кеңес алғаш рет жиналғанына қарамастан, отырыстың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болды. Ешқандай техникалық ақаулар отырыс сәнін бұзбады. Сонымен бірге Ұлттық кеңес мүшелерінің толық қатысуы қамтамасыз етілді.
Оның үстіне алғашқы отырыс қарсаңында, Нұр-Сұлтан қаласында Президент Әкімшілігінің басшысы, Ұлттық кеңес төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаев жетекшілігімен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысына дайындық жөніндегі ұйымдастыру кездесуінің өтуі арқасында алдын ала бірлескен жұмыстың реті мен алгоритмі белгіленді, тиісті жұмыс топтары құрылды, шешімдерді әзірлеу үдерісі жолға қойылды. Осылайша, Ұлттық кеңес мүшелері алғашқы маңызды жиында ұйымдастырушылық және дайындық шараларына уақыт шығындамай, тікелей көкейкесті проблемаларды талқылауға кірісуге мүмкіндік алды.
Үшіншіден, ҰК-де халық атынан өкілдік етушілер қатары назар аудартады. Олардың арасында биік лауазымы болмаса да, абыройы жоғары, беделі биік, сөзі өтімді, ойы ұтымды тұлғалар – сарапшылар, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, қатардағы белсенді азаматтар бар. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңесі өкілдерінің қатысуы арқылы Ұлттық кеңестің өкілеттілігі кеңейтілді. Сөйтіп, бір жағынан, кәсібилігі мен біліктілігі анағұрлым күшейтілді. Екінші жағынан, ҰК-да өңірлер де маңызды рөл атқармақ.
Бұдан бөлек, әу бастан-ақ Ұлттық кеңеске сындарлылық, конструктивтілік тән екені аңғарылды. Пікірлері, ұстанымдары мен көзқарастары әралуан болғанымен, оның мүшелері бір-бірінің сөзін бөле-жармай, мұқият тыңдады, өзара сыйластық білдірді. Ұлттық кеңестің әр тобы өз араларынан екі өкілін бөліп, отырыста ортақ ұстанымдарын жария етуді соларға жүктеді.
Талқылау мәнді, мазмұнды, басыартық айғайсыз, популизмсіз өтті. Билік те, қоғам да өз ұстанымдарын айқындады. Бұл ретте диалогтың барлық тарапы конструктивті жұмысқа бағдарланғанын паш етті. Бірінші отырыстың өте маңызды қорытындысы да – осы! Себебі, Ұлттық кеңес бір-бірімен қабыспайтын, тіпті бір-біріне қарама-қайшы келетін идеологиялық ұстанымдардағы әртүрлі әлеуметтік, кәсіби топтар өкілдерінен құралған.