Дубай мен Тель-Авив тарихи келісімге келді
Дубай мен Тель-Авив тарихи келісімге  келді
195
оқылды
Дональд Трамп өз жазбасында: «Көпшілік бұл мүмкін емес дейтін. Бірақ бұл шын мәнінде тарихи кезең. Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу жолындағы мұндай ілгерілеу соңғы 25 жылда болмаған еді. Соңғы бейбіт келісім Иордания мен Израиль арасында ширек ғасыр бұрын бол­ған»  – депті. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама Трамптың сайлаушылар алдындағы ұпайын түгендеп беруі мүмкін.  Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да Трамптың сөздерін қолдай жөнеліп, «бұл тарихи күн» деп мәлімдеген. Естеріңізге салсақ, Израильмен бейбіт келісім араб елдерінің ішінде тек Мысыр мен Иордания арасында бар-тұғын. Келісімге сәйкес, Из­раиль Иордан жағалауының батыс жағындағы территорияларды аннексиялауды тоқтатып, елді мекендер салуды доғара тұрады. БАӘ басшылығы Израильмен арадағы қарым-қатынасты рет­теу келісімін «батыл қадам» деп бағалады. Жоспар бойынша, алда­ғы уақытта қос мемлекет өзара ық­палдаса отырып, бір-бірінің территориясында өз өкілдіктерін ашуы тиіс. Газа секторын бақылайтын ХАМАС ұйымы «АҚШ және Израильмен келісімге келген БАӘ палестиндіктердің арқасына пышақ сұқты» деп мәлімдеді. Иран билігі де бұл шешімді айыптады. Мәлімдемеде: «Иран Ислам Республикасының СІМ-і БАӘ мен сиониттік режим арасында орнатылып жатқан дипломатиялық қарым-қатынасты қолдамайды. Бұл Абу-Даби тарапынан қолға алынған стратегиялық қателік» – делінген. Құжатта «Зардап шеккен Палестина халқы мен әлемнің басқа да еркін халықтары Израилдің территорияларды оккупациялағанын және режим қылмыстарын ешқашан да кешірмейді» деп жазған. Палестина БАӘ-ден өз елшісін қайта шақырып алды. Бұл шешімді Палестина президенті Махмуд Аббас қабылдаған. Ал Бахрейн Израиль мен БАӘ арасындағы бейбіт келісімді қолдады. Халықаралық ұйымдардың ішін­ен БҰҰ басшысы алғаш­қылардың бірі болып мәлдімдеме жасады. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш БАӘ мен Израиль арасындағы келісімнің маңызына тоқтала отырып, «Таяу Шығыстағы қауіпсіздік пен бейбітшілікке оңтайлы әсер ететін кез келген шешімді қабылдайтынын» жеткізді. Бейбіт бастамалар Дональд Трамп­тың «Ғасыр келісімі» жобасын еріксіз еске түсіреді. Оған сәйкес, Трамп екі мемлекеттің – еврей мен палестин елдерінің құрылуын қолдаған еді. Бұл жоба бойынша, Иерусалим Израилдің астанасы болып қала береді, ал Палестинаның астанасы Шығыс Иерусалим болуы тиіс. Жоспарға сәйкес, Палестина өз территориясын екі есе көбейте алады. Бірақ ХАМАС ұйымы қарусызданып, Газа секторында халықаралық құжаттарға сәйкес, қару сақталмауы керек. Сондай-ақ бұл келісімге қол қойылса, Палес­тина тарапына 50 млрд доллар инвестиция салу жоспары бар. Десе де, бұл жос­пар шетелге ағылған палестин босқындарының мәселесін мүлдем шешпейді. Себебі 70 жыл ішінде қордаланған бұл түйткілдің басы ашық. Бұл жоспарды талқылауға Палестинаға 4 жыл берілген. Десе де, сарапшылар Трамптың бейбіт келісімдері «Израильдің мүддесіне ғана жауап беретінін» алға тартады.  

 Кәмшат ТАСБОЛАТ