Оқулықтағы қателікпен күрес: министр бұл проблеманы шеше ала ма?
Оқулықтағы қателікпен күрес:  министр бұл проблеманы шеше ала ма?
519
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл аса абыройлы қызметке сайланғаннан бері алғаш рет Қазақстан халқына Жолдауын жасады. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ел дамуына тірек болар негізгі салаларға қатысты ойы мен бастамаларын шегелеп айтты. Соның бірі – білім саласы. Әсіресе, біз соның арасынан оқулық мәселесін бөліп алып, жеке қарастырғалы отырмыз.

Оқулықтағы қателік мәселесі осыған дейін де талай рет ай­тылып, сынға қалып жүр. Бірақ содан түзеліп кеткен көшті тағы көрмейміз. Балаңыздың я неме­реңіздің мектеп кітабын асық­пай парақтар болсаңыз, өріп жүрген қателерді оңай табушы едіңіз. Бұл бір қарағанда болма­шы нәрсе секілді көрінер... Ал шындап қарасаңыз, шырқырап тұрып шаңын қағатын дүние екенін аңдайсыз. Онсыз да көп­теген салада кәсібилік, жа­уап­кершілік, сауаттылық деген қа­сиеттер қарасын көрсетпей жүр. Енді осы үш маңызды дүниені білім саласынан таппасаңыз, онда ұрпақ келешегі не болмақ? Ұрпақ білімі мен тәрбиесіне қалай болса солай қараған аға буынға не айтамыз? Президент Тоқаевтың өзі:

– Тағы бір өзекті мәселе, бұл – оқулық сапасының тө­мен­дігі. Оқушыларды сапалы оқу­лықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей мін­деті. Мұғалімдер мен оқыту­шылардың әлеуметтік жағда­йын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды, – деді өз Жолдауында.

Министрлік тізгінін ұстаға­нына аз уақыт қана болған Ас­хат Аймағамбетов те осынау күр­делі проблемамен күресе­тінін айтқан еді.

– Экспертиза процедурасы­на да айтар сын көп. Иә, бізде жақсы оқытушылар көп, бірақ әрбір жақсы оқытушы жақсы эксперт емес. Сондықтан кез кел­­ген мұғалім оқулыққа экспер­тиза жасай алмайды. Ал біз еш­қашан экспертиза жасап көр­меген мұғалімдерді жинай­мыз да, қолдарына кітап беріп экс­пертиза жасауларын сұрай­мыз. Қандай нәтиже алатының да белгілі. Жүйе дұрыс емес. Сапа­лы маман ғана эксперт бола алады. Біз соны қалыптастыруға жұмыс істейміз, – деген еді біраз уақыт бұрын министр.

Сондай-ақ министр әрбір мықты ғалым оқулық жаза ала­ды деген тұжырыммен де ке­ліспейді. Себебі, оқулық жазу – монография жазу емес. «Оқулық жазудың өз заңдылығы мен та­лабы бар. Сол себепті, бізге автор­ларды да бөлек дайын­дауға тура келеді», – дейді ведом­ство басшысы.

– Оқулықтардағы қателікті біреулер техникалық деп айтып жатыр. Қалай болғанда да, бұл – қателік. Мәселен, физика оқу­лы­ғындағы тапсырма мен соңын­дағы жауабы мүлде сәйкес кел­мейді. География оқулығындағы картада да қате өріп жүр. Ағыл­шын тілі пәні кітабында да со­лай. Қазақшаға дұрыс аударыл­маған, – деген министр оқулық басып шығару жүйесін түбе­гейлі өзгертуге білек сыбана кірісетінін ашық мәлімдеді. Осы орайда әлеуметтік желіні де бір шолып шықтық. Белгілі журна­лист Серік Әбікенұлының пікірі көзге бірден ілінді.

«Білім министрі ауыса сала оқулық сынау әдетке айналды. Жаңа министр Асхат Аймағам­бетов қателерді тізіп: «Мұндайға жол берілмеуі керек. Бала­ла­рымыз осындай аудармалармен оқуға мәжбүр. Жыл сайын бір қателік қайталанып келеді. Бір басқан шоқты қайта айналып басамыз. Қашан бітеді бұл? Оқу­лықты асығыс дайындау деген жүйелі проблемаға айналды» депті. Ел «енді дұрысталар», – деп үміттеніп жүр.

Мұның алдында А.Сәрін­жіпов:

– Қазақ тіліндегі оқулықтар кемшілігінің екі тобын көрсе­туге болады. Біріншісі – мәтінде теориялық материалдардың ба­сым болуы, оқулық мазмұ­нын­да оқушылардың функцио­налдық сауаттылығын қалып­тастыруға бағыт болмауы. Екін­шісі – ғылыми терминдерде бірізділіктің сақталмауы, – дегенде де үміттенгенбіз.

Оның алдында Жансейіт Түймебаев:

– Оқулық мәселесі – тек қана орта білім саласы үшін ғана емес, кәсіптік-техникалық, жо­ғары білім саласы үшін де өте маңызды мәселе. Бұл іспен біз арнайы айналысудамыз. Көп­те­ген шаралар қолдандық. Экс­порт­тық комиссиялар құрып, барлық пәндер бойынша жұмыс істедік. Өкінішке қарай, осы ке­зеңге дейін жазылған оқулық­тардың жалпы санының ішінде сапасыз жазылғандар жеткілікті болып отыр, – дегенде де үміт­тендік.

Сапалы оқулық шықса ми­нистрлік қарамағындағы күзеу-түзеу, автор алмастыру, қайта шығарумен миллиардтар шы­ғындатып отырған «Оқулық» орталығының, «аннан қашқан, мыннан қашқан» авторлардың шатпағын басып, облыстардан ақша отап отырған баспалардың бизнесі тоқтап қалады. Сон­дықтан Асекеңнің ол салаға қаншалықты тісі өтерін уақыт көрсетер», – дейді журналист.

Кітап жазу мәселесімен бел­сенді айналысқан Болат Қаб­ланбековтің айтуынша, оқулық бизнесі айналасындағы тамыр-таныстықты жеңе алса, кешенді проблемалар өздігінен шешіл­мек. Ұстаз «Назарбаев Зият­кер­лік мектептері» дербес білім беру ұйымында біраз уақыт жұмыс істеген.

– Өзім білетін физика пәні бойынша, 7 және 8-сыныптарға арналған оқулықтардан үлкен ақауларды көрдім. Мысалы, «20 метр биіктіктен құлаған дене жер бетіне қандай жылдам­дық­пен түседі?» деген есеп берілген. Біріншіден, бұл – 7-сынып бағ­дарламасынан тыс есеп. Мұ­ғалімге арналған нұсқаулықта оның жауабы 20 м/с деп дұрыс көрсетілген. Сосын қосымша сұрақ берілген: Осы биіктіктің тең жартысындағы дененің жылдамдығы қандай? Автор 20 м/с жартысы, яғни 10 м/с деп жа­уап келтіреді. Дұрыс жауа­бы – 14 м/с шамасында. Автор­дың келтірген жауабы өрескел қателік, – дейді ол.

Болат мырза тізбелеп берген тағы бір қолайсыз жағдай – оқу­лықтың әу баста орыс тілінде жазылатыны.

– Тағы бір сорақы жағдай – оқу­лық жазған алты автордың ішінде сол процеске мүлде ара­ласпаған адам да бар болып шық­ты. Оған «оқулықтың мына тұс­тарын түзету керек екен» деп ха­барлассам, оның жауабы «Рен­жімеңіз, ол жерде менің аты-жөнім ғана жазылған, әйт­песе онда жұмыс істеген жоқ­пын. Менің орныма мына кісі істеген. Содан сұраңыз» деп сіл­тейді. Ал не дейсіз? Сосын оқулықтардың көбі орыс тілінде жазылып, сосын қазақ тіліне аударылады. Осы орталықта жұмыс істеп жүрген кезімде авторлар құрамын іріктеу мүм­кіндігі туындады. Сол кезде ар­найы конкурс жариялап, қа­зақтілді мұғалімдердің көбірек құрамға іліккенін қаладым. Іріктеп, авторлар ұжымын жа­сақ­тап та шыққанмын. Өкінішке қарай, жұмыстан шығып кетіп, ол бастамам аяқсыз қалды, – дейді Болат Қабланбеков.

Маманның айтуынша, оқу­лық білім беру бағдарламасына сүйене отырып жазылатын­дық­тан, аталған бағдарламаны жыл сайын өзгерте бермеу де өте маңызды. Ал бізде әр жыл сайын аз да болса өзгеріс енгізіледі, эксперимент жасалады. Бұл оқулық процесіне де кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Республикалық Qazbilim орталығының дирек­торы Аятжан Ахметжанның сөзінше, бізде авторлар оқулық жазуға хобби ретінде қарайтын деңгейге түсіп кеткен.

– Қазір оқулық жазу автор­дың басты жұмысы емес, қо­сымша табыс көзіне айналған. Университетте, мектепте сабақ беріп жүрген әртүрлі авторлар бірігіп, бірі – Атырауда, бірі – Алматыда отырып, оқулық жа­зады. Ондай оқулық сапалы шығады деп ойламаймын. Ал негізгі проблема бір оқулықтың айналасында бірнеше мекеме жұмыс істейді. Авторлар ұжы­мы, баспа, бағдарламасын да­йындайтын Алтынсарин атын­дағы ғылым академиясы, оқу­лық сараптау департаменті де­ген сияқты. Енді оқулықтан қа­телік шықса, осы бес мекеме бір-біріне лақтыра салады. Мұн­дай жүйе қаржылық мәселеге жауап бермеуге, жауапкер­ші­лік­тен құтылуға өте қолайлы, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Жоғарыда оқулыққа сарап­тама жасауға қатысты министр­дің пікірін даралап берген едік. Енді соған орай, сарапшының да көзқарасын қосақтай кетсек.

– Оқулыққа сараптама жа­сау­ға да өте аз уақыт беріледі. Са­раптама жасаушы ұстаздар­дың да қаламақысы өте төмен. Шамамен 200 беттік оқулықты бастан-аяқ оқып, сараптап шы­ғу үшін 10-15 мың теңге мөл­шерінде алады. Мұны са­раптама жасау орталығына ба­рып, сұ­рас­тырған кезде білдім. Әрине, мұндай ақша алып отыр­ған адам жұмысқа тым үстірт қа­райды да, тезірек бітіруге асы­ғады. Содан келіп, сапа жо­ға­лады, – дейді Болат Қабланбеков.

«Қазіргі тағайындалған ми­нистрді ұзақ уақытқа, жоқ де­генде 4-5 жылға қалдырса деп ойлаймын. Бастаған бастама­ларын аяғына дейін жеткізсін. Министрді қайта-қайта ауыс­тыра берген соң, сынап та үл­гермейсің», – дейді маман. Ал Аятжан Ахметжанұлының ай­туынша, министр көп нәрсені шешуге белсенді. Бірақ оқулық проблемасының ауқымы тым кең деген пікірде.

– Ол – тендерлік мәселе. Сон­дықтан бұл жердегі басты мә­селе – мұны реттеуге министр құзіретінің жету-жетпеуінде болып тұр. Егер министр шын­дап кіріссе, онда біраз қаржылық топтар ақшасынан айырылады. Міне, сондай топтардың қысы­мына министр дайын ба, оны билік қорғай ала ма деген дүние өте маңызды, – дейді ол.

Жалпы, оқулық проблема­сының тамыры тым тереңге жа­йылған күрделі мәселе еке­ніне көз жетті. Әлдеқашан. Бірақ шынын айтайық, осыған дейінгі білім саласының басшыла­ры­ның ешқайсысы осы түйінді тар­қатуға аса қатты ықылас та­нытқан жоқ. Министрдің бо­йын­да сондай ықылас пен тал­пы­ныстың болмауы да аса қор­қынышты негізі... Ал жаңа ми­нистр оқулық қателіктерін жоя­мын, оқушы сөмкесін же­ңілдетемін деп отыр. Сарапшы айтқандай, уақыт берелік, қоғам боп атсалысайық. Сонда бір нәтиженің төбесі көрінер.