Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру жөніндегі шараларға арналған актив жиыны өтті.
Актив жиынына төрағалық еткен аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Президент Жолдауындағы негізгі бағыттар мен міндеттеріне тоқталып, аймақта атқарылуы тиіс шараларды айқындап айтып жеткізді.
– Күні кеше ел өміріндегі аса маңызды оқиғаның куәсі болдық. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Президентіміздің тұңғыш Жолдауы екенін ескерсек, мұны өзіндік терең мәні бар, қоғамның әр кездегі басым сұранысын сипаттайтын айрықша мағынасы бар жаңа құжат деп атауға болады. Яғни, билік пен қоғамның, мемлекет пен халықтың қатынасы, байланысы қалай құрылады – бұл еліміздің даму перспективасын айқындайтын шешуші факторға айналғалы отыр. Мұндай диалог – тек рухани сала, идеология емес, экономика, әлеуметтік даму, құқықтық қорғалу, басқа да бағыттарды қамтитын аса ауқымды құбылыс. Жолдаудың негізгі бес бағыты да осыны көрсетеді. Айта кетейін, бұл басымдықтар бойынша бұрыннан жұмыстар жүргізілуде. Алайда осы үдеріске тың серпін беріп, жаңа сапалық деңгейге көтеру қажет – Жолдау осыны көздейді, – деген аймақ басшысы Н.Ноғаев жергілікті деңгейде қандай жұмыстар атқарылуы тиісін саралап жеткізді.
Активте алдымен Партия құрылысы үдерісін жалғастыру туралы айтылды. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты жаңа бағдарламасы партия мүшелерінің алдағы жұмысында маңызды бағыт болып табылады. Бұл ел дамуындағы кезекті нақты қадам және партияны халықпен өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы Н.Ноғаев халықпен тиімді кері байланыс орнатуда бірқатар жетістік барын айтты. Ақиқатында, аймақтар бойынша халыққа жақын болуды алғашқы болып қолға алғандықтан, әкімдік құрылымдарымен күнделікті режимде әлеуметтік желілердің тікелей эфирлерінде, телеграмм каналдарда тұрғындардан түскен сауалдарға, ұсыныс-пікірлерге жедел жауап беруді ұйымдастыруда жақсы көрсеткішке ие болуда.
Экономиканы әртараптандыруға көшетін уақыт жетті
Аймақ басшысы Н.Ноғаев облыс экономикасында шешуші рөл атқарып отырған тау-кен өнеркәсібінің, әсіресе, мұнай, газ өндірісінің маңызын ешкім жоққа шығармайтынына тоқталды. Алайда жергілікті атқарушы органдар үшін басымдық – шағын және орта бизнесті дамыту, өңір экономикасын әртараптандыру, әсіресе, шикізат өндіруден тыс салаларды дамыту. Болашақта олар халықты жұмыспен қамтудың, табысын өсірудің негізгі көзіне айналуы тиіс. Қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыра отырып, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік бар.
Соңғы 3 жылдың жалпы өңірлік өнім көлеміне тоқталған аймақ басшысы облыстың жалпы өңірлік өнімі 2019 жылдың 1 тоқсанында 2 053,7 млрд теңгені құрағанын айтты. Республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыстың үлес салмағы – 15,6 пайыз.
– Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде төрт жылда іске қосылған және іске қосылатын жобалар ауыл шаруашылығы, машина жасау, құрылыс индустриясы, мұнай-газ өңдеу және өзге де өнеркәсіп салаларына тың серпін береді. Үшінші бесжылдықтың негізгі мақсаты – отандық кәсіпорындарды экспортқа бағыттау. Кәсіпорындарды экспортқа бағыттау бойынша мемлекеттік қолдау құралдары бар. Соны кеңінен насихаттап, кәсіпкерлердің назарына жеткізу қажет, – деген аймақ басшысы Н.Ноғаев осы сала бойынша жауапты орынбасарына және Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысына жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Қала мен ауылды дамытудың берік негізі болатын тиімді шағын және орта бизнес саласына тоқталған аймақ басшысы бұл салада жұмыс істеуге ниеттінің көптігіне тоқталды.
Елімізде 2020 жылдан бастап, микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату туралы заңнамалық өзгерістер енгізіледі. Бұдан басқа микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салынады деп күтілуде. Бұл кәсіпкерлерге үлкен қолдау болары сөзсіз. Міне, осыны тиімді қолдану – әр бизнесменнің міндеті.
Kazakh Invest ҰК АҚ, «Атырау Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және Atyrau Innovations ЖШС келген инвесторларға сапалы және жедел көмек көрсетіп келеді.
– Инвестициялық қызметке байланысты проблемаларды жедел шешу үшін Атырау облысы әкімдігімен «Инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі» өңірлік кеңес құрылды. «Бүгінгі таңда ақпараттық-мониторингілік бойынша 2019-2024 жылдарда әр салада жалпы құны 1,4 трлн теңгені құрайтын 11 жоба іске асырып, 2 200-ден астам адамды жұмыс орнымен қамтуды жоспарлап отырмыз.
Қатерлі ісік ауруын алдын алу мақсатында жапондық технологияларға негізделген медициналық орталық құру бойынша келіссөздер жүргізбек ойымыз бар, – деген аймақ басшысы Н.Ноғаев «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Атырауда агроөнеркәсіптік саланы дамытуға болады
Елімізде агроөнеркісіпті дамытуға басымдық беріліп жатыр. Аймақ басшысы Н.Ноғаев «Қатаң табиғат жағдайына қарамастан, Атырау облысында ауыл шаруашылығын дамытуда әлеуетіміз мол екеніне көзіміз жетіп отыр. Бүгінгі күннің міндеті – тиімсіз тұстарынан арылып, агроөнеркәсіп кешенін заманауи талаптарға сәйкестендіру. Сондай-ақ бұл жұмысты өңірде шағын және орта бизнесті дамытудың құрамдас бөлігі ретінде қарастыру қажет. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді пайдаланылуы айрықша назарда болуы тиіс», – деді.
Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көп көлемде жеміс-жидек ағаштарын егуге тілек білдіруші көбейіп келеді. Аймақ басшысы оларға жер телімдерін бөлуді, мемлекеттік қолдауларды түсіндіріп, жан-жақты көмектесуді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына, Атырау қаласы және аудандар әкімдеріне тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей отырған жерлерді анықтап, оларды кері қайтару, қайта айналымға енгізіп, нақты жұмыс атқаратын шаруаларға беру жұмыстарын ұйымдастыру да тиісті құрылым басшыларына тапсырылды.
Еңбекке қабілетті адамдар еңбек етсін
Еңбекақы төлеу деңгейін арттыру мәселесі – өте маңызды, себебі ол халықтың басым көпшілігі үшін негізгі табыс көзі болып табылады. Атырау сияқты индустриалды аймақта бұл көрсеткішті жақсартуға резерв бары сөзсіз.
Әлеуметтік қолдау жүйесін одан ары дамыту мәселесіне тоқталған өңір басшысы мұндай жұмысты нақты қажеттіліктерге бағыттауды тапсырды.
– Бірден айта кетейін, мемлекеттік қолдау масылдық пиғыл туындатпауы керек. Мемлекет тек шын мәнінде мұқтаж жандарға көмектесуі тиіс, ал еңбекке қабілетті адамдар еңбек етуі қажет, – деді Н.Ноғаев.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Шапкеновке атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар ішіндегі еңбекке жарамды азаматтарды жұмысқа тарту, еңбек етуге ынталандыру жұмыстарын жандандыруды, қала, аудан әкімдерінің бұл бағыттағы қызметтерін үйлестіріп, мәселелерді шешу тапсырылды.
Актив жиынында білім, денсаулық салаларының сапасын көтеру мақсатында атқарылыуы тиіс тапсырмалар жүктелді.
Президент Жолдауында мәдениет қызметкерлерін қолдау қажеттігі жөнінде айрықша атап өтті. Атырау облысында 1 862 мәдениет саласының қызметкері жұмыс істейді. 2019 жылы мәдениет саласына бөлінген бюджеттік қаражат – 11,5 млрд теңге. Бұл қаражат Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыстағы кітапханаларды, музейлерді жаңғырту, олардың қызметіне жаңа цифрлы заманауи мүмкіндіктерді кең қолдану және тарту жұмыстарын енгізіп, дамытуға жұмсалары сөзсіз. Қазір жергілікті атқарушы билік қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары аясында мәдениет қызметкерлерін пәтермен қамтамасыз ету мәселесін зерделеуде.
Аймақтың қуатты күші бәсеңдемеуі қажет
Аймақ басшысы Н.Ноғаев баяндамасында жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталып өтті.
Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін бағалаудың өзіндік қағидалары бар. Ол жүйе әлі де жетілдірілмек. Ең бастысы, қағида халықтың жағдайына байланысты бағаланады.
Жолдауда Президент жалпы сипаттағы трансферттерді бөлуде әр өңірдің экономикалық белсенділігін есепке алу, өңірлердің даму ерекшелігін ескеру қажетін атап өтті.
Бұл – экономика бойынша көш бастап тұрған Атырау үшін жағымды жаңалық.
Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша салықтық түсімдер (корпоративтік табыс салығы) өңірлердің құзырына беріледі. Бұдан Атырау облысының бюджетіне 2020 жылдан бастап 29,4 млрд теңге түседі деп болжануда. Облыс басшысы осындай мүмкіндікті өңірді дамытуға неғұрлым тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.
Атырауда тұрғын үй құрылысы жалпы инфрақұрылым қарқын алып отыр.
Бүгінгі күні облысымызда «Нұрлы жер», «7–20–25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары ойдағыдай іске асып жатыр. Облыс әкімдігі тарапынан «7–20–25» және бағдарламалары шеңберінде жеңілдікті ипотека бойынша бастапқы жарналарды жартылай субсидиялаудың тетіктерін іске қосу бойынша жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарнаны әлеуметтік қолдау үшін 1 млрд теңге қарастырылды.Бүгінгі таңда аталған бағдарламалар арқылы үй алуға мүмкіндік барын насихаттау жүйелі жүргізіліп отыр.
Президент Жолдауында айтылған экологияны жақсарту, қоршаған ортаны сақтау жұмыстарын жандандыру қажетін атап көрсетті.
– Мемлекет басшысының сөзіндегі мына бір тұсына ерекше назар аударғым келеді: «Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. Мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін», – деді Президент. Бұл барлық билік органының, соның ішінде, жергілікті атқарушы органдардың басты ұстанымы болуы тиіс. Әрине, бұған дейін де белсенді қызмет еттік, ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірақ өмір деген – ұдайы қозғалыс, ұдайы өзгеріс, сәл саябырсыған көштен қалып қояды. Кеше тиімді болған нәрсе бүгін ескіріп қалады, бұрын адамдарды риза қылған жетістік қазір халықты қанағаттандырмайды. Түптеп келгенде, негізгі мақсат сол – халықтың тұрмыс деңгейін, өмір сапасын ұдайы арттыру. Сондықтан заман ағымына сай біз де өзгереміз, қызметіміздің тәсілдері, басымдықтары өзгереді. Бұл біздерден, алдымен, мемлекеттік қызметшілерден әрдайым жаңашыл, ізденісте болуды талап етеді. Президентіміздің «Сындарлы диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» Жолдауы жақын перспективадағы басымдықтарды айқындап берді. Соған орай Атырау өңірінде қай бағытта, қалай жұмыс істеуіміз керек, қандай міндеттер тұр – анық бағдар бар, – деген аймақ басшысы Н.Ноғаев халық пен билік өкілдерін мүмкіндіктерді пайдаланып, қажырлы еңбек арқылы мақсаттарға жетуге шақырды.
Активте сөз алған Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру үшін ауданда мол мүмкіндік барын айтты. «Ауданның жерасты қазба байлықтарын, ауыл шаруашылығына, логистика мен туризмге қолайлы жерін пайдалана отырып, кәсіпкерлікті дамытуды қолға алдық. Индерде тұз зауытын кеңейту жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін жүз елуге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын нысанға жергілікті жастарды тартқымыз келеді. Туризмді дамыту үшін «Тұзды көл» басынан шипажай, қонақүй салу жоспары бар.
Белоруссиялық инвесторлармен цемент өндірісін қолға алу жөнінде келіссөздер жүргізілуде», – деп іргелі ауданның болашағы үшін атқарылатын жұмыстарды саралап айтып берді.
Жиында сөз алғандар Президент Жолдауында халықтың игілігі үшін жасалуы тиіс тапсырмалардың қамтылғанына ризашылықтарын білдірді.
Сайып келгенде, біздің көз жеткізгеніміз Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын тапсырмалар тиянақты орындалса, ел дамуында жаңаша дүмпу болады. Ал оған еліміздің доноры болып отырған Атырау облысы қомақты үлес қосатыны айқын.
Атырау облысы