«Асыл Арна» жаңа маусым шымылдығын ашты
«Асыл Арна» жаңа маусым шымылдығын ашты
418
оқылды

Малайзия, Түркия елдерімен бірлескен жобалар да әзірлену үстінде

«Асыл Арна» телеарнасы жаңа телевизиялық маусымның тұсауын кесіп, журналистер мен арнайы қонақтар назарына «Үлкен үй» телехикаясы жаңа маусымының көрсетілімін ұсынды.

«Үлкен үй» сериалы соңғы 2-3 жыл бойы арна эфирінен тұрақты түрде көрсетіліп, өз көрерменін тапқан туындыға айналды. Арнаның Youtube-тегі каналында да аталған сериалдың әр бөлімі миллионнан астам көрілім жинаған. Ауыл адамдарының қоңыр тіршілігі мен түрлі тұрмыстық қызықтарды арқау еткен, сол арқылы өмір шындығын шым-шымдап таныта білген сериал енді әрі қарай жалғаса түспек. Осы жазда Түркістан облысында түсірілім жұмыстары жүргізіліп, 20 серия таспаланған. Қазіргі уақытта монтаждау жұмыстары толық аяқталыпты.

WhatsApp Image 2019-09-05 at 12.27.36.jpeg

– Адамдар сериалдың жалғасқанын қалаймыз, күтіп жүрміз деп толассыз хаттар жолдады. Бір жағынан қазір отандық арналар түрлі сериалдар түсіріп жатыр. Яғни, өзара бәсекелестік те бар. Сериал түсіру біздің де концепциямызға сәйкес келетін болған соң жалғастыру керек деп шештік. Актерлерге келер болсақ, бұрынғы құрамды негізінен сақтап қалдық. Дегенмен осы жолы бірқатар жаңа актерлер де қосылды. Олардың да осы сериалдың атмсоферасын ұнатып, шынайы, беріле ойнағаны қуантады, – дейді телеарна директоры Мұхамеджан Тазабеков.

Арна басшысының айтуынша, жаңа маусымда бірқатар жаңа жобалар ел назарына ұсынылмақ. Малайзия, Түркия елдерімен бірлескен жобалар да әзірлену үстінде.

– Эфиріміздің 30-40 пайызы діни-ағартушылық жобаларға берілсе, қалған бөлігі отбасылық құндылықтарға, салт-дәстүрге, ұлттық қарым-қатынасқа негізделген. Асханадағы тамақ жасаудан бастап қамшы өруге дейінгі аралықта көрерменге ұлттық дүниелерді насихаттауға тырысамыз. Тағы бір жаңалық – осы жолы тікелей эфирді көбейттік. Өйткені елімізде отбасы проблемалары ушығып тұр. Соған дәнекер болатын, сүбелі сөз айта алатын азаматтарды шақырып, қысқа-нұсқа сұхбат форматында тілдесетін боламыз, – дейді арна директоры.

Ал, көпшілік асыға күткен «Үлкен үй» телехикаясы 9 қыркүйектен бастап көрерменге жол тартпақ. Сериалды белгілі режиссер Мақсат Оспанов түсірсе, сценарийін Мұрат Есжан жазған.