Коронавирусқа қарсы тегін дәрілер қайда кетті?
Коронавирусқа қарсы тегін дәрілер қайда кетті?
фото: ашық дереккөз
287
оқылды
Қазақстанда тура бір ай бұрын коронавирусты емдеудің клиникалық хаттамасына өзгеріс енгізілген болатын. Оған сәйкес, амбулаториялық деңгейде, яғни, үйде ем-дом алатын науқастарға бес препаратты тегін тарату қарастырылған. Алайда ол дәрі-дәрмек емханаларға әлі түспеген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Маусымның соңында денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова коронавирус инфекциясын емдеуге арналған клиникалық хаттаманың 10-шы редакциясына өзгеріс енгізілгенін мәлімдеді. Оған сәйкес, амбулаториялық деңгейде COVID-ті емдеуге "Гидроксихлорохин" мен "Лопинавир"/"Ритонавир" препараттарын қолдануға рұқсат берілді. Алайда екі аптадан кейін, яғни 15 шілде күні бірлескен комиссия емдеу хаттамасына тағы түзету енгізіп, жаңағы үш препаратты алып тастады. Себебі шетелде бұл дәрілерді коронавирусқа қарсы қолданған тиімсіз деген қорытындыға келген. Дегенмен, бірлескен комиссияға кіретін кәсіби клиницистер мен дәрігерлер хаттамаға амбулаториялық деңгейде, яғни үйде коронавирустан емделу үшін дене қызуын басатын дәрілер мен инъекциялық емес антикоагулянттарды қосты. Министрлік осы препараттардың тізімін де жариялаған болатын. Олар - "Парацетамол", "Ибупрофен", "Ривароксабан", "Апиксабан" мен "Дабигатран". Бұның бәрі үйде емделетін науқастарға тегін берілуі керек. Ал барлық шығын медицининалық сақтандыру қорының есебінен өтеледі. Денсаулық министрлігінің бүгін ғана жариялаған мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде ауруханаларда  3 289 науқас ем-дом қабылдауда. Ал амбулаториялық деңгейде 16 452 адам емделіп жүр. Сонда коронавирустан үйде емделіп жатқандардың саны бес есе артық болып тұр. Демек, клиникалық хаттамаға енгізілген тегін препараттарды алатын науқастар көп. Бірақ ол дәрілер емханаларға әлі келмеген. 29 шілде күні денсаулық вице-министрі Людмила Бюрабекова тегін берілетін бес препараттың он күннің ішінде жеткізілетінін жариялады. "Науқастар амбулаторлық деңгейде бұл дәрілерді тегін алуы үшін бірқатар құжатқа өзгеріс енгізілді. Хаттамаға жаңа қосылған препараттарға бүкіл өңір өтінім берді. Қазір бірыңғай дистрибьютор сатып алу процедурасын жүргізіп жатыр. Он күннен кейін дәрі-дәрмектер коронавирустан амбулаторлық деңгейде емделіп жатқан пациенттерге қолжетімді болады", - деп жазды Бюрабекова өз парақшасында. Алайда он күннен кейін, яғни 7 тамызда ол дәрілер емханаларға түспеді. Сөйтіп, тағы бір жеті өтті. Осы аптаның басында денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет жұмаға қарай 1 миллион пациентке жететін бес тегін препараттың барлық емханаға жеткізілетінін айтты. "Егер вирус жұқтырғаныңыз анықталса, бұрынғыдай дәріхана жағалап жүрмей-ақ қойыңыз. Барлық емханада қажетті дәрі-дәрмек бар және тегін беріледі", - деді Қожахмет орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. "СК-Фармация" компанияның баспасөз қызметі ұсынған ақпарат бойынша "Ибупрофен" мен "Дабигатран" деген препараттар жеткізілді. "Парацетамолды" сатып алу шаралары жалғасуда. Ал "Ривароксабан" және "Апиксабан" астанаға келесі аптада келеді. "Алайда "Ибупрофен" және "Дабигатран" емханаларда болуы тиіс. Себебі дәл осы препараттарды басқа аурлар үшін де пайдаланады. Сондықтан емхананың қорында болса, оны коронавирустан емделіп жүргендерге де беруге болады. Мәселе мынада, коронавирус бойынша сатып алулар бөлек жасалады. Содан емханалар арнайы партияларды күтіп отырады. Оған қарамау қажет. Резервте болса, тарата беру керек", - деді компанияның баспасөз хатшысы Іңкәр Мирьякупова.