Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі бірқатар лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды ұсынды.
Кеңес «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді деген қорытындыға келді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атап өткеніндей, «Еңбек» бағдарламасы 2017 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақытқа дейін 1,3 миллион азамат бағдарламаға қатысқан. Оның ішінде, 40 пайызы – жастар.
– Үш жылда кәсіпкерлікті дамытуға 186 миллиард теңге бөлінген. Осы бағытқа 39 мың несие берілді. Несие алушылардың 63 пайызы – тұңғыш рет кәсіп ашқандар. Бағдарлама аясында субсидия беру арқылы 414 мың жұмыс орны ашылған, – деді министр.
«Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыс жүйелі жүрген. Соған қарамастан, «Еңбек» бағдарламасын іске асыру барысында көптеген келеңсіздік, оның ішінде жемқорлық сипатындағы заңбұзушылықтар да болған.
Кеңес мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменованың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асқан 3 жыл ішінде 88 жемқорлық қылмысы әшкереленген. Оның ішінде, 56 қылмыстық іс cоттың қарауында. Сонымен қатар бағдарлама аясында 180 несие берілген. Жарты миллиард теңгеге жуық қаржыны бағдарламаға қатысушылар жеке басының мақсатына пайдаланған.
– Сонымен бірге 6 миллиардқа жуық теңге нарықта сұраныс жоқ мамандарды оқытуға жұмсалған. Бағдарлама аясында оқыған 80 мың адамның бар-жоғы 23 мыңы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Кәсіпкер ретінде тіркелмеген және салықтық төлемдер бойынша қарызы бар азаматтарға сомасы 1,3 миллиард теңге болатын несие бөлудің 750 дерегі анықталды, – деді Бақытгүл Хаменова.
Жиын соңында кеңес мүшелері еңбек нарығындағы сұраныс пен қаржылық мүмкіндікті ескермей, деректерді бұрмалау арқылы қол жеткізіліп отырған деген қорытынды жасады.
Талдау нәтижесінде, «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға тиісті қадағалаудың аздығы да себеп болып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша келеңсіздіктерді жою мен жұмысты жақсартуға қатысты Еңбек министрлігіне бірқатар ұсыныс жасады.
Атап айтқанда, бағдарлама аясында жастардың тәжірибе алу мерзімін 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту ұсынылды. Партиялықтар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға ерекше көңіл бөліп, олар үшін грант бөлу ережесін қайта қарауға баса назар аударды.
– Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттардың көлемі 200 АЕК-ке дейін ұлғайды. Табысы аз отбасылардың осы санатқа жататыны мәлім. Алайда грантпен алынатын сома отбасының жалпы табысын санау кезінде есепке алынатындықтан, АӘК алушылар гранттан бас тартуда. Осыған орай, отбасының жалпы табысын санағанда бизнесін жолға қойып алғанға дейін грант сомасын кіріс ретінде есептемеу керек. Сонда олар АӘК-тен айырылып қалмайды, – деді Омархан Өксікбаев.
Сонымен қатар Кеңес Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жахановты, Түркістан облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваны, Шымкент қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Ерболат Әбілхатинді партиялық және тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралды.
Майра БАҚЫТ