Мәскеуге сапар жасаған Елбасы Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер өткізді. Кремлдегі кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екі елдің өзара ынтымақтастығының негізгі қырларын талқылады.
– Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы өзгеге үлгі-тағылым етуге тұрарлық. Мұндай байланыс көптеген елге өнеге. Мен өзара іс-қимылдың осындай деңгейге жетуі үшін бар күшімді салдым. Біз сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық одақ құрдық. Ол табысты дамып келеді және барлық мүше елге пайдасын тигізеді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Ол Ресей президентін Мәскеу қаласы мейрамымен құттықтап, жетістіктер және Ресей астанасының гүлдене беруін тіледі.
– «Мәскеу қаласының күні» мерекесіне шақырғаныңыз үшін рақмет. Мәскеу баршамызға өте жақын. Ерте жастан бастап осында келіп, оқыдық және жұмыс істедік. Қызмет еткен жылдардың бәрінде «Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі» халықтарымыздың достығын нығайтуға өз үлесін қосқанын атап өткен жөн. Сондай-ақ келесі жылы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге арналған мерейтойлық парадқа шақырғаныңыз үшін алғысымды білдіремін. Соның қарсаңында сол сұрапыл соғыстағы жеңіске адамдардың бірлігінің арқасында қол жеткенін атап өткім келеді, – деді Н.Назарбаев.
Өз кезегінде Ресей көшбасшысы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің екіжақты қатынастарды қалыптастыру және дамытудағы ерекше рөлін атап өтті.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бізге мереке күні келгеніңіз үшін рақмет. Сіз Қазақстан-Ресей қатынасын орнатушысыз. Бұл байланыстар гуманитарлық, әскери салаларда, әскери техникалық ынтымақтастықта одақтастықтың бұрын-соңды болмаған ең жоғары деңгейіне жетті, біз толағай табысқа қол жеткізе алмайтын қызмет саласы жоқ. Сізді көруге әрқашан қуаныштымыз және жеке байланыстарымыздың жалғасып жатқанына қуаныштымын, – деді Владимир Путин.
Кремлдегі келіссөздер аяқталғасын Елбасы Ресей басшысы Владимир Путинмен бірге «ВДНХ»-дағы қалпына келтірілген «Қазақстан» ұлттық павильонын аралап көрді. Павильонға кіреберісте қонақтарға арнап, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының хоры мен балет труппасының орындауында «Ел Салтанаты» вокалды-хореографиялық композициясының көрсетілімі ұйымдастырылды.
Бұған қоса, павильон қонақтары табиғи және экологиялық таза өнімдер мен ұлттық тағамдар ұсынылған қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерінің көрме-жәрмеңкесін қарап шықты.
Бірегей көрме кешенінің экспозициясымен танысу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин павильонның «Құрметті қонақтар кітабына» жазба қалдырды.
Сонымен қатар мәртебелі меймандар халқымыздың тарихи-мәдени мұрасына арналған Қазақстанның Ұлттық музейінің көрмесін тамашалады. Көрмеге біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VI ғасырларға жататын 30-дан астам бірегей экспозиция қойылған.
Елбасы сондай-ақ мемлекетіміздің Ресей Федерациясындағы елшілігіне арнайы бас сұғып, қазақстандық дипломаттармен әңгімелесті.
– Сіздер ең үлкен елде қызмет етесіздер. Жауапты жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, ол елшілік жанындағы қазақстандық-ресейлік қатынастардың тарихына арналған музейдің экспозициясымен танысты. Музей екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға 25 жыл толуына орай ашылған. Музейдегі мультимедиялық терминалдар мен фотостендтерде қос көршінің мемлекетаралық қатынасының қалыптасуы мен дамуының толық құқықтық және статистикалық базасы көрініс тап-қан.
Н.Назарбаев Ресей басшысымен бірге Мәскеу қаласының 872 жылдығын мерекелеу салтанатының ашылу рәсіміне қатысты.