Олимпиада ойындарының үш дүркін жүлдегері, Лондон олимпиадасының чемпионы шығысқазақстандық даңқты спортшы Ольга Рыпакова партия көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуда.
Ольга Сергеевна кәсіби спортпен қатар қоғамдық қызметті де бірге алып келеді. Бүгінде ол Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. Партиялық жобаларды іске асыруға үнемі белсенді қатысуымен қоғам назарына ілінуде.
Бүгін партияның Өскемен қалалық филиалында Олимпиада ойындарының чемпионы кандидат ретінде тіркелді.
– Праймериз өткізу ережесіне сәйкес партия тізімінде әйелдердің үлесі 30 пайыздан, ал жастар 20 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік. Еліміздің дамуын нығайтатын азаматтардың қатарында болғым келеді. Сондықтан мен праймеризге қатысу үшін өтініш бердім, – деп атап өтті осыған байланысты Ольга Рыпакова өзінің Instagram-дағы жеке аккаунтында.
Қазіргі таңда партияда 295 бастауыш партия ұйымына біріктірілген 60 592 адам бар. Дауыс беруге 61 894 адам қатыспақ, оның ішінде Jas Otan жастар қанатының мүшелері – 1302 адам.
Айта кету керек, праймериздің алғашқы күні партияның Шығыстағы аумақтық филиалдарында 70-тен астам өтініш келіп түсіп, оннан астам үміткер тіркелді.
Дәурен Аллабергенұлы,
Шығыс Қазақстан облысы