Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов айтты.
«Қазіргі таңда «Еңбек« бағдарламасына байланысты 176 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Президентіміздің тікелей тапсырмасына сәйкес, бағдарламаға қосымша 50 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаның бірінші бағыты оқу мәселесін қамтиды. Әрине, біз өзіміздің азаматтарымызды кәсіптік біліммен қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінгі күні аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардан шыққан балалар ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары оқу орнына түсе алмай қалса, біз оларға кәсіби білім беру мақсатында техникалық және кәсіптік білім беретін боламыз. 1 қыркүйектен бастап іске асады. 20 600 адам қабылдады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.Оның айтуынша, бағдарламаның келесі бағыты қысқа мерзімді оқытуды көздейді. Бұл ретте 3-6 ай аралығында азаматтарға кәсіптік білім беріледі. Қазіргі уақытта 11 мың азамат оқуға жіберілген. Олардың 700-і оқуын бітірсе, 200-ден астам тұрақты жұмыс орнына орналасқан. Айта кетерлігі, кәсіптік білім алып шыққан бұл азаматтардың барлығы міндетті түрде жұмыспен қамтылатын болады.
«Бағдарламаның келесі бағыты - шағын несие немесе гранттар. Осы орайда айта кетерлігі, шағын несие мен гранттарды алатын азаматтарымызды «Бизнес бастау« бағдарламасы бойынша оқытамыз. Биыл 30 мың адамды оқыту жоспарланған еді. Бүгінде 23 мың адам оқыды. Оның ішінде 18 мың адам өз бизнес жоспарларын қорғап шықты. 7 мыңға жуық адам шағын несиелерін алды. Шағын несие алған 5 800 адам 6200 тұрақты жұмыс орнын ашты. 17 200 грант берілді. Негізгі жоспарымыз - 23 600. Бұл жұмыс жыл бойы ары қарай жалғаса береді және тұрақты бақылауымызда ұстаймыз», - деді вице-министр.