Лукашенко армияны халыққа айдап сала ма?
Лукашенко армияны халыққа айдап сала ма?
213
оқылды
Росгвардияның ұрыс тех­никасына ұқсас, бірақ мем­нөмірлері және тану белгілері алып тасталған жүк көліктері Беларусьті бетке алған. Бұл ақпаратты Conflict Intelligence Team (CIT) зерттеу тобы да, ресейлік ақпарат құралдары да, сондай-ақ оған куә болған тұрғындар да растап отыр. Олар­дың айтуынша, Псков бағытында шамамен 30-40 жүк көлігі және оларды сүйемелдеген бірнеше әскери жол талғамайтын көлік кеткен. CIT бағалауынша, оларға кем дегенде 600-дей жауын­гер мініпті. РФ Батыс әскери округі «интернетте жарияланған суреттегі техника үлгілері өз қарамағында жоғын» мәлімдеді. Зерттеу тобы әскери колон­налардың Беларусьтен 83 ша­қырым жердегі Смоленскіге қарай беттегенін хабарлады. Google Streetview түсірілімдері мұны растайды. Бұл оқиға 16 та­мызда тіркеліпті. Осының алдында, 15 тамызда Беларусь президенті Александр Лукашенко өзін тақтан тайдыруға тырысушыларға доқ көрсетіп: «Сырттан әскери қатер төнетін болса, еліміздің қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге Ресей жан-жақты көмек көрсететінін» мәлімдеді. Дегенмен ресейлік күштер революция жағдайындағы бұл елге одан бұрын кіріп алған деген ақпарат айтылуда. Мысалы, белорус жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Светлана Алексиевич республикадағы нара­зылық акцияларын басуға, қар­сыласушыларды қуып тара­туға ресейлік күш құрылымдары қатысқанын мәлімдеді. Ол жер­гілікті ОМОН қаталдық таныт­пайтынын, себебі белорустар – бейбіт халық екенін, адам өлтіруге бара алмайтынын алға тартты. Сондықтан сырттан арнайы мақсаттағы мобильді жасақ шақырылған көрінеді. Ресми органдар, әрине мұны растамады. Дегенмен белорустың бірнеше арнайы жасағының сардары мен сарбазы жұртшылық жағына шығып, көшеде қалқандарын лақтырып, оқ өтпейтін кеудеше­лерін шешіп тастағаны рас. С.Алексиевич ресейлік ар­найы жасақтың қатысқанын дәлел­дейтін айғақзаты жоғын, бірақ өзі соған сенімді екенін жет­кізді. Беларусьтің оппозициялық саясаткері Анатолий Лебедько да осындай пікірде. 11 тамызда NEXTA Live оппозициялық арнасы билікке қарсы шыққандарға көлігінің дыбыстық дабылын басып, қолдау көрсеткен қыздарды «ресейлік спецназ жасақшылары» шашынан сүйреп, машинасынан суырып алып жатқаны туралы ролик жариялады. Осы мемлекеттегі бас көтеру­лер 9 тамыздан бері үздіксіз жалғасуда. Азаматтардың үл­кен бөлігі Александр Лукашенко 80 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жеткен президенттік сай­лаудың ресми қорытындысымен келіспейді. Билік алғашқы кезде көшедегі шеруді резеңке оқ, шоқпар, суатқыштар, жас ағызатын газ, жарықты-шу­лы гранаталар көмегімен тара­тып, қатыгездік танытты. Дабылдаған көліктерді атқылау кезінде олардың бірінде отырған бүлдіршінге оқ тиіп, қанға бөккені анықталды. Шерушілер қатарынан екі адам қаза тапқан. Осыдан кейін билікті қош­тамайтындар саны күрт өсті. Мысалы, Лукашенконың жақ­тастары өткізген шеруге 70 мың адам келген, ал президентке қарсы шеруге 200 мың халық жиналды. Ал наразылық шаралары әскери қимылдарға ұқсап кетті. Ашынған адамдар өздерін қудалаған тәртіп сақшыларына қарсы файерлер, Молотов коктейлін қолданған, кірпіш, тас пен қыштақталар лақтырған. Беларусь көшелерінде қан төгілді, іс басындағы президент күн сайын легитимділігін, заң­ды билігін жоғалта бастады. Сарапшылардың байламынша, ең басты мақсат – елде азаматтық соғыстың басталуына жол бермеу. Егер Ресей әскері енгізілетін болса, оған жол бермеу қиынға айналады. «Соңғы күндері Лукашенко қару күшімен басып алынған ел билеушісіне ұқсап барады. Оның режимі институцияланған әлеуметтік шиеленіс жағдайына көшті. Бұл жағдайда режимнің басты мақсаты экономиканы көтеру, егемендікті нығайту, саяси жаңғыру, тәуелсіздікті қорғау емес, кез келген тәсілмен билікті сақтап қалу және соған наразы азаматтарды қудалау болады», – дейді саясаттанушы Александр Баунов.  Беларусьтің іс басындағы президенті ұзақ жыл бойы өзін азаттық қорғанындағы азамат ретінде көрсетіп келді. «Мен үшін ең қасиеттісі – тәуелсіздік» дейтін ол. «Егемендік ешқашан сатылмайды» деді таяуда. Сонау Ельцин тұсында Ресей мен Беларусь бір одаққа бірігіп, ортақ валютаға көшуге келіскен-тін. Алайда Александр Лукашенко мұны Ресейден жеңіл кредит, арзан мұнай мен қуат ресурстарын алуға ғана пайдаланды, одақ идеясын ілгерілетпеді, ортақ валютаны ақыры қабылдамады. Қырымды Ресейдікі деп мойындамады. Үнемі Украинаны жақтап сөйледі. Сайлау қарсаңында ол Вагнердің жалдамалы жасақшылары қа­тарына кіретін 32 ресейлікті ұстап алып, сайлау кезінде аран­датушылық жасамақ болды деп айыптады. Ресейлік Яндекстің филиалын бұғаттады. Ресеймен шекарасын жауып тастады. Осы ауанда егер А.Лукашенко өз халқына қарсы әскер қолданса, оның үстіне Ресей әскерін пай­даланса, бұл ұлтқа жасалған сатқындық және қастандық болып есептелер еді. Сонда белорус халқы оны одан бетер жек көріп кетпек. Халықаралық қауымдастық Беларусь президентінің толқыған халыққа қарсы Қарулы күштерді қолдану туралы мәлімдемесін салмақты қабылдады. Amnesty International арнайы үндеу жариялады: «Саяси қарсыластарға қарсы армияны пайдалану – ақылға сыймайтын және жауапсыз қадам. Ол трагедияға соқтыруы мүмкін. Беларусь билігі мұндай идеядан шешімді түрде бас тартуы тиіс», – дейді халықаралық құқық қорғау ұйымы. АҚШ бастаған Батыс елдері мұндай жағдайда Беларусь басшылығындағы тұлғаларға қарсы қатаң санкция енгізетінін мәлімдеді. Қалай болғанда, қазақстандықтар да Еуразиялық одаққа мүше осы елдегі ахуалға алаңдай қарап отыр.  

АйханАйхан ШӘРІП