Праймеризді ұйымдастыруға қатысты мәселелер талқыланды
Праймеризді ұйымдастыруға қатысты мәселелер талқыланды
276
оқылды
18 тамызда Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаевтың, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, блогерлердің және т.б. қатысуымен «Еліміздегі әлеуметтік-саяси жағдай. «Nur Otan» партиясының праймеризі елімізде эволюциялық өзгерістер жасауға бағыт» тақырыбы аясында Лига жақтастарының кезекті ZOOM-конференциясы өтті. Онда праймериз мүмкіндіктері талқыланды. Конференцияны модератор ретінде саясаттанушы Ерлан Саиров жүргізді. Онлайн-кездесуге блогер Денис Горобец, Қарағанды облысы дзюдо федерациясының вице-президенті Ғабдолла Дүйсенбаев, «Арқалық қаласының Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Амангелді Ахметжанов, инстаграмдағы «v Petropavlovske» пабликтің авторы Дмитрий Протопопов, саясаттанушы, журналист Нина Митчинова, кәсіпкер Алмагүл Молдабаева және басқалар қатысты. Кездесу барысында праймериздің ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірген партия хатшысы Арман Қырықбаев саяси науқанға ел болашағын өзгертемін деген кез келген адамның қатыса алатынын айтты. – Праймериздің негізгі мақсаты – партияның сайлауалды тізіміне енетін кандидаттарының сапалық құрамын мүмкіндігінше жақсарту. Алдын ала дода арқылы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды таңдап алып, соларды тізімге енгізу. Олардың танымалдығын, сөзінің өтімділігін пайдаланып, сол арқылы партияның мүмкіндігін, жеңіске қабілетін еселеп арттыру. Кез келген адам Nur Otan партиясының мүшесі болмаса да қосылып, үміткер ретінде тіркеле алады. Сондықтан праймериз – әсіресе, жастарға жақсы мүмкіндік береді, – деді ол. Арман Қырықбаевтың пікірінше, елдегі үлкен реформалар Мәжіліс пен мәслихат сайлауынан кейін басталады. Сондай-ақ науқан кезінде кандидаттар арасында дебаттар ұйымдастырылады. Париялық тізімге ұсынылатын үміткерлер ішінде әйелдер 30%-дан, ал жастар 20%-дан кем болмауы керек. Ал аймақтардағы Мәслихатқа сайлауға түсетіндердің 70%-ы праймериз арқылы іріктелген соң ғана саяси тартысқа жіберіледі. – Жаздың уақытында біз қатарынан бірнеше рет zoom-конференция өткіздік. Бұл шынында да еліміздің тарихында болмаған үлкен құбылыс. Бұл орайда барлықтарыңыз праймеризді қолдайтындарыңызды айттыңыздар. Сол үшін біз сіздерге ерекше алғыс білдіреміз. Қатысам деушілерге, бақылаушы болам, жергілікті билік тарапынан еліміздегі келеңсіздіктерге тосқауыл болам деген азаматтарға әрқашан жол ашық. Біз  бәрін қолдауға дайынбыз, – деді Арман Қырықбаев. Кездесуде праймеризді ұйымдастыруға қатысты мәселелер, деңгейдегі партиялық сайлауға қатысу тәртібі cөз болды. Сондай-ақ конференцияға қатысушылар «Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауы мемлекет пен қоғамның дамуында маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Өз кезегінде Амангелді Ахметжанов праймеризге қатысатынын айтты. – Әлемді жайлаған індет бізді де айналып өткен жоқ. Елдің бірлігінің арқасында ғана вирусты ауыздықтадық. Қазір жағдай тұрақтанды. Әлеуметтік эконмикалық жағдай да бірқалыпты. Бүгінде қаламызда 41 мың халық тұрады. Дәрі-дәрмек бәрі партияның жіті бақылауында. Ал праймеризге келер болсақ, мен аталған науқанға міндетті түрде қатысамын. Өйткені ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біріншіден партия ішіндегі бәсекелстікті арттырады, – деді ол. Амангелді Ахметжанов сондай-ақ өңірдегі бірқатар мәселелерді де тілге тиек ете келе, қаладағы ең басты күш «Nur Otan» партиясы екенін, бұл ретте партия әрқашан алдыңғы шепте жүретінін айтты. Ол сондай-ақ қордаланған мәселелерді еліміздегі жетекші партия жеке бақылауында ұстап отырғанын, оның ішінде қоғамдық қабылдаулар да бар екеніне ерекше тоқталды. Ал Бауыржан Серікбаев праймеризге бақылаушы болам деген азаматтармен де байланыс орнатқанын айтып, праймериз өткізудің маңыздылығы туралы өз пікірімен де бөлісті. – Праймериз Қазақстанда бірінші рет өткізілген соң халықтың арасында сеніммен қатар аздаған күдік те жоқ емес. Біз тәуелсіз бақылаушыларды республика бойынша тартуымыз керек. Аудандардағы кәсіпкерлерді де тарту маңызды. Сондай-ақ белсенді жастарды шақырған жөн. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 3500-ден аса адам өтініш беріпті. Праймериздің әділ өтуіне, жалынды жастардың жаңа қызметтерге келуіне жағдай жасауымыз керек, – дейді ол. Бейнеконференция соңында Ерлан Сайров «Nur Otan» партиясы сайлауының негізгі қағидаттары ашық және транспаренттілік пен үміткерлерді әділ бәсекелестік негізінде таңдау екенін айта келе, праймеризге қатысам деушілер үшін арнайы чат ашылғанын, ондағы көтерілген барлық мәселелер бақылауда болатынын жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамызда басталып кетті және ол 28 тамызға дейін жалғасады. Үгіт-насихатқа дайындалу үшін кандидаттарға 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін, 7 күн беріледі. 7 қыркүйек пен 3 қазан аралығында кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары, соның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында көпшілікке жария дебаттар өтеді. Дебаттар «Праймериз» арнайы ақпараттық жүйесі арқылы партияның ресми аккаунттарында көрсетіледі.

Әбілмансұр ЖАСАН