Apple университетін естуіңіз бар ма? Стив Джобс университетінің ішкі құрылымы Coco-Cola-ның құрамына ұқсайды. Құпия. Сондықтан да оны құпия біліктілікті арттыру орталығы деп атайды. Әлемде корпоративті университеттер баршылық. Көпшілігі бағытын белгілегенімен, ішкі оқыту жүйесін айтпайды.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында АҚШ-та бизнес мектептер қалыптасты. Бұл корпоративтік университеттің бастапқы түрі еді. Мұнда қызметкерлерді жұмыс жүйесіне, технологияны меңгеруге үйретті. Кейіннен 1961 жылы McDonalds компаниясы Humburger University атауымен алғашқы компоративтік университет құрды. Disney University, Coca-Cola, Morotorla, Procter & Gamble, General Electric University қатарға қосылды.
Корпоративті университет дегеніміз не? Ол – компания дамуы үшін қызметкерлерді кәсіби түрде дайындау жүйесі. Университет бағдары компанияның даму стратегиясына тығыз байланысты. Барлық классикалық университет сияқты кез келген корпоративтік оқу орнының негізі оқыту үдерісіне тәуелді. Оқыту жүйесінде фирманың көздеген мақсатына жетуі үшін бизнес-білім берудің барлық дәстүрлі нысаны пайдаланылады. Мұнда білім беру процесінің негізгі құрамдас бөлігі: бизнес-тренингтер, қызметкерлердің білігін арттырудың қысқамерзімді және ортамерзімді курсы, проблемалық-жобалық семинарлар, ұстаным бойынша нұсқаулық, компания ұсынатын тауар мен қызмет нарығында бағдарлау.
Мұндай университет не үшін қажет? Қызметкерді корпоративті университетте оқыту – әлемдік тренд. Негізгі мақсат – қызметкерлердің білігін көтеру, оқыту, қайта оқыту. Білім беру арқылы компания стандартына сай маман даярлау.
Білуімізше, корпоративтік университеттегі оқыту академиялық білім беруден ерекшеленеді. Онда қызметкерлер жалпы теориялық немесе жалпылама-тәжірибелік дайындықтан өтудің орнына, компанияның стратегиялық мақсатын іске асыру үшін не қажет екенін үйренеді.
Сондай-ақ оқытудың мәні – компанияның бәсекеге қабілетін көтеру, жоғары білікті қызметкерлерді жалдау және ұстап қалу. Корпоративтік мәдениетті қалыптастыру, компания құндылықтарын қызметкерлерге түсіндіру және ортада қолайлы психологиялық климат қалыптастыру.
Басқаша айтқанда, іс тек қана оқытумен шектелмейді. Оқыту өзін-өзі бағалау емес, компанияның жан-жақты дамуы мен өсуіне, оның жалпы экономикалық саясатына сай ұйымдастырылады.
Бұл не үшін маңызды? Себебі, компанияның имиджі, бағыты бәрінен жоғары. Қызметкер корпоративті мәдениетті меңгеруі керек. Компанияның ішкі-сыртқы саясатын, базасын, жұмыс тәртібін сақтағаны жөн. Арнайы ереже мен ұжымдық қарым-қатынас та маңызды.
Әлемдік компаниялар корпоративті білім беруге 130 млрд доллар бөледі. Соның ішінде АҚШ 70 млрд доллар қарастырады. Технологиялық компаниялар бір қызметкердің білім алуы үшін айына 1 800 доллар жұмсайды. Орташа есеппен әр компания бюджеттің 0,11-3 пайызын корпоративті білім беруге арнайды. Сізге аз көрінуі мүмкін. Алайда компанияның үлкен-кішісіне қарай бюджет көлемі өзгереді. Миллиардтар айналымға түседі.
Жаһандағы жетекші корпоративті университеттердің тәжірибесін талдап көрейік. Бәріне ортақ дүние – технология, менеджмент, бюджет. Құрылымы, жүйесі, стратегиясы бөлек.
Мысалы, Джобс университеті компанияның бизнес-мәдениеті мен стратегиясы туралы білім береді. Мұнда Йелл, Гарвард, Калифорния технологиялық университеті, Беркли, Стэнфорд, Массачусетстен келген атақты ғалымдар дәріс оқиды. Лекцияға қатысу-қатыспау қызметкердің өз еркінде. ЖОО-дан корпоративті университеттің айырмашылығы – оқу үдерісі жыл бойы жүреді. Қызметкерге қойылатын талап – технологияны игеру, Apple-дің ішкі саясатын меңгеру. Корпоративті университет жұмысын People team қадағалайды.
Оқыту жүйесін әр құрлық өзінше пайдаланады. Мәселен, АҚШ-та мұндай оқу орны күшін бизнес пен технологияны ілгерілетуге жұмсайды. Ал Еуропада корпоративті университет негізі – жоспарлау мен жобаны іске асыру. Азия елдері серіктестік пен одақ құруға мән береді. Яғни, корпоративті оқу орны жергілікті жердің мәдениетіне сай қалыптасады.
Корпоративті университеттің компанияға тигізер пайдасы көп. Мысалы, Motorola University – корпоративті білім берудің озық үлгісі. 21 елде 90 бөлімше ашып, 400 қызметкерді жұмыспен қамтыған. Төрт бағытта жұмыс істеген. Еуропа, Африка, Таяу Шығыс – алғашқысы. Келесі нысан – Азия мен Тынық мұхит аймағы. Солтүстік Американы жеке дара зерттеген. Аталған бағытқа жоғарыдағы теореманы қолданған. Еуропа елдерінде жобалауды дамытса, Азия аумағында серіктестік құруды көздеген.
Корпоративті университеттің тиімділігі – компания шығынын азайтуында. АҚШ-тағы персоналды білім сапасы ұлттық орталығы компания шығынын азайту бойынша зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, қызметкердің білім деңгейін арттыруға бөлінген қаржының 10 пайызға көбеюі, еңбек өнімділігінің 8,6 пайызға артқанын көрсеткен. Мысалы, Motorola University бизнесті дамытудың дұрыс және табысты экономикалық құрылымын жете меңгереді. Дағдарыстан шығу үшін «Алты сигма» бағдарламасын ойлап табады. Тұжырымдаманың мәні – әрбір үдерістің сапасын жақсарту. Операциялық жүйедегі ақауды жөндеп, статистиканы жіті қадағалау. Басшылық компаниядағы әр кем-кетікке мән беріп, мәселені шешуге жұмыс тобын құрады. Топты әдіснама бойынша оқытады. Компания қызметкерін оқытуға салған әр доллар 30 доллар болып қайтады. Осылайша, компанияның жылдық табысы 100 млн долларға жетеді.
Жоғарыда корпоративті университеттің бағыты бір болғанымен, әдісі бөлек екенін айттық. Оқыту жүйесімен ерекшеленетіндердің бірі – Danone. Қарамағында 10 функционалды академия мен көшбасшылық және менеджмент академиясы бар. Орталығы – Парижде.
Danone әр қызметкерге бір жылдың ішінде 3 құзырет жүктейді. Білікті менеджерлер қызметкерге диагностика жүргізеді. Мысалы, компанияға жұмысқа тұрған қызметкер дарынды болуы мүмкін. Берілген тапсырманы тиянақты орындауы, көппен араласуы қабілетін көрсетеді. Қызмет жолы түрлі кезеңнен тұрады. Үздік қызметкердің өзі топпен жұмыс істеуде қиналады. Осындайда корпоративті университет көмекке келеді. Danone-ның университет қалыптастырудағы мақсаты – мінсіз менеджер тәрбиелеу.
Корпоративтік университеттің білім беру бағдарламасы үнемі модульдік принцип бойынша құрылады. Әрбір модуль мазмұны бойынша біріктірілген тренинг-семинарлар циклын қамтиды. Оқытудың интерактивті әдістерін қолданады. Тіпті, рөлдік ойындар құрылымы бар.
Шетелде корпоративті білім беру – жетекші орында. Ал елімізде бірді-екілі компания аталған оқыту жүйесін қолданады. Қазақстанда «Самұрық-Қазына», BI Group сияқты жетекші компаниялардың корпоративті университеті бар. Экономиканы жаңғырту мен корпоративтік басқаруды жетілдіру мақсатымен 2010 жылы «Самұрық-Қазына» корпоративті университеті құрылды. Оқыту жүйесі HR-сараптама орталығы мен HR-консалтинг, виртуалды оқыту және вебинарлар мен кәсіби стандарт әдіснамасынан тұрады. 167 мың қызметкер аталған оқу орнында білім алған.
Бұдан бөлек елімізде шетел компанияларының корпоративті университеті бар. Солардың бірі – «Арселор Миттал». Компания Теміртауда кампус университет ашқан. Негізгі орталығы – Люксембургте. Қазақстандағы орталық 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Корпоративті университет еңбек өнімділігін көтеріп, компания әлеуетін арттыруға жағдай жасайды.
Қазір электронды дәуір болғандықтан, корпоративті университеттер де жан-жақты дамыған. Көпшілігінде e-learning жүйесі бар. «Самұрық-Қазына» мен BI Group-те электронды оқыту қарастырылған. Бұл не үшін қажет? Өйткені корпоративті университетке компания тарапынан қомақты қаржы бөлінеді. Жатын орын, тамақтану, керек-жабдықпен қамтамасыз ету компания мойында болады. Электронды жүйеге көшу шығынды қысқартады. Әрі қашықтықтан басқа компания қызметкерлеріне білім бере алады. Филиал жұмысы жанданады. Мысалы, IBM Global learning әлемнің 55 еліне қашықтықтан білім береді. Базасында 10 мың кәсіби курс бар. Сізге 3 400-ден астам оқытушы дәріс оқиды.
Корпоративті білім беру – заман талабы. Бұл арқылы қызметкерлердің дамуын тұрақты түрде қадағалауға болады. Егер компания әлемдегі технологиялық және экономикалық өзгерістерден қалыс қалғысы келмесе, аталған оқыту жүйесін іске қосқаны жөн. Өйткені ақпарат дәуірінде қызметкерді үздіксіз оқытып, білімін шыңдау керек. Бұл – компаниялар арасында бәсекенің күшеюіне әсер етеді. Бәсеке бар жерде, стратегиялық даму межеге алынады. Қазақстандық ірі компаниялар да корпоративтік университет жүйесіне көшсе, әлемдік бәсекеге қабілеті артатын еді.