Үш мегаполис әкімінің құзыры күшейтіледі. Қазақстандағы тұрғын үй бағдарламалары бір-біріне қосылып, оларды жүзеге асыратын мекемелер саны азайтылады. Азаматтарға өздерін қатты толғандырған мәселе бойынша қарсылығын көшеде білдіруіне рұқсат етіледі. Ел өміріне енеді деп күтілген осы және басқа да жаңашылдықтар жайында Үкімет отырысында сөз болды.
Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі «Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» жобасы қабылданды. Құжат 81 тармақтан тұрады.
– Осы құжатты Президент мақұлдағаннан кейін барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер алға қойылған міндеттерді орындауға бірден кірісуі керек. Біз бұл міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлескен жұмысты қамтамасыз етуіміз қажет! – деп нықтады Асқар Мамин.
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының Үкімет құптаған жобасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бекітуге жіберіледі.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған жоспарда Жолдаудың «Қазіргі заманғы тиімді мемлекет» атты бірінші бағыты аясында азаматтардың өтініштерімен жұмыс сапасын күшейту, шенеуніктер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын кезең-кезеңімен 25%-ға қысқарту, қатысушылар үшін қолжетімді болуын ескере отырып, белгілі бір жерлерде бейбіт митингілер өткізуге рұқсат беру көзделген.
Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абайдың 175 жылдығын және Тәуелсіздіктің 30 жылдығын, сонымен қатар Алтын Орданың 750 жылдығын өткізу жөніндегі республикалық жоспар әзірленеді.
– «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деген екінші бағыт шеңберінде шығарылатын сот шешімдерінің сапасы арттырылады, судьяларды бағалау енгізіледі. «Сот практикасының цифрлық аналитикасы» жүйесі сынақтан өткізіледі. Озық халықаралық тәжірибе негізінде ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетінің жұмысы қайта ұйымдастырылады. Адам зорлау, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді бірқатар ауыр қылмыстар және браконьерлік үшін жазаны қатайтуға бағытталған 6 заң қабылдануға тиіс. Сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары енгізіледі. 2020 жылдың соңына дейін Қарулы Күштер мен әскери құралымдарды дамыту тұжырымдамасы жаңа редакцияда қабылданады, – деді Ә.Смайылов.
Үшінші «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» бағытында экономиканы әртараптандыру, бизнес пен банк секторын дамыту, салық-бюджет бойынша іс-шаралар іске асырылуы қажет. «Бизнестің жол картасы–2025» аясында шағын және ұсақ бизнестің жаңа және әлеуметтік жобаларын мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылмақ. Кәсіпкерліктің осы екі түрі табыс салығынан және үш жылға тексеруден босатылады. Ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігі талданып, оларды қысқарту бойынша ұсыныстар енгізілуі тиіс.
«Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі» атты төртінші бағыт бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй алуды несиелендіру кеңейтіледі. Елдегі жоғары оқу орындарының санына талдау жүргізіледі. Педагогтардың, мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы артады. Атаулы әлеуметтік көмек жетілдірілмек. Табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу жөнінде шаралар қабылданатыны айтылды.
– «Мықты өңірлер – мықты ел» бағытында жергілікті атқарушы органдарды бағалау жүйесі қайта қаралады. 3 ірі қала әкімдіктерінің құзыреті кеңейтіледі. Тұрғын үй бағдарламалары операторларының саны азайтылады. Парламент жанынан Заңнаманы зерттеу институты құрылады. «Сарыарқа» магистралдық газ құбырына қосылу үшін газ тарату желілері кезең-кезеңмен пайдалануға беріледі. Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру Президент Жолдауында және сайлауалды тұғырнамасында қойылған барлық міндеттерді шешуді қамтамасыз етеді, – деді бірінші вице-премьер Ә.Смайылов.
Жоспарда қандай міндеттің қай мерзім ішінде орындалуға тиісті екендігі белгіленген. Жалпыұлттық жоспардың орындалуын Үкіметтің жобалау офисі үйлестіретін және қадағалайтын болады.