Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы үлкен монитордан паш еткен, әлдебір таудай өркештенген сызықты диаграмманы журналистер әзілдеп, «Досаев шыңы» деп атады. Ол графика ұлттық валютаның құнсыздануының «шырқау шегіне» жеткенін көрсетеді.
1933 жылдың басында Қазақ КСР-інің басшылығына келген Левон Мирзоянды Сталин еліміздегі ең биік таудағы Хан Тәңірі шыңының атауын өзгертіп, «Мирзоян шыңына» айналдырғаны үшін айыптап, кейін атқызып тастаған екен.
Тәуелсіздік арқасында қазір кеңестік тоталитарлық режим жоқ, ешбір адам елімізде ату жазасына кесілмейді.
Дегенмен билік өкілдері тұрғызған кейбір «шыңдар» халықтың алаңдаушылығын, тіпті ыза-наразылығын туғызып отырғаны жасырын емес. Мәселен, Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев теңгенің не себептен үздіксіз құнсызданып бара жатқанын түсіндірмек болды. Оған сенсек, бұған мұнай бағасын жоғары деңгейде ұстап тұра алмаған ОПЕК, сонымен қатар АҚШ-тың санкциялық қыспағына шыдас бере алмай, рублін сәл төмендетіп алған көрші Ресей, одан қалды сауда соғысы барысында өз тауарының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсу үшін юанын әдейі әлсіреткен Қытай кінәлі сияқты. Сонда көршілер түшкірген сайын теңге тұмаурата бере ме?
Сөзбе-сөз қаржылық реттеушінің басшысы былай деді:
– Өткен айда ұлттық валютаның айырбастау бағамы 1 АҚШ доллары үшін 385,1-387,73 теңге аралығында өзгерді. 9 қыркүйектегі сауда нәтижесі бойынша айырбастау бағамы 1 доллар үшін 386,48 теңгеге теңелді. Осылайша, жыл басынан бері 0,6 пайызға әлсіреді. Бұған сыртқы факторлар әсер етті. Қазақстанның сыртқы сауда әріптестерінің валюталары АҚШ долларына қатысты әлсіреу үрдісін көрсетті. Тамызда ресейлік рубль 5,1 пайызға, яғни 1 АҚШ долларына шаққанда 63,4-тен 66,6 рубльге дейін, ал Қытай юаны 3,9 пайызға – 6,9-дан 7,2 юаньға дейін әлсіреді, – деді Е.Досаев.
Бұған қоса, ҰБ теңге құнсыздануына мұнай бағасының тамызда 7,3%-ға – 65,2-ден 60,4 долларға дейін төмендеуін кінәлі санайды.
Досаев мырза теңгенің құлдырауына соқтырған ішкі факторларды, мәселен, тәуелсіз экономистер айтып жүрген экономиканың шектен тыс мұнайға тәуелділігін, өңдеу секторының басымдыққа ие болмағанын, орта бизнестің экономика ұстыны мәртебесіне дейін жетілмегенін, экспорттың алға басқан қадамы кері кетіп жатқанын және басқа да түпкі, шешуші себептерді ауызға да алмады.
Жалпы, теңге бұрыннан талай девальвацияны бастан кешірді, соған бой үйретіп алса керек, Ұлттық банк басшыларының оған қатысты түсініктемелері де бір-біріне ұқсас келеді. Демек, тұйықтан шығу үшін жаңадан жол іздеуден гөрі көне сүрлеулерге көбірек сүйрейді. Әйтпесе, «рубль мен юань құлдырамасын» деп шарт қойып отыратындай, теңге олардың құдасы ма, әлде қарын бөлесі ме еді?!
Шенеуніктер тұрғызған тағы бір «шың» онсыз да девальвациядан қажыған бұқараның еңсесін езуде: бағалар ай өткен сайын басқа шауып, төске өрлеп барады. Ресми мәліметке жүгінсек, инфляция наурыздағы 4,8%-дан өткен тамызда 5,5%-ға дейін өскен.
Баға қымбатшылығы халықтың «алқымынан» алуда: бағаның ең көп көтерілуі тамақ өнімдері саласын жайлап отыр. Жыл басынан бері азық-түлік тауарларының бағасы кем дегенде 9%-ға артқан.
Одан халық кең тұтынатын өзге өнімдер де қалысар емес: азық-түліктік емес тауарлардың құны 5,7%-ға ұлғайды.
Үкімет жиынында ашық айтылғандай, тамақ өнімдерінің қымбатшылығы инфляцияға ең көп үлес қосуын жалғастыруда. Соның ішінде азық-түлік инфляциясының шамамен 60%-ы жекелеген тамақ түрлерінің еншісіне тиесілі екен. Атап айтқанда, ет – 12,8%-ға, нан және тоқаш өнімдері, сондай-ақ жармалар – 12,6%-ға қымбаттаған.
Айтпақшы, Ұлттық банктің түсіндіруінше, осы тауарлар бағасының өсуіне олардың шетелге экспортқа көптеп шығарылуы түрткі болуда: «Тауарлардың бұл санаты оларға деген әлемдік бағалардың және экспорт көлемінің өсуі аясында қымбаттады», – деді Ерболат Досаев.
Әйтпесе, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі мысалға, қой еті құнының шарықтауына Қытай, Өзбекстан және араб елдеріне экспорттың күрт артуының еш қатысы жоқ деп сендіріп баққан.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) мәліметінше, әлемдік тұтынудың артуы, ал азық-түлік қорының керісінше, азаюы салдарынан 2019 жыл басынан бері дүниежүзінде азық-түлік бағасы 5,1%-ға өскен. Бірінші кезекте, бұл ет пен астыққа қатысты. Сондықтан қазір қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін ішкі нарықтан гөрі, жаһандық «қара базарға» апарып сатқан әлдеқайда пайдалы болуда. Отандық ет өндірушілерінің экспорттық бағасы жыл басынан бері 36%-ға, ал экспортының көлемі бірден 2,8 есеге ұлғайды! Астық экспортының құны шамамен 12%-ға қымбаттады. Сарапшылар байламынша, азық-түліктің әлемдік бағасының одан әрі өсуі 2020 жылы да ішкі азық-түлік инфляциясына әсер етуін жалғастыруда.
Елімізде ипотека да қымбаттауы ықтимал. Өйткені Ұлттық банк 9 қыркүйекте базалық ставканы 9,25%-ға дейін көтерді. Осыған орай жасаған мәлімдемесінде қаржылық реттеуші елді қымбатшылықтың бұдан да биік белестері күтіп тұруы мүмкіндігін меңзеп өтті.
«Нақты инфляцияның серпіні соңғы айларда біздің болжамымыздан жоғарырақ деңгейде қалыптасуда. Тамызда инфляцияның жылдық көрсеткіші 5,5%-ға дейін өсті, ал біздің алдыңғы бағалауымыз 5,1-5,2% болатын. Болжамдық раунд нәтижесінде алдағы 6 айда инфляцияның өсу қарқыны жеделдейді деп күтеміз. Біздің соңғы бағалауымыз инфляцияның жыл соңында 5,7-5,8% деңгейінде қалыптасатынын көрсетіп отыр. Алдыңғы болжамымыз тек 5,5% болатын. Бұл ретте бірқатар қосалқы инфляциялық факторлардың әсері 2020 жылдың І тоқсанында инфляцияның нысаналы дәліздің жоғары шегінен де шығып кетуі тәуекелін туындатуда», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Бұдан бөлек, кейбір өңірлер де антирейтингте жаңа шыңдарды бағындыруда. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жыл басынан бері үш өңірдің аутсайдерлер қатарында екенін жағы талмай айтып келеді. Бұл сөзін кеше де қайталауына тура келді.
– Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының бірнеше көрсеткіші төмендеуде. Маңғыстау облысында – құрылыс, инвестициялар, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, өнеркәсіп салалары, Нұр-Сұлтанда – тұрғын үйлерді іске қосу, инвестициялар тарту, құрылыс көлемі, ал Шымкентте – инвестициялар, кен өндіру және құрылыс ауқымы құлдырауда. Биылғы 8 ай қорытындысында бірқатар көрсеткіш бойынша орнықты серпін сақталуда. Дегенмен төрт өңірде меморандумдарда бекітілген жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) нысаналы өсіміне қол жеткізбеу қаупі бар. Бұл Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстары, – деді бас экономист Р.Дәленов.
Мұны естіген А.Мамин артта қалған өңір басшыларынан жауап алды.
– Серікбай Өтелгенұлы, сіздерде құрылыс қарқыны төмендеген. Бар болғаны жоспардың 74 пайызы ғана! Инвестицияның өсу қарқыны жоспардың небары 83 пайызы деңгейінде болды, – деді Премьер.
Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов биыл бірнеше көрсеткіштің кері кеткенін мойындады.
– Мәселен, өнеркәсіптің нақты көлем индексі тек 98,8 пайызды құрады. Негізгі себеп – жыл басында мұнай өндіру көлемінің азаюы: былтырғыдан 7 мың тоннаға кем өндірілді. 2019 жылы өндірудің күтілетін жылдық көлемі 38 миллион тонна. Нақты көлем индексін 100,3 пайызға жеткізу жоспарлануда. Инвестициялар көлемінің кему себебі, өткен жылы ірі жобалар есебінен қаржы мол құйылды. Атап айтқанда, паром кешенінің құрылысы жүрді, баржа және мұнай платформасы қомақты қаржыға сатып алынды. Биыл ондай жоқ. Қазіргі кезде компаниялармен өз өндірісіне инвестициялық салымдар салу жөнінде нақты жұмыстар жүргізілуде, – деген аймақ басшысы жыл соңына дейін инвестицияны қалыпты жағдайға жеткізуге тырысатынын жеткізді.
Үкімет жетекшісі Асқар Мамин кері тартқан өңірлерге жағдайды «аса қысқа мерзімде түзетуді» қадап тапсырды.
Өз кезегінде орталықтағы министрліктердің біразы елге кесірі мол «игерілмеген қаржы» деген шыңға шығып алғаны әшкереленді. Премьер ведомство басшыларынан ол «шыңнан» қашан түсетіндерін сұрауға мәжбүр болды.
– Бірқатар бюджет әкімшілері ел қаржысын игермеген. Ең көп соманы игермегені: Ішкі істер министрлігі – 10,9 миллиард теңге. Ерлан Заманбекұлы, не себеп? – деді А.Мамин ІІМ басшысына қайырылып.
– Арнайы автокөліктерді жеткізу бойынша 3,5 млрд теңгеге тендер өткізілген. Бұларды – 32 өрт сөндіру автобаспалдақтарын және 40 автоцестернаны Семей автоқұрастыру зауыты құрастырады. Жеткізуші қазір үлгермей жатыр. 1 қазанға дейін орындап бітіреді. Тағы 2,6 миллиард теңге әскери бөлімдерге және колонияларға қатты және сұйық отын жеткізуге бөлінген. Жеткізілімдер бүкіл Қазақстан аумағында жүруде. Қыркүйек айының соңына дейін игереміз, – деп уәде етті Ішкі істер министрі.
Қорғаныс министрлігі игерілмеген 10,3 млрд теңгені, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 10 млрд теңгені, Мәдениет және спорт министрлігі – 7,2 млрд теңгені, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – 4,9 млрд теңгені жыл аяқталғанша, қажетке жаратуға сөз берді.
Қалай болғанда, келешекте Үкімет пен әкімдер ел басшылығы қойған 5,5 пайыздық экономикалық өсімге шығулары қажет. Әзірге 2019 жылғы 8 айда Қазақстан ЖІӨ-сінің өсімі 4,3%-ды ғана құрады.