«Жақсы адамдар өзіне байлық жинамайды, өздері байлыққа айналады» деген нақыл сөз бүгінгі кейіпкеріміз Дәметкен Қалымқызына арналғандай. Еңбек жолын сиыр сауып, одан алынған құрт пен майды қалаға әкеліп сатудан бастаған көпбалалы ана бүгінде кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, қайсарлығымен, іскерлігімен көпке үлгі болып жүр.
Дәметкен Қалымқызы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Жем қаласында дүниеге келген. Көлік жүргізуші Қалым Алпысбаев пен Жуатхан Алпысбаеваның отбасында қызғалдақтай төрт қыз өмірге келді. Дәметкен ханым олардың кенжесі болатын. Үш қыздан кейін ұл бала күткен ата-анасы кенже қыздарын осылай атағанды жөн көрсе керек. Еңбекке ерте араласқан арманшыл қыз қой бағып жүріп қиялға көп берілетін, болашақта өз кәсібім, үлкен мекемем болса деп армандайтын. Басынан небір қиын-қыстау күндер өтсе де, жақсылықтан күдерін үзбеді. Өмірінде қандай жағдай орын алса да, еңсесін түсірмеді. Табандылығының арқасында бүгінде асыл армандарына жетті де. Негізгі кәсібі емшілік болғандықтан, алдымен шипажайын ашты.
– 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Сауыншы болып жұмыс істедім, үйде бір отар қой ұстадық. Тұңғышымды босанғаннан кейін, «балам жақсы білім алып, азамат болу керек. Ол үшін қалаға баруым керек» деп, алдыма мақсат қойдым. Қойдың жүні мен етін сатып, алғашқы шағын кәсібімді ашуға қаражат жинадым, – деп еске алады кейіпкеріміз.
Ол Ақтөбе облысының орталығына көшкеннен кейін де қол қусырып отырмады. Жақын маңдағы ауылдан қаймақ пен май сатып алып, оны Ресейдегі Соль-Илецк өңіріне апарып сатты. Ол жаққа барып жүріп, үлкен көлемде қазақстандық астық алмақшы болып, іздеп жүрген ресейлік бизнесмендермен кездейсоқ танысып қалады. Пысық әйел оларға көмектесіп, бидай өндірушілермен кездестіреді. Серіктес болып шыға келген адамдар Целиноградта тұрады. Дәметкен ханым да көп ойланбастан баласымен бірге осында көшіп келеді. Бұл 1996 жыл болатын.
– Елбасы Н.Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы бастама көтергенде қуанышым қойныма сыймады. Іштей өзімнің осы қалаға көшіп келуге шешім қабылдағаныма риза болдым. Төрт қызым осы жақта дүниеге келді.
Тұңғыш Президенттің Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысында айтқан екі сиыр жайлы сөзін мен жақсы түсінемін. Өзім сиыр мен қойдың сүті мен жүні арқылы отбасымды асырап қана қоймай, мұқтаж жандарға көмектесуге мүмкіндік алдым, – дейді ол.
Дәметкен Қалымқызын елімізден бөлек, шетелдерде қазақтың дәстүрлі халық емін меңгерген маман ретінде таниды. Өйткені осы әдісті терең білу үшін Қытайға барып білікті профессорлардан үш жыл білім алып, дипломға ие болған. Осылайша, 25 жылдан бері түрлі сырқаты бар жандарды табиғи шөптермен емдеп келеді. Соңғы 7 жылда қазақтың бұлау емін қалпына келтірді. Бұл – бумен емдеу әдісі. Оған түрлі шөп пен массаж қосылады. Оның шипажайына көбіне балалы болуды армандаған әйелдер келеді және жас аналар сырқаттанған балаларын алып келеді. Бір өкініштісі, қазір балалы болуды армандайтын нәзікжанды көп. Мұның негізгі себебі олардың өзіне немқұрайлы қарауынан екен. Кейіпкеріміз аруларды денсаулығына баса мән беруге, ана болатынын ешқашан ұмытпай жүруге шақырды.
– Емшілікке бірден келген жоқпын. Бала күнімде қолымда айрықша энергия бар екенін сезетінмін. Алайда оған мән бермей жүре бердім. Кәсіпкерлікпен айналысып жүріп, Қытайға жиі баратынмын. Олардың клиникаларында қалай емдейтінін, тамыр арқылы қалай диагноз қоятынын көрдім. Қазақ емшілері де тамыр ұстау арқылы диагноз қояды емес пе?! Медицинамыздың тарихы тұнып тұрған философия, – дейді Дәметкен Қалымқызы.
Еңбекқор жан қазір шипажайдан түскен қаражатқа мейрамхана, сосын шаштараз ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бес бала тәрбиелеп, өсіріп, олардан үш немере сүйіп отырған бақытты ана қайырымдылықпен де айналысады. Бүгінде өзі жастайынан армандаған үлкен мекемені тұрғызып, оны муфтиятқа тегін жалға берген. Муфтияттың қарамағындағы қайырымдылық қоры «Сүлеймен» деп аталады. Онда көпбалалы отбасынан шыққан, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған студенттер тегін білім алып, жатақханасында тұрады.
– Бес баламен жалғызбасты болып отырғанда Үкіметке, ағайынға сеніп отырмай, бір Жаратушыдан үміт күтіп, тәуекел еттім. Алдыма қойған мақсатыма адал еңбегіммен жетуді көздедім. Балаларыма да соны үлгі етемін. Асып-тасып бара жатқан байлығым жоқ. Бірақ қолымнан келгенше адамдарға жақсылық жасағым келеді, – дейді көпбалалы ана Дәметкен Қалымқызы.
Мұсылман үшін жер бетінде Қағбадан қасиетті орын жоқ. Кейіпкеріміздің қажылыққа 17 рет барғанын айта кеткеніміз артық болмас. Бұл барлығына бұйыра бермейтін бақыт емес пе?! Меккеге алғаш рет жолдасымен бірге Жаңаөзен, Түркіменстан, Иран және Түркия елі арқылы жаяу барған екен.
Мен бәрін істей аламын, қолымнан бәрі келеді! Бұл – оның өмірлік қағидасы. Сондықтан да болар, ол біреуге иек артқан емес. Осы күніне шүкіршілік айтудан шаршамайды. Бүгінде Дәметкен Қалымқызының берекелі шаңырағынан адам үзілген емес. Алдына еңсесі түсіп келген жанды жігерлендіріп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Өзі қиын жағдайда тұрса да, мұқтаж жанға көмек қолын созудан тартынбайды. Осындай ізгі амал-әрекеттерімен ортасына сыйлы болып, үлкен абыройға ие болып жүр. Адам өмірінің сапасы өзгелерге жасаған жақсылығымен өлшенеді емес пе?!