Ақтау қаласында Маңғыстау облысындағы кәсіпкерлерге арналған бірегей жоба – «Сәттілік марафоны» форумы өтті.
Жобаның мақсаты – кәсіпкерлердің басқару білімі мен дағдысын жетілдіру, жергілікті халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына ықпал ету, бизнесті жүргізудің бәсекелестік қабілетін, әлеуетін және тиімділігін арттыру. Одан бөлек, жоба стартаптарға арналған инкубациялық, акселерациялық бағдарламаларды жетілдіруді, кеңесшілер мен тәлімгерлердің біліктілігін арттыру арқылы кеңес беру және тренинг өткізу қызметтері нарығын дамытуды қамтиды.
Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Тұранқызының айтуынша, осындай іс-шаралар арқылы аймақта кәсіпкерлікті дамыту – аймақтың экономикалық әлеуетінің өсуіне ықпал етеді және жергілікті бизнес-қауымдастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазақстандағы ЕҚДБ ШОБ қаржыландыру және дамыту бағдарламасының жетекші менеджері Алма Қасымова өз кәсібін дамытуды қалайтын кәсіпкерлер Форум шеңберінде танысатын мүмкіндіктер туралы айтып берді. Мұндай қадам жиналған қауым тарапынан қолдау тапты. Олар көптеген сұрақ қойып, білікті мамандардан жауап алды.
Кәсіпкерлік саласындағы соңғы трендтер туралы «Red Point Kazakhstan» маркетингтік коммуникация сервисінің негізін қалаушы Әсел Қожақова, TopSales басшысы Әсем Күзенбаева, Қазақстан кәсіпкерлері мен бухгалтерлер қауымдастығының президенті Дмитрий Казанцев пен басқа спикерлер сөз қозғады. Мысалы, стартапты қалай жылдам ақтауға болатыны туралы, сондай-ақ салыққа қатысты барлық мәселелерді және нөлдік бюджетпен маркетингтің қандай құралдарын қолдануға болатыны туралы ақпарат алды.
Форум қорытындысы бойынша Марафонның 2-кезеңі – жаңа бизнес ашуды немесе қазіргі ісін дамытуды қалайтын кәсіпкерлерге арналған оқу тренингтерінің сериясы басталады. Аймақ үшін жобаның бірегейлігі – тәжірибелік тренингтер нәтижесінде кәсіпкерлердің бизнес-жоспар жасап, өз идеяларын сарапшылардың қолдауымен нақты бизнеске айналдыруы.
Жоба Маңғыстау облысындағы жаңа бастаған кәсіпкерлердің инновациялық және бизнес идеяларын қолдау, әрі дамыту үшін жасалған «Shell LiveWIRE» бағдарламасы аясында Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірге жүзеге асырылуда.