Путин неліктен украин теңізшілерін босатуға мәжбүр болды? Бұл Зеленскийдің жеңісі ме?
Путин неліктен украин теңізшілерін босатуға мәжбүр болды? Бұл Зеленскийдің жеңісі ме?
215
оқылды

Кездесуде президент теңізшілер үшін Одессадан тұрғын үй берілетінін жария етті

Украина президенті Владимир Зеленский 12 қыркүйек күні Ресейдегі тұтқыннан босап шыққан теңізшілермен Киевте кездесті. 

Кездесуде президент теңізшілер үшін Одессадан тұрғын үй бөлінетінін жария етті. Оның сөзінше Ресейде тұтқында болған теңізшілерді босату операциясы өте қиынға соққан. Президент оларға сағат сыйлап, үйлеріне оралуымен құттықтаған. 

Еске салсақ, Ресей мен Украина арасындағы тұтқындарды ауыстыру процесі 7 қыркүйек күні «35-ке 35» формуласымен жүзеге асқан. Киевке берілген теңізшілер – былтыр Керч бұғазында ұсталғандар. Ауыстыру сәтті жүзеге асқаннан кейін Владимир Зеленский мен Владимир Путин телефон арқылы сөйлесіп, жағдайға оң баға берген. 

Ресейлік адвокат Николай Полозовтың айтуынша, Путинді мұндай қадамға итермелеген – мүмкін болған «теңіз» санкцияларынан қорқынышы. 

Бұған дейін теңіз құқығы бойынша БҰҰ-ның халықаралық трибуналы Ресейді 24 украиналық теңізшіні босатуға міндеттеген еді. Бұл міндеттеменің орындалмауы тағы бір антиресейлік санкциялар ағынына әкеліп соғуы мүмкін екенін Путин түсінген сияқты. Сондықтан Ресей басшысы келіссөздер жүргізуге мәжбүр болған. 

Еске салсақ, 2018 жылдың 25 қарашасында Ресей Керч бұғазындағы украин теңізшілерін тұтқынға алған еді. Ол кезде Ресейдің шекара кораблі Одесса портынан Мариуполге қарай заңды түрде бағыт алған украиналық әскерилердің буксиріне соқтығысқан. Кейіннен оларды дереу тұтқынға алады. Ал мамыр айының соңында БҰҰ барлық тұтқынға алынған әскерилерді – әскери тұтқындар деп жариялап, тез арада босатуды талап етті. Біраз уақыт Кремль бұл тапсырманы орындаудан бас тартып келді. 

Екі ел арасындағы келіссөздер қорытындысы бойынша Украинаға барлығы 35 адам келді. Оның 24-і – теңізшілер болса, 11 адам – саяси тұтқындар. 

Николай Полозов «теңізшілерді кері қайтаруға Зеленский қаншалықты еңбек сіңірді?» деген сауалға да жауап берген. 

«Әскери тұтқындарды босату процесіне әртүрлі кезеңде Мұстафа Джемилев, омбудсмен Людмила Денисова, Украина СІМ өкілдері, Қорғаныс министрлігі атсалысты. Іске көп адам қатысты. Әрине, президент Зеленский Путинмен тікелей келіссөз жүргізді. Алайда, көптеген негізгі шаруаны бұрынғы билік реттестірген болатын. Ал Зеленский мен Путин тікелей келіссөз жасамаған күннің өзінде Трибунал қысымынан түптің түбінде Ресей тұтқындарды бәрібір босатушы еді. Саяси тұтқындарға қатысты не боларын білмеймін, бірақ әскери тұтқындар мәселесі осы Трибунал шешімімен реттелуші еді. Біз сайлауға дейін экс-президент Петр Порошенконың, сайлаудан кейін Владимир Зеленскийдің командасымен белсенді жұмыс істедік. Көптеген адамдар Ресей Украинаға 35 адамды қайтарды, енді Украина да өз кезегінде Ресей үшін бірдеңе жасайды деп жатыр. Мен келіссөздерге қатысқан жоқпын, сондықтан бұл мәселеге орай ештеңе айта алмаймын» дейді адвокат. 

Бұл жағдайға Батыс елдері де дереу пікір білдірген. Германия канцлері Ангела Меркель екі ел арасындағы жағдайды «үміт сигналы» деп атап, әрі қарай Минск келісімін жүзеге асыру бойынша жұмыс істеу керек деп пікір айтқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп та теңізшілердің Украинаға қайтарылуына «жақсы жаңалық» депті. 

«Ресей мен Украина осы қазір ғана кең ауқымды тұтқындарды ауыстыру процесін жүзеге асырды. Бұл керемет жаңалық және татуласуға деген жасалған ерекше қадам. Екі елді де құттықтаймын» депті АҚШ лидері. 

Әрі қарай Украина мен Ресей арасындағы саяси жағдайдың қалай өрбитіні әзірге белгісіз. Зеленскийдің алдында ауқымды екі міндет тұр, оның бірі – Донецкі мен Луганскідегі соғыс өртін тоқтату және Қырымды қайтарып алу. Мұның екеуін де Зеленский сайлау алды бағдарламасында қадап айтқан. Ал екі ел арасында жылымық орнайтын болса, бұл міндеттемелердің орындалмай қалуы да кәдік. Әрі көптеген сарапшылар Путин тірі тұрғанда бұл екі міндеттің орындалмауы үшін барын салады деген ой айтады. Ал Ресей басшысын райынан қайтаруға және одан саяси логика тұрғысынан асып түсуге Зеленскийдің қайраткерлік потенциалы жете ме, жоқ па, оны алдағы уақытта байқай түсетін боламыз.