Джо Байден 30 жасында Дэнуер штатынан сенатор болып сайланып, елдің ең жас саясаткерлерінің бірі атанды. Кейін осы қызметін 35 жыл бойы 1973-2008 жылдары атқарды. Бұған дейін екі рет президентікке үміткер болған, алайда сәті түспеді. АҚШ саясаты жайлы қалам тербейтін жергілікті журналистер оны ұяң, ерекше қасиеттері көрінбейтін кандидаттың бірі деп сипаттайды. Басқалары Вашингтондағы саясаттың майын ішкен әккі саясаткер, тіпті аудиторияның тамырын баса алатын оратор дейді. Бірақ осы баяу жүрісімен демократиялық партияның праймеризін жеңіп шықты. Жақында ғана партия атынан президенттік сайлауға ресми кандидат ретінде тіркелді. Себебі сәтті қадамдар жасады, ықпалы азаматтармен серіктес болды. Мәселен, Оңтүстік Каролина штатында қара нәсілді конгресмен Джим Клайберн афроамерикалықтардың қолдау көрсетуіне қолқабыс білдірді. Қысқасы, ол Трамптың бас қарсыласы атанды. Алайда Байден қанша тәжірибелі тұлға болса да, көбіне басына пәлені тілінен табатындардан. Мәселен, 1987 жылы президенттік праймеризге қатысу үшін ел алдында «мен шахтердің ұрпағымын» деп сөз бастайтын болған. Дегенмен оның ешбір атасы шахтер болмағаны анықталғанда президенттік додадан түсіп қалған. 2009 жылы «экономиканы бүлдіретінімізге 30 пайыз ықтималдық бар» деген болжамы үшін өткір сынға ұшырады. Ал 2012 жылы Байден «мен сегіз президентті жеке таныдым, үшеуімен жақын қатынаста болдым» дегені үшін күлкіге қалды. Жалпы, оны афроамерика қауымы қолдайды. Осы тұжырымға қатты сенді ме, жақында радиоға келіп «егер сіз менімен Трамп екеуміздің қайсысымызды таңдауда қиналып тұрсаңыз, онда сіз қара нәсілді емессіз» деген сөзін көпшілік жақтырмай қалды. Яғни, адам терісі қара болса, Байденді міндетті түрде қолдау керек дегенді кім шығарды деп ашуланғандар табылды. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» демекші, оның абайсызда, әлде әдейі айтқан сөздері осылай өзіне соққы болып жатады. Себебі кейін оның көмекшілері «ол басқа нәрсені меңзеген еді» деп жуып-шаюға тырысады. Жалпы, Байденнің қазіргі жайы жаман емес. Неге? Себеп көп. Біріншіден, оның болмысы. Ол – байыпты, байсалды азамат. Ал Америка халқы 4 жыл бойы Трамптың қиқар мінезінен, шоу жасайтын қылықтарынан мезі болғандай. Ең бастысы – одан бірізді, жүйелі саясатты күткен еді. Ал Трамп жағдайға қарай құбылып, әлемнің жартысымен қарым-қатынасын бұзды. Мұның жанында Байденнің салмақты болмысы сенім оятатындай. Екіншіден, АҚШ-тың саяси истемблешменті Байденге болысып бағуда. Тіпті, кезінде республикалық партия құрамында болғандар да. Ал осы партиядан шыққан экс-президенттер Трампты ресми қолдаған емес. Мәселен, жақында өткен демократиялық партияның басты жиынында Джо Байденді экс-президент Билл Клинтон, Барак Обама, Джимми Картер, мемлекеттік хатшы болған Джон Керри, Колин Пауэлл қолдады. Бір қызығы, Пауэлл – республикалық партияның құрамынан шыққан саясаткер. Алайда ол Трампқа қарсы шықты. Экс-президенттер бұрын-соңды партияласын бұлай қолдаған емес. Әсіресе, Барак Обама Байденмен бірге роликтер түсіріп, саясатқа жанама түрде оралғандай болды. Яғни, өзінің абыройын Трампқа қарсы қолдануға тырысуда. Оның да өз себебі жоқ емес. Трамп билікке келген бойда Обаманың қол жеткен жетістіктерін түбірімен жоққа шығаруға, жоюға кірісті. Үшіншіден, пандемия және оған іле-шала ұласқан қара нәсілділердің Black lives matter қозғалысы Трамптың жағдайын қиындатты, ал Байденге жағдай жасағандай. Себебі соңғысы қыста бірнеше штатта сәтсіздікке ұшырап, рейтингі төмендеген еді. Бірақ карантиндегі шектеулер бәрін өзгертті. Неге? Ұзақ уақыт оқшауланған халық табыссыз қалып, ашуын биліктен алғысы келді. Пандемия барысында АҚШ коронавирустан ең көп жапа шеккен ел атанды. Бүгінде 5,7 млн АҚШ азаматы дерт жұқтырып, 176 мыңы көз жұмды. Яғни, ел басшылығының вируспен күресудегі сәтсіздігі қоғамды Трампқа қарсы қойды. Бұдан бөлек, Трамп о бастан-ақ нәсілді жергілікті сайлаушылардың өкілі саналды. Ол мигранттарға, өзге нәсіл өкілдеріне қырын қарады. Сондықтан мамыр айында Миннеаполистегі қара нәсілді Джордж Флойдтың өлімінен кейін басталған Black lives matter қозғалысы бір жағы Трампқа қарсылық ретінде қарастырылды. Себебі ол демонстранттарға күш қолданды, ұлттық гвардия әскерін қалаларға жіберді. Ал Байден өз кезегінде демократтардың өкілі әрі либералды құндылықтарды насихаттаушы ретінде қара нәсілділердің қолдауына ие болды. Жақында Джо Байденнің вице-президент ретінде Камала Харристі таңдауы оның осы бағыттағы бағдары анық екенін дәлелдеді. Харрис – қара нәсілді әйел. Ал қазір әлемдік саясатта, әсіресе Батыста әйелдерді билікке тарту тренд процесс. Оған қоса, осы арқылы Байден афроамерикалықтарды өзіне жақтас етуге тырысып бағып жатқандай. Олардың саны елде 44 млн-ға жуық. Жоғарыда аталған аргументтерді соңғы статистикалық сандар да бекем етіп тұрғандай. Сауалнамаға сенсек, АҚШ азаматтарының 53 пайызы Байденді, 42 пайызы Трампты қолдауға дайын.