АҚШ-тағы Калифорния штатының билігі табиғи өрт қауіп төндірген 119 мыңнан астам тұрғынды эвакуациялауға мәжбүр болды. Бұл туралы жұма күні губернатор Гэвин Ньюс өзінің Twitter парақшасында жүргізілген баспасөз мәслихатында айтты.
«Эвакуация жөніндегі хабарлама жағдайдың қауіптілігіне байланысты беріліп отыр. Бұған жеңіл қарауға болмайды. Біз мұндай хабарламаны 119 мың адамға жібердік», - деп атап көрсетті ол. Дегенмен The Associated Press агенттігінің деректеріне қарағанда, бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 140 мың адамнан асқан.
Губернатордың ақпаратына сәйкес, Калифорнияның солтүстігіндегі өрт ошақтары 367-ден 560-қа өскен. 312 мың гектар жер өртеніп кетті. Алапат жалынмен күреске 12 мың өрт сөндіруші, мыңнан астам машина, 241 бульдозер, 88 тікұшақ және 24 ұшақ тартылған. Алты адам құрбан болды.
Айта кетсек, Ньюс 18 тамызда аптап ыстық пен өртке байланысты штатта төтенше жағдай жариялаған болатын. Калифорниядағы Ажал алқабындағы Мохаве шөлі аумағында жаңа температуралық рекорд тіркелді. Мұнда термометр бағаны 54,4 градусқа дейін көтерілген.