Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы. Көп адам бұл екі сөздің мағынасын бір-біріне жиі байланыстырады. Алайда екеуінің айтар ойы екі түрлі дүние.
Еңбекті қорғау – басшылықтың қызметкерлерді жұмыс істеу барысындағы қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етуі. Ал қауіпсіздік техникасы жұмысшының өз әрекетіне тікелей байланысты. Нақтырақ айтқанда, жұмыс істеу барысында жұмысшы өз қауіпсіздігі үшін сақтық шараларын ұстануға міндетті. Мысалы, медициналық қолғап дәрігерге өте қажет, ал мектептегі математика пәнінің мұғалімі үшін аса маңызды емес. Демек, әр саланың өз құралы, әр маманның өз жабдығы болуы керек.
Ал енді негізгі сұраққа жауап іздеп көрейік. Сіз «Газды қалай өндіруге болады?» деген сұрақ төңірегінде ойланып көрдіңіз бе? Үйде естен тандырардай өткір иіс пайда болған жағдайда адамдар газ иісінен құтылу үшін ойланбастан терезе желдеткіштерін аша бастайтынын білеміз. Ал осы өткір иісті газдың пайдасы мен зияны туралы білсек те, қалай өндірілетіні туралы аса ойланбайтынымыз анық. Оған қоса, әлемнің әр түкпірінде газ жарылысынан болған түрлі апаттар туралы да естіп жүрміз.
Енді бір сәтке газдың қаншалықты қиын әрі қорқынышты жағдайда өндірілетінін елестетіп көріңіз.
Дәл осы тізімге мұнайды да қосуға болады. Себебі оның кішкентай тамшысы суға түссе, өздігінен ыдырап кетпейді. Керісінше, суды ластап, жолындағының бәрін бітеп тастайды.
Мұнай өндіру саласы – мемлекет экономикасы үшін маңызды стратегиялық сектор. Сонымен қатар қай жерде болсын жанғыш пайдалы қазбалар еңбек қауіпсіздігі мен қауіпсіздік техникасы әрекетінің нәтижесін шеше алады. Бұл дегеніміз – осындай кен орындарында жұмыс істейтін әрбір жұмысшы жұмыс барысындағы кез келген кішкене қателікке жол бермеуі керек деген сөз. Себебі бұл салалар ешқандай олқылықты, шалыс қадамдарды көтере алмайды.
Жұмыс барысындағы жұмысшыға қойылатын талаптар төңірегінде сөз етсек. Әрине, рұқсат етілген және шектеу қойылған талап өте көп. Тіпті, тізімге мыңнан аса түрі кіруі мүмкін. Бірақ басты қысқаша ережелерді атап өтуге болады. Сонымен, жұмыс беруші төмендегі дүниелермен қамтамасыз етілуі керек:
– ғимараттарды пайдалану кезіндегі жұмысшылардың қауіпсіздігі, өндіріске қажетті құрал-жабдықтар;
– жұмысшылардың және ұжымның қауіпсіздігі;
– арнайы киім, аяқкиім және басқа да жеке қорғаныс құралдары;
– қауіпсіз жұмыс әдістері мен техникасына үйрету;
– міндетті медициналық тексеруден өтпеген немесе денсаулығында кінәраты бар қызметкерлердің жұмыс істеуіне рұқсат етпеу.
Қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істейтін жұмысшы қауіпсіздік әдістері мен қауіпсіздік техникасын меңгеріп, білімі мен практикалық дағдыларын тексергеннен кейін, жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі туралы нұсқаулық пен аталған жұмыс түріне рұқсат етілген арнайы сертификат болған жағдайда ғана жұмысқа қабылдауға немесе тағылымдамадан өтуге рұқсат етіледі.
Жоғарыда айтып өткен шарт – мұнай-газ өндірісіндегі ұстануға тиісті және міндетті шарттардың кішкене ғана бөлігі. Алайда жұмысшылардың көпшілігі оларды тиянақты түрде ұстана бермейді. Жұмысшы жұмыс орнында болған уақытта оның қауіпсіздігіне жұмыс беруші жауапты. Сондықтан ол қауіпсіздікті сақтай отырып, барынша сақтық шараларын ұстануы қажет. Жалпы алғанда, жұмыс беруші тарап қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз еткен жағдайда да, оны іске асыру жұмысшының іс-әрекетіне тікелей байланысты. Сондай-ақ кез келген жұмысшы өз қауіпсіздігін сақтай отырып, өзінің және басқалардың қауіпсіздігіне үлес қосатынын ұмытпауы керек.