Ұйымдастырушылар тілшілер үшін арнайы жіберген автокөлікпен таң саз бере жолға шықтық. Ерте күздің салқыны бойды тоңазытады. Біз келе жатқан Еңбекшіқазақ ауданы – Алматы облысының оңтүстігінде орналасқан. Орталығы – Есік қаласы.
ЕСКЕРТКІШТЕР – КӨНЕНІҢ КӨЗІ
Есік музейінің жаңа басшысы Тасқын Тойбаев бастаған музей қызметкерлері бізді ежелгі сақ дәуірінен қалған аспан асты ескерткіштерімен таныстырды. Тұтас алғанда Еңбекшіқазақ ауданының мәдени-ландшафтық бедері әралуан. Мұнда тарихи-мәдени мұра өте көп. Ерте тас кезеңінің тұрақтары, қола дәуірінің бейіттері мен қоныстары, ортағасырлық обалар, ескерткіштер, әр заманда тасқа салынған суреттер жетерлік. Соның бірегейі – әлемге әйгілі «Алтын адам». Тасқын Тойбаевтың айтуынша, музей жаңа бағытта жұмыс атқаруды қолға алып отыр екен. Келер жылы «Алтын адамның» табылғанына 50 жыл толады. Біз музей маңайында параметрі Алтын адам қорғанына сай келетін IV-V ғасырға тән жаңа қорғанды қазу жұмыстарына куә болып қана қоймай, қолымызға шот сияқты құрал ұстап, оба қазысып кеттік. Айта кететін жағдай, мұндағылар археологиялық қазба ісінде озық тәжірибе жинақтаған қытайлық музейлендіру әдістемесін пайдалануда екен. Оның мәні мынада. Жуырда Қытайда іссапармен болып келген музей басшысының айтуынша, қазба жұмысымен айналысуда әлі күнге дейін кеңестік тәжірибені малданып келеді екенбіз. Ал басқа елдер ілгері кеткен. Мысалы, Қытайда оба қазуда музейлендіру әдісін қолданады. Олар да императорларын біз сияқты көмген ғой. Яғни, олар оба қазған кезде адам қайтадан кіретіндей етіп қазады. Қабірді ашып, жерлеу тәсілін көрсетіп қояды. Ал біз «Алтын адамның» қабірін көрсете алмай отырмыз. Себебі ол жерге автобаза салынып кеткен. Осы және басқа да жағдайларды ескере келіп, Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болған кезде «Мәдениет туралы» заңның археологиялық жобаларға қатысты тұсы жаңа түзетулермен Сенат қарауына ұсынылған болатын. Сол заң қабылданатын болса, онда қорған қазу ісінде сараптама жасау, археологиялық қазбалармен айналысу құзыреті, лицензиясы тек тиісті органдар мен музейлерге берілетін болады. Яғни, бұрынғыдай кез келген жеке ұйымдар баса-көктеп айналыса бермейді. Бұл өте ыңғайлы. Біріншіден, табылған экспонаттар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейді, музейдің өзінде қалады. Екіншіден, жергілікті жер өз тарихын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алады.
КАЛИФОРНИЯЛЫҚ ТУРИСТ ДИМАШТЫ ІЗДЕП КЕЛІПТІ
Біз осында АҚШ-тың Калифорния штатынан келген Роберт есімді қарияны кездестірдік. 82 жастағы қарт бүгінде атағы әлемге жайылып отырған әншіміз Димаш Құдайбергеннің фанаты екен. Димаштың «Алтын адам» жанында түскен фотосуретін көріп, интернеттен осы экспонат тұрған Есік музейін іздеп-тауып, мұхиттың арғы жағынан соны көруге әдейілеп келіпті. Жалпы, соңғы жылдары еліміз бойынша, Есік музейін қосқанда, Димаштың талантын бағалаушылар есебінен келушілер саны едәуір көбейген. Бір ғана өнерпаздың арқасында мәдени туризмнің елімізде тыңнан тыныс алуы ой саларлық.
Бұдан кейін алдын ала белгіленген бағдарлама бойынша атақты Есік көліне келдік. Бұрын көл аумағы қазіргісінен әлдеқайда үлкен болған екен. 1963 жылдың жазында болған селден кейін кішірейіп қалған.
Ертеде қазақтар Ысықкөл деген, одан бертінде Жасылкөл атандырған осынау тектоникалық су қоймасы өзінің көркемдігі жағынан Кавказдағы Рица көлімен теңдес. Атақты орыс саяхатшысы Семенов-Тян-Шанский Іле Алатауының інжу-маржанына теңеген Жасылкөлді кезінде Шоқан Уәлиханов та келістіріп суреттеп кеткен. 1856 жылы полковник Хоментовскийдің экспедициясы құрамында Зауық асуы арқылы Ыстықкөлге беттеген ол төменге көз салғанында сонау зау тереңнен жап-жасыл кобальт түстес суымен көздің шарасындай тұнып жатқан Жасылкөлді көргенін жазады. Сол көл сел апатынан кейін бірте-бірте қалпына келіп, қазірде бастапқы көлемінің үштен екісіне жеткен. Мәселе онда емес, көлдің бұрынғы демалыс аймағы ретіндегі маңызын қалпына келтіре алмай отырғанымызда. Дегенмен бір ұрымтал жол бар. Ол – осы демалыс аймағын бұрынғы қалпына жақындатып жаңғырту, сөйтіп, мәдени және табиғи мұра ретінде жұрттың ықыласын аудару. Бүгінде шетелдіктер де осы тектес ескілік, мұралық сілемі бар жерлерге келуге құмар.
ТҰМСА ТАБИҒАТҚА НЕ ЖЕТЕДІ?
Осындай ойлармен оңтүстік бағытқа қарай жиырма шақырым жердегі Түрген сарқырамасына жеттік. Жалпы, Түрген шатқалында жеті сарқырама болса, соның Қайрақты, Жартасты, Аюлы деген үшеуіне ғана адам аяғы жете алады. Соның ішінде Жартасты сарқырамасы дайындығы бар туристер болмаса, басқаларға жалын сипата бермейтін көрінеді. Ал осылардың ішіндегі ең ірісі – Қайрақты. Ондағы су 55 метр биіктіктен құлайды. Оған тоғыз шақырымдай жер жүріп барып жетесің. Ең оңайы – бес шақырымдай жол жүруді қажет ететін Аюлы. Біз сол Аюлыға бардық. Оның «Махаббат сарқырамасы» деген екінші аты бар. Неге олай аталғанын білмедім. Сірә, көңіл жарастырған жастар осында келіп, өз сүйіспеншіліктерінің осы сарқырама сияқты таусылмай ағып жатуын ниет етіп, тілек тілейтін сияқты. Осы орайда, ішіміздегі қиялы ұшқыр біреулер Аюлыға барар жол Ұлы Қытай қорғаны секілді қорғандалып жасалса ғой деген ұсыныс та тастады. Дұрыс қой. Меніңше, тағдыр жолдарын байлаған жұптар тұмса табиғаттың шырышы бұзылмай тұрған тұсына еңбек қылып, машақат шегіп жетіп жатса, оның өзі бір ғанибет емес пе!..
Бір күндік сапарымыз да мәресіне таяды. Жиырмаға жуық журналисті Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, жергілікті ардагер журналист Мұрат Нақатаев, баспасөз хатшысы Динара Төлемісова, жастар саясаты басшысы, депутаты Айбек Ілебаев және рухани жаңғыру бөлімінің бас маманы Динара Қоқанова табанын жерге тигізбей шығарып салды. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы пресс-турды ұйымдастырып, қолдау жасаған Еңбекшіқазақ ауданы Ысқақ Бинәлі, Есік қаласының әкімі Бауыржан Бименов, Түрген ауылдық округі әкімі Бота Елеусізоваға бөлекше алғыс. Журналистің офисте қамалып қалмай, ел аралап, тақырыбын көзімен көріп жазуының артықшылығына осы жолы тағы бір мәрте көз жеткізгендей болып қайттық.