Бірер күн бұрын ғана АҚШ-та Шнобель сыйлығы ресми түрде табыс етілді. XXIX марапаттау салтанатына әлемнің түкпір-түкпірінен 10 лауреат шақыртылған. Олар – ерекше әрі қызықты өнертабыс ойлап тапқандар. Яғни, Шнобель – әлемге әйгілі Нобель сыйлығына қарама-қарсы шығарылған сыйдың түрі. Сыйлық туралы егжей-тегжейлі сәл кейінірек тарқатайық, әзірге кеше ғана өткен салтанатта кімдердің бағы жанғанына тоқталу маңыздырақ.
Бұл сыйлықты кімнің, не үшін алғанын естісең езуге еріксіз күлкі үйіріледі. Мәселен, үш бірдей адам – жануарларды арнайы дыбыс көмегімен қолға үйрету технологиясын ойлап тапқаны үшін лауреат деп танылған. Ал нидерланды және түрік ғалымдары әлемдегі ең лас ақшаны анықтағаны үшін сыйлық алыпты. Олардың байыптауынша, есірткіге қарсы күресе алатын бактериялар Румыния банкноттарында ұзақ уақыт сақталады екен. Сәбилердің жаялығын ауыстыруға қабілетті машина ойлап тапқан ирандық өнертапқыш та салтанатты кешке шақыртылған. Италиялық Сильвано Галлус болса, медицина саласы бойынша қара үзіп шыққан. Оның тапқан жаңалығы – пицца жеу адам ағзасындағы біраз аурумен күресуге мүмкіндік береді екен. Алайда мұның қызық жағы да жоқ емес. Ол пицца міндетті түрде Италияда дайындалған болуы керек. Химия саласы бойынша жапондық ғалымдарға ешкім тең келмеген. Олар бес жасар баладан күн сайын орта есеппен жарты литр сілекей бөлінетінін есептеп шыққан. Әділқазылар алқасы биология саласы бойынша Сингапур, Қытай, Австралия, Польша, АҚШ, Болгария елінің ғалымдарының еңбегін жоғары бағалаған. Олар магниттенген өлі тарақандар тірілерге қарағанда магниттік күшін ұзағырақ сақтайтынын дәлелдепті. Міне, осылай тізбектеліп кете береді...
Қалжыңға құрылған бұл сыйлықты ғылыми-юморлық AIR журналы 1991 жылдан бері табыстап келе жатыр. Жарғыда жазылғандай лауреат атанған өнертабыстар адамды алдымен күлдіріп, сосын ойлантуы тиіс. Аталған журналдың редакторы Марк Абрахамстың айтуынша, сыйлық тағайындаудың түпкі мәні – ғылымды тіпті де қылжақтау емес. Әлем үшін, ғылым үшін маңызды, пайдалы жаңалықтар әркез салмақты мазмұнда болуы шарт емес. «Күлкілі, қызықты жаңалықтардың өзі адамзатқа пайда әкеледі» дейді ол. Әзірге Шнобель мен Нобельді қатар алған әлемде бір ғана адам бар, ол – Андрей Гейм. Ол 2000 жылы ұшатын бақаларға арналған магниттерді пайдалану жаңалығы бойынша Шнобель сыйлығын алса, арада тура 10 жыл өткенде физика саласында Нобель сыйлығын иемденді.
Бұл сыйлық жыл сайын 13 қыркүйекте табысталады. Ал лауреаттарды шынайы Нобель сыйлығының иегерлері марапаттайды. Бір қызығы – олар бұл салтанатты кешке әртүрлі күлкілі образда киініп келіп, шағын театрландырылған қойылымға қатысуға міндетті. Шнобель сыйлығының лауреаттары лауреат атанғаны үшін бір тиын сыйақы алмайды. Мәселен, бір жылдары Нью-Мехико қаласындағы ғалымдардың бірі стриптиз билейтін қыздардың бидің әр кезеңінде жиналған адамдардан қанша шай-пұл алатынын есептеп шыққан. Осы жаңалығы үшін ерекше сыйлыққа лайық деп табылған. Ал британиялық ғалым Крис Макманус болса ежелгі ескерткіштерде құлақтың қаншалықты дәлме-дәл симметриялы түрде салынғанын зерттеген. Осыны анықтау үшін ол Ренессанс дәуіріндегі 107 италиялық ескерткішті адақтап шығыпты.
Тоқетерін айтар болсақ, Шнобель – Нобельге жасалған пародия. Ұйымдастырушылар бұл арқылы Нобель сыйлығы мен оның лауреаттарын әжуалағысы келмейтін сыңайлы. Әр сәт сайын олар тек ғылым әлеміндегі ерекше жаңалықтарды елге таныту керек деген ұстанымдарын қайталап отырады.