Шын мұқтаждар тасада қалмасын
Шын мұқтаждар тасада қалмасын
313
оқылды

Көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек туралы айтыла бастағаннан жақсылықтан үмітті жанның бәрі елең етіп, жоғары жаққа құлағын түріп, демін ішіне тартып, сол күннің ертерек келуін тағатсыздана күтті. Жәрдемпұлға қолы жеткендер бөркін аспанға атып, қуанышта болса, бұл тізімге іліне алмай қалған аналар да әр-әр жерден наразылығын білдіріп жатты. Тізімге бір деммен іліге алмай қалғандардың дені – құжатқа деген салғырттығымыздан. Тіркеуде жоқ, аты-жөні дұрыс емес, тағы басқа түрлі себептері бар. Мұндайда құжатқа мұқият болу керегін тағы бір еске саламыз.

Атаулы әлеуметтік көмектен үміттілердің бірі Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғыны Зульфия Мырзабекова болатын. Алты баланың ана­сы құжаттарының дұрыс бол­мауынан жәрдемпұлға бірден қолы жетпеді. Әйтсе де, бүгінде құжаттары рет­теліп, осы айдан бастап атау­лы әлеуметтік кө­мекті ала бастады. Тіпті осы уақытқа дейін алынбай қал­ған жәрдемпұлы жиналып, әжептәуір қомақты қаражат бірден қолға тигенін айтып қуанышын жасыра алмай отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен отба­сы­ларға атаулы әлеуметтік кө­мек төлеу ары қарай жалғаса беретінін үнемі айтып келеді. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жол­дауында да бұл мәселені на­зардан тыс қалдырған жоқ. Дегенмен бұл мәселеге біраз сыни пікірін де білдірді. «Мем­лекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін қажетті шараларды қабылдауда. Алайда бірқатар шешім жан-жақты сарапталмай қабылданды. Нәтижесінде, бұл патерналистік пиғылдың ай­тар­лықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек ала­тын­дар саны 77 мыңнан 1,4 мил­­ли­он­нан астам адамға арт­­қан. Әлеуметтік көмекке бюд­­жеттен бөлінетін қаражат көле­мі 2017 жылдан бері 17 есе кө­бейді және одан да арта түсті. Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар не­ме­се әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыра­тын­дар көбейді. Жағдайы бар отба­сылардың әлеуметтік көмек ала­тыны туралы деректер бұғ­ан дейін бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланған болатын», – деді Президент өз Жолдауында.

«Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» демекші, жап-жақсы басталған істі кейін тартқан тағы бір топ бар. Олар – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, отбасылық жағдайлары жақсы бола тұра, түрлі құйтұрқы жолмен аз қам­тылған отбасыларға тиесілі жәрдемпұлдан дәметкендер. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та мұн­дайларды сынға алды. «Көптеген отбасы үшін атаулы әлеуметтік көмек – өмірлік өте қиын жағдайлардан шығар жол болды. Әйтсе де, кейбір адамдардың заң мен ережелерді аттап өтіп, жағдайды пайдаланғысы келе­тіні өкінішті. Ондай адамдар мем­лекетті ғана емес, өз-өзде­рін де, басқа азаматтарды, көр­шілерін, достары мен туыс­тарын алдап жатыр. Себебі бұл ақшаға шынында да, қа­жетті нысандарды салуға болар еді. Атаулы әлеуметтік көмек алушы 21 мың отбасы өзде­рінің шынайы табысын жасырған. Әу баста кейбіреулері әдейі табысын жасырып, айы­рылысып жатса, қазір басқа өңірге тіркеліп, бірнеше жерден алу үрдісі байқалуда. Мұндай фактілерді анықтауда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірге орасан еңбекті атқарып келеді» деді Дәурен Абаев.

Келеңсіз жайттарды анық­тауда электронды үкімет әдісінің де септігі тиіп жатқаны анық. Өйткені бір жерде тіркелген адам өзге жерге барып тағы тіркеліп, атаулы әлеуметтік көмек алуға әрекеттенгендердің ісі әшкереленіп қалып жатыр.

– Өкінішке қарай, соңғы жылдары түрлі себептермен халқымыздың тұрмысы біраз нашарлады. Елдің әлеуметтік ахуалына оң әсер етудің түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек беру, несиелерін төлеуге көмектесу – осы амалдың қатарында. Дегенмен осы атаулы көмекті алатын отбасыларды анықтауда неғұрлым әділ болуға тиіспіз. Уақытша ажырасып немесе «Джип» көлігін мініп жүріп осы жәрдемпұлға иек артып отырғандарды анықтау керек. Осы әлеуметтік көмекке шын мұқтаж болып отырғандар бар. Егер жалақы жоғары, жағ­дай дұрыс болса, олар мұн­дай әрекетке барар ма еді? Бұл олар­дың кінәсі деуге де бол­майды. Жалақы төмендеп кетті де, инфляция жоғары бо­лып тұр. Адамдардың нақ­ты табысы төмен. Сатып алу мүмкіншіліктері аз. Осы тұрғыдан алғанда бұл мәселеге байыппен қарауымыз керек. Зәулім үй салып, қымбат көлік мініп, несиеге белшесінен батып, осы әрекетке амалсыз­дан барып отырғандар да бар. Қазақ атам «Көрпеңе қа­рай көсіл» дегенді бекерге айт­паған. Бойымызда жалған намыс­шыл­дық бар. Қарызға батып отырып қымбат көлік мінеді, зәулім үй тұрғызады. «Ұят бо­лады» деп қарызға батамыз. Жағдайға қарау жоқ. Шамаң келмей ме, алғашында бір не­месе екі бөлмелі пәтер ал. Жоқ, «Ақыры алдым ғой» дейді де, төрт-бес бөлмелі пәтер алып, қарызға батады да қалады. Бұл дұрыс емес, – дейді экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов.

Мемлекеттік қаржы жө­нін­дегі сарапшы Шолпан Айтенова бір сұхбатында бұл бағдарламаның қазіргі қал­пында тиімсіз екенін айтады. Мұндағы негізгі мәселе – әлеу­меттік көмекке мұқтаж жан­­дарды анықтау қажет. Егер стат­мәліметтерге зер салсақ, ел хал­қының 4,3 пайызы, яғ­ни 800 мың адам кедейлік құрсауында өмір сүріп келеді. Бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың ай­туынша, атаулы әлеуметтік көмекті шілде айының өзінде 1,4 миллион қазақстандық, оның ішінде 900 мың бала алып отыр. Айтенова ханымның пікірінше, жергілікті атқарушы билік өкілдері көрсеткіштерді «жақсарту» тәжірибесін до­ға­руы қажет. Сонда ғана ста­тис­тика мемлекеттік саясат пен бағдарламаларды іске асыру құралына айналады. Түркістан облысындағы жағ­дай­ға тоқталар болсақ, АӘК алуға ниет білдіргендер ресми көрсеткіштен оншақты мыңға артық болған. Бұл жергілікті ат­қа­рушы органдар нақты есеп жүргізбегенін, аймақтағы ха­лықтың тұрмыс деңгейі қан­дай екенін білмейтінін аңғартады.

Бұдан түйгеніміз – осы күні «Бөрі аштығын білдірмес, сырт­қа жүнін қампайтар» нағыз біз болып отырмыз. Ал атаулы әлеуметтік көмекті беруде шы­­найы тізім болуы керек. Жергілікті әкімдіктегілер кімнің жағдайы қандай екенін бес саусақтай біледі. Сондықтан мем­лекеттен беріліп отырған жәр­демпұлдың талан-таражға түсуіне жол бермей, нағыз керек ете­тіндер алуға тиіс. Шүкір ай­тып, қанағат еткен халық ек, осы біз қайда барамыз? Ұлы Абай айтқан бес асыл істің бірі – қа­на­ғат­шылдығымыз қайда?