Тура жолдан таймаған
Тура жолдан таймаған
404
оқылды

Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақып «соқтықпалы, соқпақты» жылдардан өтті. Құрылысшы қызметінен бастап, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы мәртебесіне дейін көтерілді. Өмірлік кредосы – туралық, тазалық. Елдің экономикасы тұралап, саяси жүйе күйреп, халықтың тұрмысы мейлінше төмендеп, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен қиын уақыттарда талай жауапты қызметтерді атқарды. Өз ұстанымынан, адалдығы мен азаматтық қалыбынан еш уақытта айырылмады.

КІТАПХАНАНЫ ҚАЛАЙ САҚТАП ҚАЛДЫ?

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кез келген өңірге де тір­­шілік кешу оңай болған жоқ. На­рықтың өз заңдылықтары бар. Жалақы берілмейтін, зейнета­қы жетпейтін, ауыл түгілі об­лыс­тың бюджеті жоқ, ауыр кезең­дер басталды. Ауыл мен ауыл жал­ғас­пай, жолсыз, газсыз, ауызсу­сыз қалған қиын шақ еді. Дәл осындай қиын кезеңдерде, ең бір күрделі тұста облыс тізгінін қолға алу Қабиболла Жақыповтың маңдайына бұйырыпты. Мұндай сәтте елді тығырықтан алып шығу азаматтың азаматының ғана қолы­нан келетін шаруа. Бұл қалай жүзеге асты?

«Ең бірінші адамға қажеті – се­нім. Сенім болмаған жерде ел бас­қару оңай емес. Рас, біз тә­уел­­сіздік алған алғашқы жыл­да­ры әкім болдық. Ел үшін де, әкімдікті қолға алған азаматтар үшін де оңай кез емес еді. Бәріміз де жүрексіндік, бәріміздің де бо­йы­мызда «бұл қалай болар екен?» деген ой болғаны рас. Бі­рақ мұндай сәтте адамды алға итермелейтін ерекше күш бола­ды. Ол – туралық, тазалық, табан­­дылық», – дейді Қабиболла Қабенұлы.

ХХ ғасырдың 90-жылдарының басы. Экономика мен саяси ах­уал тұралап тұрған кез. Өндіріс бол­маған соң, өнім болмайтыны белгілі. Өнім болмаса, қаражат та жоқ. Не істеу керек? Өңірдің эко­­номикасын көтеру – басты па­рыз. Одан бөлек, мәдениеті мен әле­уеті тағы бар. Өзге өңірлерде жап­пай жабылып жатқан кітап­хана, мәдениет үйлерін сақтап қалу керегін әкім жақсы түсінді. Бір-бірін жалғап жатқан жолы жоқ ­үш аудан: Казталовка, Жәні­бек, Бөкей ордасын ойлаңыз. Шал­ғай­дағы ауданнан ағайын облыс орталығы Оралға кітап оқуға келе алмайтыны белгілі. Мәдениет кетсе, кітап оқылмайтын болса, руха­ни азық болмаса, адам биікке көте­ріле ала ма?

Қабиболла Қабенұлы сол күн­дерді еске алып: «Облыс орта­лы­­ғындағы болмаса, жергілікті өңір­дегі кітапханалар Мәдениет үйіне қарайды. Сол себепті, бі­рін­ші кезекте Мәдениет үйін сақ­тап қалу керек болды. Ол үшін бір штатты төртке бөлуге тура кел­ді. 25 пайызын клуб мең­геру­ші­сіне, 25 пайызын кітап­ха­на­шы­ға, 25 пайызын еден жуу­шы­ға, 25 пайызын өнерпазға бердік. Адамдардың да келіспеске ама­лы жоқ еді. Өмірбойы сол жерде қызмет атқарған жандарға басты­сы – жұмысын сақтап қалу. Ғи­ма­рат бір апта қараусыз қалса, оның жағдайы не болатынын өзі­ңіз де білесіз. Біреу терезесін сын­­дырады, біреу есігін ұрлайды. Өйт­кені жан бағу керек. Қоғам бір­ден нарыққа бейімделіп кеткен жоқ. Біртіндеп қана көше бастады. Сол ауыр жылдарда қиындыққа шыдамай, күйреп кеткендер де көп. Бірақ біздің парызымыз – ел­­дің еңсесін түсірмей, көп бо­лып көмектесіп, тығырықтан алып шығу ғана болды. Соның ар­қасында бірде-бір кітапхана, мә­дениет үйі жабылған жоқ», – дейді.

 

ОРАЛДАҒЫ 3ЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ 

Батыста жабылмай, қиын­дық­қа төтеп берген саланың бірі – спорт. Әкім спорт мектеп­те­рін қа­лай сақтап қалды? Кез келген мә­лімет әуелі әкімге же­те­тіні бел­гі­лі. Алдына келген құ­­жат­тарды тек­се­ретіндер де, тексермейтіндер де бар. Ал Қабиболла Жақыпов ондай емес. Кез келген нәрсеге мұқият қарап, жіті қадағалап отырады. Бір­де алдына келген құжаттардың бірінен жасөспірім екі баланың қыл­мыс жасағаны туралы ақпа­ратты көзі шалады. Жалақы жоқ. Жұмыссыздық жайлаған. Ұрлық-қарлық көбейген кез. Екі бала не істеген дейсіз? Киоскіден бір орам кола мен бір қорап сникерс ұр­лапты. Прокурор да, сот та еке­уін соттап жіберуге бейім. Әкім бұған жол бергісі келмеді. Бұл салаға жауапты адамдарды ша­қырып алды да: «Балалардың ертең сотталып келгеннен кейінгі тағдырын ойладыңдар ма? Олар түрмеден түзеліп келе ме? Сендер балаларыңа ақша бере аласыңдар. Ақша таба алмай отырған қанша отбасы бар? Олар не істеу керек? Ол баланың да сникерс жеп, кола ішкісі келеді. Сосын амалсыз ұр­­­лыққа барады» дейді. Сөйтіп, екі баланы арашалап алып қала­ды. Бұл сол Орал өңіріндегі екі баланың ғана тағдыры. Одан бөлек, қанша тағдыр бар? Олардың да қылмыс жасамауына кім кепіл? Сол жылдары облыста балаларға арналған 32 спорт мектебі болған екен. Облыстық бюджеттен қар­жы­­ландырылады. Ендігі амал, осы мектептерді сақтап қалу. Әрі спорт – балалар қылмысын азай­туға да себеп болады. Осыны мық­тап ой­лас­тырған Қабекең бір жағы ұлт сау­лығын, екінші жағынан жұртты жаман­дықтан сақтаудың амалын табады.

«1996-97 жылдар өте қиын ке­зең болды. Республикадан келе­тін көмек жоқ. «Жасөспірімдер арасында чемпионат өткізсек қайтеді?» деген ой туды. Оны өткізу оңай емес. Әкімдікте ақылдаса келіп, шайбалы хоккейден әлем чем­пионатын өткізейік деген тоқ­­тамға келдік. Ұйымдастыру ко­митетінің де өз шарттары бар. Мұз айдыны барлық талапқа сай келуі керек. Оның үстіне,   Шве­ция­ға ұшақ та ұшпайды. Бар­лы­ғы тек Мәскеу арқылы. Оның өзін­де Мәскеуден Самараға келу­ге тура келеді. Қиындықтың бә­рі­не қарамастан, келісімге ке­ліп, чемпионат өткізуге шешім шы­­­ғардық. Швеция, Норвегия, Фин­ляндия, Ресей және Қазақ­стан. Осы бес мемлекеттен жас­өс­пі­рімдер қатысты. Стадион толып кетті. Бірінші орын – шведтер, екінші орын – Ресей, үшінші орын­ға Қазақстан табан тіреді. Сол чем­пионат өткеннен кейін ертесіне үш жүз бала үйірмеге жазылыпты. Әлем чемпионатының балаларға қандай рух бергенін осыдан-ақ байқап отырған шығарсыздар», – дейді Қабиболла аға.

Әлі күнге батыстықтар бұл жарысты аңыз қылып айтады. Әлем чемпионаты балалардың жүрегіне жеңімпаздық дәнін септі. Көп жастың жүні жығылмады, қиындықтан қашып, қуыс-қуысқа тығылмады...

 

ҰЛТТЫ САҚТАҒАН АНАЛАР 

«Қазақ қоғамын қиын кезең­дер­де сақтап қалған – әйелдер. Өйт­кені ер азаматтардың көбі күйреуік, қиындыққа көп төзе алған жоқ. Ішіп кеткендер де, өзін-өзі құрбандыққа шалғандар да көп болды. Ал отбасын сақтау – әйелдердің иығына түсті. Шиеттей балаларды асырап-сақтау үшін күн-түн демей еңбек етті. Иығы­на ала дорбасын арқалап, базар жа­ға­лап кеткендер де – аналар. Егер сол жылдары аналар осын­дай тәуекелге бармағанда, біз бұл қиындықты жеңіп шыға ал­мас едік», – дейді Қабиболла Қабен­ұлы.

Бірде кейіпкеріміз станциядан түсіп, вокзалда көже сатып тұрған келіншекті көреді. Сағат – түнгі төрт. Жалғыз өзі. Қолында бес литр көже, бес литр сүт, бес литр ай­­раны бар. Көп болса, пойыз үш минут тоқтайды. Қабиболла аға келіншекке жақындап, «мынаның бәрін сатып аламын» дейді. «Қан­ша?» деп сұраса, «барлығы – 250 теңге» депті. Келіншектің қо­­лына 500 теңгесін ұстатып, жүре беріпті. Бұл кезде бір бөлке нан­ның құны – 30 теңге. 250 теңгеге келін­шек бала-шағасын асырау үшін үш-төрт күнге жететін азық алатын еді.

«Аналардың сол бір жанкешті еңбегі туралы көлемді шығарма жазылған жоқ. Бұл аналарға арнап повесть, роман жазсақ та артық емес. Олар отбасын ғана емес, тұ­тас ұлтты, мемлекетті сақтап қал­ды», – дейді кейіпкеріміз.

 

ЧАПАЕВТЫҢ ОРНЫНДА ЖҰБАН ТҰР

Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес облысымен шектесіп жатыр. Өңірде казактар да өте көп. Ал сол жылдары Оралдың ор­та­лығында Чапаевтың бір емес, екі ескерткіші тұрды. Чапаев­ты алып тастауға жергілікті тұр­ғын­дар қарсы. Не істемек керек? Әрине, әкімге Чапаевтың орнына Жұбанның ескерткіші тұрғаны керек. «Чапаевтың ескерткіші тура орталықта тұр. Айналасы – саябақ. Жергілікті тұрғындардың демалуына да әдемі мүмкіндік жасалған. Ал ол орынға Жұбанды ауыстырайық десек, қарсылар көп. «Басқа жерге тұрғызыңдар» дейді. «Жоқ, Жұбанның ескерткіші де тұп-тура осы орталықта тұруы ке­рек» деп қасарысып бақтым. Сосын милиция бастығын шақы­рып алып, «Ертең ескерткіш­ті қоя­мыз. Сендер жан-жағынан күзе­тіп тұрыңдар» дедім. Қойдық. Нара­зы болғандар да ақырында шулап-шулап қойды», – дейді Қабең.

Қабиболла Қабенұлының тағы бір ерлігі – қазақ драма театрын ашуы. Оралда 1941 жылдан кейін драма театр болмаған. «Оралда Островский атындағы орыс драма театры бар. Ол XIV ғасырдың ба­­сында салынған. Ал қазақ театры ХХ ғасырдың басында ашыл­ған екен. 1941 жылы театр ғимараты өртеніп кетіпті. Театр өртеніп кеткен соң, директорын соттап жібереді. Труппа қалды. Тарих бойынша, 1942 жылы 1 қыркүйекте Сталин Орал облысында майдан шебін құру туралы жарлығын шығарады. Орда, Жәні­бек, Казталовка аудандары Вол­гоградпен шектесіп жатыр. Во­л­гоградтың оң жағында не­міс­­тер, сол жағында тылдағы май­дан­герлер. Майдан шебі құрылған соң, труппаны Атырауға жібереді. Осылайша, батыс мүлдем театрсыз қалады. Әкім болып келген 1993 жыл­дары ауыл ақсақалдары жиы­лып, маған келді. «Біз осылай театр­сыз отыра береміз бе? Бір ама­лын таппайсың ба?» деп қол­қа салды. Оралда зауыт көп. Әр зауыттың өз мәдениет сарай­ла­ры бар. Бір күні бір зауыттың бас­тығын шақырып алдым да, «Құрманғали, сендердің мәдениет сарайларыңды аламыз» дедім. Ол зауыттың мәдениет сарайы әдемі жерде орналасқан. Өзінің саябағы бар. Сөйтіп, зауыт дирек­торы­мен келісіп, 1993 жыл­дың 16 желтоқсанында театр­дың шымылдығын аштық. Жан-­жақтан батыстан шыққан ар­тис­терді жинадық. «Жылына үш пәтерден беріп отырамын. Жас­тарға жатақхана беремін» деп айттым. Киімдерін Мәскеу­де тік­тірдік. Режиссерді Маң­ғыс­­тау­дан алып келдік. 1997 жы­лы жаңа ғимараттың ірге­та­сын қа­ла­дық. Мәдениет министр­лі­гі­мен келісімге келуге тура кел­ді. Олар «комедия театрын ашыңдар» дегендей болды. «Драма театр болып ашылған соң, солай жалғастырған жөн» деп, алған бетімізден қайтпадық. Батыс Қазақ­стан облысындағы Хадиша Бөкеева атындағы драма театрдың іргетасы осылай қаланды», – дейді Қабиболла аға.


ДАРЫНДЫ БАЛА ҚАЙДА ЕКЕН?

Бірде Қабиболла Қабенұлының кабинетіне өрімдей жас жігіт келіп, қабылдауға жазылады. Бар-жоғы – 16 жаста. Жастың да, жасамыстың да көңілін қалдырмайтын әкім жас баланың кіруіне қарсы болмайды. Жігіт – Бауман атындағы Мәс­кеу мемлекеттік техникалық уни­­верситетінің студенті. Ә де­ген­нен әкімге: «Менің әке-ше­ше­ме баспана беріңізші» депті. «Неге?» дейді әкім. Сөйтсе, жас жігіт­тің ата-анасы қаланың ше­тін­дегі барақ үйлерде тұрады екен. Тұрмысы өте нашар. Әке-ше­ше­сі мектепте мұғалім. Жалғыз қарындасы бар. 15 жасында мектеп бітіріп, Бауманға оқуға түскен. Вундеркинд баланы университет бірден оқуға қабылдаса керек. Сол жолы жас бала университет бітіріп келген соң, елге қызмет етуге уәдесін беріп кетеді. Әкім де жастың тілегін жерге тастамай, әке-шешесіне үш бөлмелі пә­тер­­дің кілтін тапсырады. Бұл оқиға мүлдем ұмытылған. Ара­ға жиырма жыл салып, әлгі жігіт­тің қарындасын Нұр-Сұлтанда кезіктіріпті. Қабиболла Қабенұлын танып, арнайы келіп, сәлем бе­ріп­ті. Қазір сол бір дарынды жас Ир­лан­диядағы үлкен бір ком­па­нияда басшылық қызмет атқарады екен. Ата-анасының алғысын жеткізген қыз бала әкімге ризашылық сезі­мін білдіріпті. Кісіге жасаған жақ­сы­лық ұмытылмайды деген – осы.

 

P.S. 


Әрине, мәдениетсіз қоғам жасай алмаймыз. «Мың өліп, мыр тірілген» қазаққа өлмейтін жыр арнаған Жұбан Молдағалиевтің еңселі ескерткіші Орал төрінде қасқайып тұрса, бұл да Қабиболла әкімнің жеңісі. Санкт-Петерборда тұңғыш Думаға қатысқан қазақ, Әлихан Бөкейхановтың бюсті қойылса, ол да Қабиболла Қабенұлының жемісі. Батыстағы  мәдениет ошақтарын аман сақтап қалғаны үшін де әкімге дән-риза халық көп. Қабиболла Қабенұлының батыстықтар ерекше құрметтейтін тағы бір қасиеті – турашылдығы, кішіпейілдігі, тазалығы.  Қазақстан тарихында 8 жылға жуық әкім болған адам жоқ. Бұл да Қабиболла Қабенұлына тиесілі. Демек, Қабиболла Жақыповтың Батыста өлмейтін, өшпейтін ізі қалды. Тәуелсіздік уығын тіктеген көптеген ісі әлі талай айтылар.

...Ең бастысы, Қабиболла салған соқпақ бар. Ол соқпақ ұзақ жылдар бойы елдің есінде, жұрттың жадында қалары сөзсіз.