Ауылдағы балалардың бос уақытына көңіл бөлінбейді – кәсіпкер
Ауылдағы балалардың бос уақытына көңіл бөлінбейді – кәсіпкер
269
оқылды
Осыдан тура он күн  бұрын елімізде «Nur Otan»-ның партияішілік іріктеуі – праймеризге қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды. Партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді. Жарқайыңдықтар да праймеризге белсенді қатысуда. Он күн  ішінде Жарқайың ауданы бойынша 33 адам праймеризге қатысуға ниет білдірсе, оның 15-і әйел азаматтар, ішінде көпбалалы ана да бар. Жастардың саны  – 11. Солардың бірі – Жарқайың ауданының кәсіпкері Жансая Алмұқанова. Жансая Серікқызы құқық қорғау органдарында  еңбек етіп, бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шыққан соң «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында арнайы курсты тәмамдап, «Жас Project» жобасы арқылы грант ұтып алып, Державинск қаласында балаларға арналған ойын-сауықтыру орталығын ашады. Гранттың тәртібі бойынша, алғашқы жарты  жыл бойы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін қызмет көрсетеді. Төрт жыл көлемінде кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Жансая мұнымен тоқтап қалмай, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлер үшін берілетін грантқа ие болып, мерекелік безендіру жұмысын қолға алады. Үнемі халықтың ортасында жүрген Жансая елді мекендерде ауыл балалары  үшін ойын алаңдарының, сауықтыру орындарының жоғына алаңдаулы. «Праймеризге қатысудағы мақсатым, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың бос уақытына көңіл бөлінбейді. Балалардың лагерь, сауықтыру орындарында демалуына, емделуіне көбірек жағдай жасалса», – дейді Жансая Сонымен қатар шалғайдағы елді мекендегі азық-түлік бағасының реттелмеуі де өзекті мәселе дейді ол. Облыс орталығынан 500 шақырым шалғайда жатқан жарқайыңдықтар үшін дүкендегі азық- түліктің бағасы аса маңызды мәселе болып отырғанын жеткізді. «Өзім ауыл халқымен етене араласып жүргендіктен, ауылдың проблемасын білемін деп айта аламын. Праймеризге қатысып елдің мұңын жеткізсем, перзенттік парызым орындалды деп білемін»,– дейді Жансая Алмұқанова.