Қазақстанда қанша педофил бар?
Қазақстанда қанша педофил бар?
445
оқылды

Педофилия дертімен күресу оңайға соқпай тұр. Елдің шы­ғысында біреуін жазалап жат­сақ, батыста тағы бірі 5-6 жа­сар қыздың тағдырын тас-талқан етіп жатады. Жағдайдың өр­шігені сонша, қазір ата-аналар балаларын мектепке ж­іберудің өзіне қорқып қалған. Жыл басынан бері кәмелетке толмаған балаларға жыныстық зорлық көрсеткен 589 оқиға тіркеліпті.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың ай­туынша, қазіргі таңда по­ли­­ция тізімінде 1350 педофил тір­­­кеуде тұр. Ал республика бойын­­ша 1575 адам кәмелет жа­­сы­на толмаған балаларға сек­­суал­ды зорлық көрсеткені үшін жа­засын өтеп жатыр. Сегіз ай­дың қорытындысы бойынша, Қыл­мыстық кодекстің 124-ба­бы «Жас балаларды азғыру» бойын­ша қылмыс біршама азайған. Алайда кәмелетке толмағандарға сексуалды зорлық-зомбылық көр­сету көлемі әлдеқайда өс­кен. Министрлік өкілдерінің мә­лімдеуінше, әрбір екінші қыл­мыс жеке пәтер, үй және жа­­­тақханаларда болады екен. Бұдан да сорақысы қылмыстың 77 пайызын жәбірленушінің жа­қыны мен туыстары жасайтын бо­лып шыққан.

– Олар өгей әке, анасымен бір­ге тұратын ер адам, туыстары, көр­шілері, таныстары болып кете бе­реді. Мұндай қылмысқа дәлел жи­нау кезінде біраз қиындық туын­дайды. Осындай істер ке­зін­­де куәгер табу қиынның қиы­ны. Ал айыптау негізінен жә­бір­ленушінің айтқаны арқылы дайын­далады. Біз барынша кінәлі адамды табуға тырысамыз, – дейді Марат Қожаев.

Алты жасында жыныстық зор­лыққа тап болған жанның бірі – Ләззат Рақышева. Қазір «Ба­­­лалар зорлық-зомбылыққа қар­сы қоғамдық қорының» құ­­­рылтайшысы болып еңбек ете­тін ол туыстарымның көмегі ар­­­­қасында қалыпты өмірге бейім­деліп кеттім дейді.

– Алты жасымда зорлық көр­­гем. Шешемнен алты ай­лы­­ғым­да жетім қалғанмын. Сөй­тіп, шешемнің сіңлісі мені қам­қорлығына алып, дәрігерге көр­сетіп, психологтарға апарып, жағ­дайымды реттеу үшін барын са­лады. Соның арқасында қа­лып­ты өмірге түстім. Дегенмен ол жағдай санадан ұмытылмайды. Зорланғаннан кейін талай уақыт бойы ұйқымнан шошып оянып жүрдім. Сондықтан болар зорлық көрген балалардың құқын қор­ғау­ға, олардың жанайқайын жет­кізу­ге тырысып жүрмін, – дейді Ләз­зат.

Елімізде қылмыстың дәл осы түріне қатысты өлім жазасы та­ғайындалуы мүмкін. Сенатор Мұ­рат Бақтиярұлы бірнеше күн бұрын дәл осындай ұсыныс жа­сады.

– Әйелдерге, қыздарға, ба­ла­ларға зорлық көрсету ауыр қы­л­мыс саналады. Ал біздің Қыл­мыстық кодекс бойынша оларға өте жұмсақ жаза кесіліп жатады. Бұған дейін сенаторлар тобы осын­дай қылмыстар үшін өлім жа­засын тағайындауды сұраған еді. Парламент мүшесі ретінде бұл ұсынысты қолдаймын, – дейді депутат.

Еске салсақ, елімізде Қыл­мыс­тық және Қылмыстық-про­цессуалдық кодекстерге түзету ен­гізілмек. Ол бойынша әдейі ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жауапкершіліктің қатаңдатылуы да қамтылған. Енді жас балаға сексуалды зорлық көрсеткендер өмір­бойына немесе 20 жылдан кем емес мерзімге сотталуы мүм­кін. Ләззат Рақышева өлім жазасы енгізілуі керек деген пікірде.

– Жәбірленуші ретінде өлім жа­засының енгізілгені дұрыс деп есептеймін. Күнделікті ес­тіп жатамыз – бала зорлау са­ны өсіп бара жатыр. Оларды қа­­­лай жазаласақ та азаятын емес. Сотталса да өкінбейтін сияқ­ты. Отырып шыққаннан кейін сол баяғы әдетіне қайта ба­сады. Әрі оларға кесілетін мер­зім де соншалықты көп емес. Сондықтан өлім жазасы – олар­дың жолын кесіп, қылмыс кө­ле­мін азайтатын бірден-бір шешім, – дейді ол.


https://youtu.be/kAid3izlha4

Ал «НеМолчиKZ» қоғамдық қо­рының директоры Алмат Мұ­ха­меджановтың айтуынша, біздің мемлекет педофилдер үшін өлім жазасын енгізуге әлі дайын емес.

– Әйелдер мен қыздарға жы­ныс­тық зорлық, оның ішінде ба­лаларға сексуалды зорлық көрсету қыл­мысы бойынша өлім жазасын енгізу әзірге ақылға сыйымсыз. Неге? Себебі, біздің елдің сот жүйе­сі әлі бұған дайын емес. Біз­дің судьялар мен сот саласы қыз­меткерлерінің біліктілігі мә­селенің ақ-қарасын ашуға, са­раптауға, шын қылмыскер мен жалған қылмыскерді тануға дайын болмай отыр. Оны әртүрлі сот процестерінен де естіп, біліп жатамыз. Мәселен, қазіргі таңда педофилия бойынша түрмеде отыр­ған үш кінәсіз адамды біле­мін. Олар – нақақтан нақақ жа­заға кесіліп кеткен жандар. Ер­теңгі күні өлім жазасы енгізілетін бол­са, онда тағы да осындай кі­нәсіз адамдар зардап шегіп қа­латын сияқты. Ал өлім жазасы бір мәрте шешім шыққан соң қайта қарастырылмайды. Сондықтан мемлекеттегі сот жүйесіне то­лық­қанды реформа жасалып, тазартылып, содан кейін барып аталған ауыр жаза енгізілсе, қол­дауға болады, – дейді маман.

Әзірге Қазақстан педо­фил­дерді жазалауды химиялық кастрация арқылы жүзеге асыруда. Аталған ереже 2018 жылдың 1 қаң­тарынан бастап енгізілген. Осы үшін былтыр бюджеттен 9 миллион 629 мың теңге бөлінген. Ал 2019 жылы 11 миллион 038 мың теңге бөлінген. Мұндай ақ­паратты Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің Медициналық кө­мек ұйымдастыру департаменті та­ратты. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық уни­верситеті Психиатрия ка­фед­ра­сының профессоры Ға­лия Құ­дия­рованың сөзінше, хи­миялық кастрация жасау – уақытша құ­былыс. «Мұны мәселенің ше­шімі деуге келмейді. Ертеңгі кү­ні ол қайталануы мүмкін. Пе­дофилдерді тап басып тану да қиын. Олар күндіз тәртіпті, кә­дімгі адамдар сияқты жүреді де, кеш түсе өзгеріп сала береді. Жас бала немесе қыз көрсе бол­ды күндізгі адамгершілігі жо­ғалады да, нағыз қаскөй адамға ай­на­ла­ды» дейді сарапшы. Әлемде пе­дофилдермен күрестің түрлі тәсілі жолға қойылған. Соның бірі – педофилдер картасын дайын­дап, оны сайтта және қалаларда, ша­ғын аудандарда арнайы тақ­тай­шаға іліп қою. Бізде бұл мәселені Бас прокуратура 2016 жылы қолға ал­ған. Алайда ол электронды түр­де ғана жасалды. Аталған сіл­те­м­е­­ге қазір кіру мүмкін емес. Ал АҚШ-тағыдай өңірлерде «мына ау­­данда педофил тұрады» немесе «бұл аймақ педофилдерден ада» де­ген сияқты жазулар ілінген жоқ. Бізге «өлім жазасы керек пе, жоқ па?» деген сауал-тартыстан гө­рі, аталған тәсілді енгізу ұтым­ды­­рақ сияқты кө­рінеді. Әлем ел­­­де­рі қолға алған та­ғы бір әдіс – химиялық кастрация. Бірер жыл бұрын Украинаның да Жо­­­ғарғы Радасы осы ережені заң­­дастырды. Олардың заңы бойын­­ша қылмыскерге 7-15 жыл ара­­лығында жаза кесіледі және мер­зімінен бұрын босап шығу қа­растырылмайды. Сондай-ақ сот­ты болған адам өмір бойына әкім­шілік бақылауда болады. Мұндай тәртіп Польшада да бар. Олар Әділет министрлігінің сайтында педофилия бойынша сотталған 768 адамның жеке мәліметтерін (суреті, аты-жөні, мекенжайы) жа­риялаған. Сонымен қатар аса ауыр сексуалды қылмыс жа­саған тағы 2600 адамның да ашық реестрі дайын. Бұл ті­зім құқық қорғау органдары, мек­теп, балабақша, жазғы лагер бас­шылары үшін қолжетімді.

Ал АҚШ-та химиялық каст­ра­ция 1996 жылдан бе­рі қол­да­нылады. Оны алғаш­қы­лар­дың бірі болып Калифорния шта­ты қолға алған. Бұл жақта да педофилдер туралы ақпарат ұлт­тық мәліметтер базасында жа­рияланып отырады. 14 штат­та олардың мектеп, автобус аял­дамасы, балабақша маңына қо­ныстануына қатаң тыйым са­лын­ған. Ресей – педофилдер үшін ең қатаң жаза енгізетін елдер қатарында. Мемлекет 14 жастан аспаған балаларға жы­ныстық зорлық көрсеткені үшін қыл­мыскерді өмір бойына бас бос­тандығынан айырады.

Ләззат Рақышеваның сө­зін­ше, АҚШ-та үйді жалға алуға кел­ген адамның педофилияға қа­тысы бар-жоғы міндетті түрде тек­серіледі екен. Осы арқылы қо­ғамда оларды тоқтату әртүрлі тыйымдар арқылы жолға қойыл­ған. Бізге де осындай әлеуметтік қатаң тыйымдар, әрбір адамның өмірбаянын қатаң бақылау қолға алынуы қажет секілді. Әйтпеген күнде педофилдерге жем болға­ны­мыз болған. Ал оларды бала жас­тан ізгілікке тәрбиелеу, ха­­лық­тың материалдық жағ­дайын жақсарту, сол арқылы мұқ­таждықтан арылту, олардың нан іздеп немесе құр сенделіп қыл­мысқа баруына жол бермеу – кешенді проблема. Дәл қазір біздің мемлекеттің алдында тұрған ұлы іс десе де болғандай.