Осыған дейін елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы жиі айтылып келген. Алайда жобаның нақты іске қосылуы кейінге қалдырылған болатын. Ал осы жолы жасаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жүйені 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосу керегін қадап айтты. «Мемлекеттік тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі сақталады» деді ол өз сөзінде.
Еске салсақ, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң 2015 жылы 16 қарашада қабылданған. Заң сақтандырылған адамның құқықтары мен міндеттеріне жауап беріп, арнайы медициналық көмек пакеті әзірленетін болады. Биыл, 18 маусымда Үкімет отырысында сондай екі пакеттің тізбесі бекітілген. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) жаңа моделі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың тәуекелдері төмендейді. Ал сақтандырылған азаматтарға ТМККК-ден тыс медициналық қызметтер, оның ішінде қымбат тұратын тексерулер қолжетімді болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап МӘМС қорына 205 млрд теңге түсті. Жүйенің жұмыс істеуін қадағалайтын тиісті заңнама да бар. Сондықтан жоба өз жұмысын бастауға дайын деп бағалауға да толық негіз бар.
ҚАРАЖАТ ҚАЙДАН ТҮСЕДІ?
Қорға түскен 205 млрд теңгенің 186,9 миллиарды – жұмыс берушілердің жалақысынан аударылған сома. Ал 8,8 млрд теңге – әртүрлі азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша еңбек ететін жеке кәсіпкерлер мен тұлғалардың жарнасы. Өңірлер бойынша ең көп қаржы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан және Қарағанды облысынан жиналған.
Қазіргі таңда республика бойынша 17 миллионнан астам адамның мәртебесі анықталыпты. Министрлік 2020 жылға таман халықтың 94,5 пайызы сақтандырылатын болады дейді. Жеңілдік жасалған 15 санатқа кіретін 10,9 млн азамат үшін қаржыны мемлекет өзі төлейді. Олардың қатарында зейнеткерлер, балалар, көпбалалы аналар, әлеуметтік аз қамтылған топтар бар. Ал 5,7 млн жалдамалы қызметкер үшін жұмыс беруші жарна төлеуге міндетті. Қазіргі таңда мәртебесі анықталмаған 1 миллионға жуық адам бар.
МӘМС пакетіне, тіпті қымбат қызметтерге дейін қолжетімді болады:
• 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жүкті және көпбалалы аналар стоматологиялық қызметтерді алатын болады;
• 5 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге және босанған әйелдерге жедел жәрдем шақыруларын қоспағанда, 65 жастан асқан адамдарға үйде қозғалыс шектелген кезде қызмет көрсетіледі;
•Балалар мен еңбекке қабілеті шектеулі адамдарға амбулаториялық жағдайларда және стационарларда медициналық оңалту қолжетімді болады.
ЖҮЙЕНІ ЕНГІЗУГЕ 20 ЖЫЛДАН БЕРІ ДАЙЫНБЫЗ
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, міндетті сақтандыру жүйесін енгізуге Қазақстан толыққанды дайын. Ол бұлай деп Алматыда медициналық мекеме өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді.
– Шын мәнінде Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге бұрыннан дайын. Барлық дағдарыс, жүйелік проблемалар, сапа мәселесі, медициналық қызметтің қолжетімділігі түбегейлі өзгерістерді күтіп тұр. Сол себепті біз психологиялық және моральдық тұрғыда дайынбыз. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы сонау 2000 жылдардың өзінде мәселе көтерілген. Техникалық дайындығымыз жоғары. Себебі емхана, аурухана, лаборатория, ғылыми орталықтарға қызмет көрсету бойынша өзіндік желі бар. Оның бәрі 2 жылдан бері Медициналық сақтандыру қоры арқылы жұмыс істеп жатыр. Қор қаржылық ұйымдардың сатып алушысы саналады. Сатып алу, электронды келісімдер, төлем жүйесі бар. Барлық процесс онлайн-жүйе арқылы жүзеге асады, – дейді министр.
Министрлік ұсынған ресми құжатта жүйені басқару үшін бюджеттен қосымша 2,3 млрд теңге бөлінгені айтылады. Оның 1,8 млрд еңбекке қабілетті ересек және 18 жасқа дейінгі балаларды кәсіби тексеруге бағытталмақ. 175 мыңнан астам адам жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және вирустық гепатит ауруларын ерте анықтау үшін тексеруден өтуі тиіс. Сондай-ақ тағы 450 млн теңге инсульт, инфаркт, ауыр жарақат немесе күрделі ота жасаған адамдардың оңалтудан өтуі үшін жұмсалады. Алайда аталған көмек түрлерін елімізде жеткілікті деңгейде дамыған деп айта алмаймыз. МӘМС пилоттық жобасын өткерген Қарағанды облысында 3 мыңнан астам адам оңалтуды қажет еткен күйде күн кешуде. Шалғай аймақтарда қызмет көрсету сапасының төмен екенімен министр де келіседі.
– Әрине, алыс ауылдарда, фельдшерлік-акушерлік бекеттерде проблемалар бар. Олар жұмысты онлайн атқаруға келгенде қиналады. Бірақ бұл соншалықты сынға алатындай жағдай емес. Шынын айтсақ, осы уақытқа дейін бүкіл жұмыс қағаз жүзінде атқарылды. Сондықтан аталған орындағы жұмыс қағаз арқылы жалғаса береді. Техникалық мәселелерді реттеуге тырысамыз. Уақыт өте келе шалғай аймақтарды да интернетпен қамтимыз, – дейді ведомство басшысы.
ЖАЛАҚЫ ЖОҒАРЫЛАЙДЫ
Біртановтың сөзіне сүйенсек, 2020 жыл жаңа медициналық қызметтер көрсетілетін ғана емес, жалақының да көбейетін жылы болмақ. Мемлекет келер жылы аурухана, жедел жәрдем, стационар және ауруханаларды қаржыландыру деңгейін арттырмақ. Бұл өз кезегінде 1 қаңтардан бастап медициналық қызметкерлер жалақысын жоғарылатуға себеп болады. Еске салсақ, 2019 жылы медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы екі рет өскен болатын. Алайда мұндай мүмкіндікке ие болғандар – медициналық ұйымдардың табысы төмен қызметкерлері ғана. Яғни, шамамен 191 мың адам. Бірақ маусым айында барлық медицина қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға арттыру туралы бұйрық шықты. Осының арқасында 400 мыңдай адам еңбекақысын үстемеледі.
«Денсаулық сақтау министрлігі мен ММС қорына түсетін қаражатты есепке ала отырып, 2020 жылдан бастап тарифтерді кезекті арттыру үшін қосымша есептер дайындауда. 2025 жылға қарай Қазақстандағы дәрігерлердің орташа жалақысы 500 мың теңгені құрайды» делінген министрлік мәлімдемесінде. Бұған дейін министрлік басшысының өзі «Біз дәрігерлерді ынталандырып, ұстап отыруға болатындай жалақыға ұмтыламыз. Табысы жоғары болса, мамандар жоғары еңбекақы үшін басқа елдерге кетпейді» деген еді.
ТҮЙІН