Қаһарман қыздың оралуы

Қаһарман қыздың оралуы

Екінші дүниежүзілік соғыста жау төбесінен оқ жау­ды­рып, қанды қасаптан аман шыққан қайсар қыз, штурман-ұшқыш Хиуаз Доспановаға Атырау жұрты еңселі ескерткіш орнатты. Бұл – Халық қаһарманына арнап елімізде ашылған ең алғашқы ескерткіш. Соғыстан кейін де адам көтере алмас атақ-даңқымен тып-тыныш тіршілік кешіп, ел басқару ісін де абыроймен атқарған ол батыр едім, басқа едім демеді. Марапат сұра­мады, марапат Хиуаз Қайырқызын өзі тапты. Аты­рау халықа­ралық әуежайының алдында бой көтер­ген ескерткіш те туған топырағының қанатты қызына құрметі.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы дала­ның жеті қыры» бағдар­ла­маларына сәйкес, Екін­ші дүние­жүзілік соғыстағы же­ңіс­тің 75 жылдық мерейлі мере­ке­сі қарсаңында орнатылған ес­керт­кіштің орналасқан жері сәтті таңдалған екен. Әуежайдан шыққан жолаушыны қарсы алдынан жылы жымиған Хиуаз қарсы алады. Ұшағынан жаңа ғана түсіп келе жатқан Хиуаз шлемін қолына ұстаған, жүзінде сапардың сәтті болғанын білдіргендей қуа­ныштың ізі бар. Ескерткіште дина­мика бар. Ескерткіштің екі жағына орнатылған орындықтар ұшақтың пропеллеріне ұқсатып жасалған. Атырау әуежайына қонар кезде терезеге көз салсаңыз, Хиуаз Дос­панова ескерткішінің тұтас ан­самб­лін көресіз. Қоспасыз қола мен граниттен жасалған ескерткіш тоз­байды, сынбайды. Мемлекеттік тұл­ғаның ескерткішіндегі мемле­кет­тік рәміз – көк тудағы оюдың символикалық мәні бар. Хиуаз ескерткішінің желке тұсына штур­ман-ұшқыштың ПО-2 ұша­ғы ұшып бара жатқандай етіп жа­са­лыпты. ПО-2 ұшағы ор­на­тыл­ған тас неге үшбұрыш? Бұл Хи­уаз мінген ұшақтан қалған ізді біл­діреді. Хиуаздың мәңгілікке қал­­дырған ізі. Сол ұшақ ізі іс­пет­ті тасқа Хиуаз Доспановаға бе­ріл­ген Халық қаһарманы медалі бе­кі­­тілген.Бұл медаль неге батыр қыз­дың кеудесінде емес деген сұ­рақ туындауы мүмкін. Түсіндіре ке­тейік, Халық қаһарманы атағы апа­мызға 2004 жылы берілді. Ал ес­керт­кіште 19 жастағы Хиуаз бей­не­ленген, сондықтан медалі тасқа қашалған.

Ескерткіштің ашылу салта­на­тына келушілер көп болды. Қонақтар арасында қанатты қыз­дың туған жері Атырау облысының Құрманғазы ауданынан арнайы делегация да бар. Бұл шараға Хиуаз атындағы мектеп оқушылары да келді. Еліміздің өзге өңірлерінен де қонақтар ат басын бұрды. Олардың арасында Хиуаз Доспанованың көзін көрген, батыр туралы кітап жазған қаламгерлер, батыр есімін ел есінде қалдыру жұмыстарына үлес қосқандар да бар. Хиуаз Дос­панова ескерткішінің ашылу рә­сі­міне әскери реңк берілді: жи­налғандар қанатты қызды бір ми­нут үнсіздікпен еске алды, қа­ру­лы солдаттар аспанға үш мәр­­те оқ атты. Одан кейін Атырау об­­­лы­сының әкімі Асқар Ноғаев сөз алды.

– Ел басына күн туғанда ер­лер­мен бірге сапқа тұрған ба­тыр қыздарымыз тарихта аз бол­­маған. Екінші дүниежүзілік со­­ғыста ерлік көрсеткен Әлия, Мән­­шүк, Хиуаздар соғысқа жү­рек қалауымен аттанды. Бо­ла­шақ үшін өмірін қиюға дайын болды. Біз мұндай батыр қыз­да­рымызға қашанда құрмет көр­сетуге дайынбыз. Еліміздің да­му стра­тегиясында әйелдер қауы­мы­на құрмет көрсету туралы айтылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол­да­уында да ана мен баланың құқын қор­ғауға басымдық берілген. Бізге жүктелген лауазымдық мін­деттемелерді орындауда өзде­рі­ңізден әрқашан қолдау тауып ке­леміз. Ардақты ағайын, бү­гін­гі салтанатты шара Хиуаз Дос­пановамен бірге барлық ана­ла­рымыз бен қыздарымызға көр­­сетілген құрмет деп қабыл­да­­ңыздар. Аналар алдында бас ие­міз. Ескерткішті орнату жұмыс­та­рында қоғам мен биліктің ара­сында алтын көпір болған жур­на­лист Тұрсын Қалимоваға өз атым­­нан ерекше ризашылығымды біл­ді­ремін, – деді облыс әкімі.

Облыс басшысы Халық қаһар­маны Хиуаз Доспанованың өмірі мен ерлігі туралы ақпараттық наси­хаттау шараларын шебер ұйым­дас­тыр­ғаны үшін «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шығармашылық ұжымы мен әріптесіміз Тұрсын Қали­мованы «Алғыс хатпен» мара­паттады.

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов Хиуаз апамыз туралы жылы естеліктер айтты. Айта ке­тейік, облыстық ардагерлер ке­­ңесі облыс әкімінің қол­да­уы­­мен «Хиуаз» медалін таға­йындаған. Салтанатты жиын­да Суретшілер одағының мү­­шесі, Мә­дениет қайраткері, Ұлт­тық өнер университетінің про­фес­соры, Хиуаз Доспанова ескерт­кішінің авторы, мүсінші Бақыт­бек Мұхамеджанов, Қа­зақ­стан Жазушылар одағы­ның мүшесі, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» сыйлығы­ның иегері, көрнекті ақын Хан­би­бі Есенқарақызы, Қазақстан Жазу­шылар одағының мүше­сі, Халықаралық «Алаш» сыйлы­ғы­ның иегері, жазушы-журналист Сара Латиева, «Қазақстан» ұлт­тық арнасының продюсері Жа­ңыл­хан Мәмежанқызы, Хиуаз Доспанова есімін Атырау халықа­ралық әуежайына беру туралы бастамашыл топтың мүшесі, бел­гі­лі кәсіпкер Әлия Бекқожиева «Хи­уаз» медалімен марапатталды.

Ескерткіштің лентасын қия­тын сәт те жетті. Бұл рәсімді об­лыс­тық ардагерлер кеңесінің тө­­­ра­ғасы Қатимолла Ризуанов, Қо­­ғ­амдық кеңес төрағасы Мұрат Өте­шов, Хиуаз Доспанованың бауы­ры Ертарғын Доспанов, сон­дай-ақ әріптесіміз Тұрсын Қали­мова жасады.

Осылайша қазақтың қайсар қы­зы Хиуаз Доспанова ескерткіші рес­ми түрде ашылды. Ескерткіш жа­­нында естелік-суретке түсіп жат­­­қандарға сүйсіне қарап тұрған ес­­керткіш авторын, мүсінші Ба­қыт­бек Мұхамеджановты сөзге тарт­тық.

– Хиуаз апайдың ескерткіші тура­лы жылы пікірлер естіп қуа­нып тұрмын. Өзім Хиуаз апаны өмір­де көрген емеспін. Бірақ кө­зін көрген кісілер апайдың ішкі жан дүниесін дәл тауыпсың деді. Мү­сінші үшін бұдан асқан баға жоқ, – дейді ол ағынан жарылып.

Халық қаһарманы Хиуаз Дос­па­нованың ұлы Ерболат Әмі­ров бұл жиынға келе алмады. Аты­­рау об­лысының Құрманғазы ауда­нын­да тұратын бауыры Ер­тар­ғын Доспанов жиынға қаты­су­­шы­лар­дың ортасынан табылды.

– Бұл елі барда ер есімі өш­пей­тінінің ашық үлгісі, ел шетіне жау тигенде қолына қару алып, біз­дің жарқын болашағымыз үшін майдан даласында от кешіп, кеудесін оққа тосқан барлық боздақтарға көрсетілген құрмет деп білемін. Сол көптің бірі – ме­нің апам Хиуаз. Апамыздың жарқын бейнесі күні бүгінгідей көз алдымда. Қазақтың қайсар қызы болса да, жүзінен мейірім төгіліп, біз қыдырып барғанда жылы жымиып бауырына тар­та­тын. Әскери тәртіпке үйреніп, шыңдалып қалғанынан ба, әйтеуір ол кісінің бойында өзгелерден ерек­шелік бары байқалып тұра­тын. Ол кісінің соғыстан ал­ған жарақаттары туралы сыр шаш­қанын, жарақаты жанына бат­қа­нын әлдекімге айтқанын естіген емеспін. Майдан даласында қандай болса, бейбіт өмірде де сол қайсарлығынан танбады. Бүгін мына зәулім ескерткішті көріп төбем көкке жеткендей сезімде тұр­мын. Халық қаһарманына жа­салған құрметі үшін Хиуаз апам­ның бауырларының, барша туыс­тарының атынан шын жүрек­тен ризашылығымды біл­діремін, – деді. Ол Хиуаз апасының өмірінің соңғы жылдары туған топыраққа табан тигізе алмағанын өкінішпен жеткізді. Енді еңселі ескерткіш сол олқылықтың орнын толтырады деген сенім ұялағанын жасырмады.

Тұлғатанушы, жазушы-жур­на­лист Сара Латиева Хиуаз Дос­пановамен сұхбат құрған, кө­зін көргендердің бірі. Даңқты батыр­дың ескерткіші ашылар шараға арнайы келді.


– Әуежайдан шыға келгенде, ес­керткіштен апамды көргендей бол­дым. Әрине, апамның 21 жа­сын көрген жоқпын, қартайған кезінде сұхбаттастым. Сөйте тұра, ескерткіштен апамның ішкі мінезі мен болмысын көріп тұрмын. Атырауға алғаш келген адамның көзі бірінші кезекте қарсы ал­дын­дағы ескерткішке түседі. Енді жолаушылар ескерткіш жа­нынан өтіп кете салмайды, ба­тырды білмейтіндердің өзі бұл кімнің ескерткіші екен деп бұрылып қарайды, – деп ә деген­нен ескерткішті көргенде алған әсерімен бөлісті.

– Хиуаз Дос­панова ерлігін 60-70 жыл бұ­рын жасады. Өзі сұранып барған соғыста жауға тойтарыс берді, неше рет өліп-тірілді. Аман-есен елге оралды, ұзақ жыл өмір сүр­ді. Соғыстан кейін оны ешкім батыр едіңіз деп қолпаштаған жоқ. Шындықты жайып салатын мінезі үшін жасына жеткізбей зейнет демалысына шығарып жіберді. Елу жылдай үйде отырды. Өзіміз жұмыс болмай қалса жын ұрғандай боламыз. Ал ол елу жыл үйде отырды. Халқына бер­ге­ні­нен берері көп еді. Сонда ол қа­лай жынданып кетпеді екен? Менің­ше, оны халқыма істеген ең­бегім керек болар-ау деген бір ар­қау ұстап тұрды. Ол өмірлік қағи­дасына адал болған адам. Қазақтың қызымын, қазақтың жауынгерімін деген ұстаныммен өмір сүрді. Біреуден бір нәрсе сұрауға, біреуге жағдайын айтып баруға ары жібермеді. Соғыстан тірі келді, қоғам ескерусіз қалдыр­ды. Ол ерегескенде соғыстан ке­йін де ұзақ өмір сүрді. Солай ұзақ өмір сүргенінің өзі ерлік деп бі­ле­мін. Себебі, рухани тепе­ріш көр­ген адамның көпшілігі ақы­­лынан адаса жаздайды. Ал жүйе­ден теперіш көрген батырдың 85 жасында дұп-дұрыс сөйлеп отыруын ерлік демей көріңіз. Бұл кісінің аспанға әрбір көтерілуінің өзі батырлық еді. Әр ұшқан сайын ел-жермен қоштасып кетеді екен, себебі тірі қайтарына кепіл жоқ қой. Өлім мен өмірдің ортасында жүргендер – осы кісілер. Шына­шақ­тай қыз кейін шүйкедей кем­пір болды. 2008 жылы 17 нау­рыз­да апаммен сөйлескенімде, «қала­мды, халқымды сағындым» деді. Халқын ол қатты сағынды, ал біз оны сағындық па? Апаны іздеп барсақ, ешкім тыйым салмас еді. Ол кезде еңбегі еленбесе, бар кінәні Совет одағына жаптық. Сөйткен одақтан да құтылдық, беріде де 18 жыл өмір сүрді ғой... «Соғысты айтпа дейтін. 86 жасқа келемін, шаршадым» деді соңғы сұхбатымызда. Біз сөйлескен соң көп ұзамай бақилық болды. Өзі талай самғаған аспанына кетті. Ескерткіші ерекше әсер сыйлады. Өнер үшін жасалған өнер екен. Мүсіншіге риза болып отырмын.

Сара Латиева Хиуаз Доспанова рухына арнап берілген аста сөй­ле­ген сөзінде қазақтың батыр қыз­­дары туралы әдемі естеліктер айт­ты. Хиуаз Доспанованың еңбе­гін ұлықтауда еңбек сіңіріп жүр­ген журналист Тұрсын Қали­моваға енді Хиуаз есімін Атырау халықаралық әуежайына беру тура­лы бастамасының оңынан ше­шілуіне тілектестігін білдірді.

«Енді ұрпағымызға осы ескерт­кіш­тегі Хиуаз кім еді дегенді жет­кізу – парызымыз. Біз енді осыған мұ­қият болуымыз керек», – деді жазу­шы.

Хиуаз Доспанова есімін ұлт жадында қалдырудың жолдарын айтқан қаламгерлердің қатарында Фариза Оңғарсынова, Рахымжан Отарбаев та болды. Фариза ақын Хиуаз ескерткіші әуежайда тұруы тиіс десе, Рахымжан Отарбаев ба­­тыр есімін әуежайға беру тура­лы бастамаға үнемі қолдау біл­ді­ріп жүрді. «Хиуаз» кітабының алғысөзін жазды. 1983 жылы ба­тыр қызбен көл-көсір сұхбат құ­рып, қазақ радиосының алтын қо­рына қалдырды. Фариза ақын мен Рахымжан жазушы пәниден бақиға аттанып кете барды. Үл­кен­дердің үмітін өшірмей, іске асыруға әріптесіміз Тұрсын Қали­мо­ва кірісті. Ол Хиуаз Доспанова ескерткіші – батыр қыздың есімін ел есінде қалдыру жолындағы ірге­лі жұмысымыздың бір бөлігі ғана дейді. Алда әлі талай іс бар атқаратын.

– Біз 2012 жылы Атырау ха­лықаралық әуежайына Хиуаз­дың есімін беру туралы бастама көтеріп, жұмыс бастадық. Бұқа­ра­лық ақпарат құралдарында ма­қа­лалар мен сұхбаттар жария­ла­­дық. Сол мақаламыздың не­­гізінде Сәрсенбай Еңсегенов бас­­­таған бір топ сенатор үкіметке депутаттық сауал жолдады. Бі­рақ, сол жылы Ономастика тура­лы заңға толықтырулар мен өзге­ріс­тер енгізілуіне байланысты нысандарға адам атын беруге мораторий жарияланды. Мора­то­рий мерзімі аяқталғанға де­йін қарап отырмай құзырлы орын­­дарға ресми хаттар жол­да­­дық. Х.Доспанованың бар­­лық жеке құжаттарын мұра­ғат­­­тардан жинақтадық. 2012 жы­­­лы бір топ атыраулық жур­­на­­­листің ұсынысымен «Эйр­Ас­та­­на» әуекомпаниясы тұң­ғыш же­ке­меншік ұшағының алғаш­қы­­сына, яғни «Эмбраэр» ұша­ғы­на Хиуаз Доспанова есімін бер­­ді. Біздің ұсынысымыздың не­­­гізінде «ЭйрАстана» компа­ния­­­сы қазақтың атақты әйел тұл­ғалары – Зере әже, күйші Дина Нұр­пейісова, әнші Роза Бағланова, қазақтың батыр қыздары Әлия Мол­дағұлова, Мәншүк Мәметова, ком­позитор Ғазиза Жұбанова, акт­риса Әмина Өмірзақова есімдерін «Эйрбас»ұшақтарына жазылды, ол ұшақтар көкке самғап жүр, – дейді.

2016 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Хиуаз Доспанованың 1961-1963 жылдары қазақ және орыс тілдерінде шыққан әскери күнделігі мен еліміздің тәуелсіздік жылдары қаһарманға көрсетілген құрмет пен ұлықтау шаралары то­птастырылған «Хиуаз» атты кі­тап жарыққа шықты. 2017 жылы Аты­рау облыстық Ардагерлер кеңе­сі «Хиуаз Доспанова» медалін шығарып, оны батыр есімін ардақ­тап жүрген жандарға тапсыру тура­лы шешім қабылданды. Міне, осындай іс-шаралардың қатарында бастамашыл топтың жетекшісі Тұрсын Жұмабекқызының 2016 жы­лы күзде Атырау облысының әкімі Н.Ноғаевқа жазған хаты не­гізінде Атырау халықаралық әуе­жайы аумағына батыр ескерт­кі­шін тұрғызу мәселесі оң шешімін тапты.

– Бастамашыл топтың жұмы­сы мұнымен тоқтап қалмайды. Біз­дің әу бастағы мақсатымыз Аты­рау халықаралық әуежайына Хи­уаз Доспанова есімін беру еді ғой. Себебі, әлемнің өзге мем­ле­кеттерінде, мәселен Парижде Шарль де Голль, Белградта Никола Тесла, Тегеранда Имам Хомейни, Мәскеуде «Домодедова» атындағы ха­лықаралық әуежайлар бар. Жуыр­да Ресей президенті В. Пу­тин елдегі 40 әуежайдың атын өзгертіп, елдің атын шығарған қо­ғам қайраткерлері мен шығар­ма­шылық тұлғалардың атын беру туралы жарлық шығарды. Мы­са­лы, «Шереметьева» халықа­ра­лық әуежайы А.Пушкин, «Домо­де­до­во» М.Ломоносов есім­дері­мен аталатын болды. Ежел­ден дос мемлекетіміз ел­дің тарихы, әде­биеті мен руха­ния­ты­на, ғы­лы­мына үлес қосқан тұл­ға­лар­дың есімін ұрпақ санасында мәңгі сақталуы үшін осындай қадамға барып отыр. Демек, біздің Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз есімін беру туралы бастамамыз жүзеге асыруға болатын бастама. Жуырда ғана Мемлекеттік хатшы тарапынан Семей әуежайына ұлы ақынымыз Абайдың есімін беру туралы ұсы­ныс айтылды. Хакім Абайдың ме­рей­тойында бұл ұсыныс жүзеге асс­а, біздің сегіз жыл бұрын Хи­уаз есі­мін Атырау әуежайына беру ту­ралы бастамамыз жемісін бе­ре­ді деп сенемін. Бастамамызға қол­дау білдіріп отырған Атырау об­­лысының басшысына рақмет! – дейді Т.Қалимова.

Хиуаз Доспанова есімін Атырау халықаралық әуежайына беру ту­ра­лы бастамашыл топтың тағы бір мақсаты – штурман-ұшқыш Хи­уаз Доспанованың есімін мек­теп оқулықтарына енгізу. Әлия мен Мәншүктей батыр қыз­да­ры­мызбен Хиуаз есімінің қатар ата­луы­на қол жеткізу.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ