Конституция - барша жетістіктер бастауы
Конституция - барша жетістіктер бастауы
фото: ашық дереккөз
694
оқылды
Осыдан тура 25 жыл бұрын еліміздің тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынып, елдің көптеген пікірі ескерілген  Ата Заңымыз - ҚР Конситуциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Осылайша мемлекеттік құрылыс сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге сәйкес, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның бір мың бір жүзі Конституция жобасына енгізілген. Осы тарихи сәт туралы Елбасымыз: «1995 жылғы жаңа Конституция туралы мәселе көтерілген сәуір референдумынан соң мен халықпен тікелей және ашық әңгімеге кірістім және 1995 жылдың 30 сәуіріндегі Үндеуімде елге не үшін жаңа Конституция керектігі және оның Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін қажеттілігі қандай екені туралы өз көзқарасымды халыққа жете түсіндірдім. Әділет министрі Н.Шәйкеновтің басшылығымен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оның жұмысын тікелей өз бақылауыма алдым. Сарапшылармен бірге кейде күніне 12-14 сағат Конституция баптарымен жұмыс істегеніміз есімде. Менің өзіме де әлемнің әртүрлі елдерінің конституциялық құрылымы, билік тармақтарының өзара қатынасы, саяси партиялардың жұмысы, адам құқығына, жекеменшікке берілетін кепілдік және т.б. мәселелер жөніндегі көптеген әдебиеттерді қарап шығуға тура келді. Мен жұмыс тобының алдына әлдекімнің конституциясын құр көшіре салмай, керісінше басқа елдердің тәжірибесін талдау негізінде біздің еліміздің талаптарына барынша жауап бере алатын Негізгі Заң жобасын дайындау міндетін жүктедім. Сондықтан Конституцияның барлық ережелерінен біздің ерекше қазақстандық қолтаңбамыз, біздің халқымыздың өресі мен дәстүрлеріне және болашақтағы перспективасына сәйкесетін өз болмысымыз байқалып тұрады. 1995 жылдың 22 мамырында Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын қарау және заң тұрғысында бағалау үшін ол арнайы құрылған консультативтік кеңеске жіберілді, ал 30 маусымда жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Қазақстандықтар, өздеріне билікпен бір деңгейде елдің ең маңызды құжатын жасауға қатысу сеніп тапсырылғанын түсіне отырып, мәселеге айрықша жауапкершілікпен қарады. Бір айға созылған талқылау барысында олар 30 мыңға жуық ескертулер мен ұсыныстар енгізді. Солар ескеріліп, Конституция мәтініне 1100 түзету енгізілді» деп еске алады. Бүгін Ата Заңымыз - ҚР Конситуциясының 25 жылдық мерекесінде ең маңызды өзгерістер мен толықтырулар кезеңіне тоқталып өтсек. 1998 жыл. «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Бұл заң жобасын талқылай отырып, депутаттар бюджеттің атқарылуына парламенттік бақылауды күшейту туралы, әкімдерді кезең-кезеңмен сайлау туралы, сонымен қатар қос палата депутаттары мен Елбасының өкілеттік мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жасады. Жобаны бекіткенге дейін көп жұмыстар жүргізілді. Ақыр соңында 1998 жылдың 7 қазанында заңның түпкілікті нұсқасы қабылданды. Конституцияға елдегі саяси институттардың әрі қарай дамуына жаңа серпін берген 19 түзету енгізілді.  Міне, осы кезден бастап төменгі палатаға сайлау тек бір мандатты округтер бойынша ғана емес, партиялық тізім бойынша да жүргізілді. Мәжілісте партияларға 10 қосымша орын бөлініп, бұл орындар - жинаған дауыс санына қарай партиялық тізім бойынша сайлауға түскен үміткерлерге бөлініп берілді. Міне, осылайша партиялар депутаттық мандат үшін күреске тікелей қатысатын болды. Сөйтіп, аралас сайлау жүйесіне көшу осылай басталды. Қабылданған түзетулер Конституцияны өзгерту мен Үкіметті бақылау мәселелерінде Парламенттің өкілеттігін кеңейтті. Тәуелсіз сот жүйесінің маңызды құралы - алқабилер соты болды. Президент өкілеттігі 7 жылға дейін ұзартылды, сенаторлар - 6 жылға, Мәжіліс депутаттары 5 жылға сайланатын болды. Мемлекеттік қызметкерлер және президентікке кандидаттар үшін жас шектеуі жойылды, сонымен қатар сайлау учаскесіне келушілердің сандық шегі алынып тасталды (бұрын сайлау өту үшін кемінде сайлаушылардың 50 проценті қатысуы талап етілетін). Конституциядағы сайлаушылардың сандық шегіне қатысты өзгерісті Қазақстан өзге де демократиялық елдердің үлгісімен жасаған еді. 1998 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген түзетулер саяси жүйенің дамуы мен елді демократияландыруға жаңа серпін берді. Демократияның ең маңызды институты – парламентаризмді дамыту үшін барлық жағдай жасалды. Қос палаталы Парламент уақыт сынынан абыроймен өтті. 2007 жыл. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Бұл заң республика халқы тарапынан түсіністікпен жылы қабылданды. Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру. Бұл жаңа өзгерістер мен толықтырулардың негізгі мәні қандай? Біріншіден, президенттік жүйеден басқарудың президенттік-парламенттік моделіне көшудің конституциялық негізі қаланды. Елбасы өз ұсынысымен біраз өкілеттілігін Парламентке берді. Конституцияға осыған байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Парламенттің құзіреті едәуір кеңейтілді. Президенттің құзіреті біршама шектелді. 2012 жылдан кейін Президент 7 жылға емес, 5 жылға сайланатын болды. Мемлекет басшысы ел басқарудағы міндеттер мен жауапкершілікті Парламентпен бөлісті. Президент Үкімет басшысын саяси партиялардың фракцияларымен ақылдасып-кеңесуден кейін әрі Мәжіліс депутаттары көпшілігінің келісімімен ғана тағайындайтын болды, яғни Президент үкіметті жасақтауды Мәжіліспен келісіп шешеді. Енді Премьер-Министрді бекітуде, демек бүкіл Үкіметті де бекітуде басты рөл Мәжіліске беріледі. Парламенттің мәртебесін көтеретін бірқатар өзгерістер енгізілді. Біріншіден, оның сандық құрамы өсті. Мәселен, Мәжілісте енді 107 депутат болады. Екіншіден, оны сайлаудың түрі өзгерді. Бұрынғыдай мажоритарлық жүйемен жеке округтар бойынша емес, пропорционалды негізде партиялық тізім бойынша сайланады. Депутаттар сайлаудың пропорционалдық жүйесіне көшу саяси партиялардың қоғамдағы рөлін арттыруға, әрі депутаттардың сапалық құрамын жақсартуға көмектеседі. Парламент бюджетті бекітуге ғана емес, оның орындалуына да бақылау жасай алады. Палаталардың бірлескен отырысында Парламент Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бекітілген бюджеттің орындалуы туралы есебін қарап бекітеді. Егер оны бекітпесе, бұл Үкіметке білдірілген сенімсіздік деп танылады. Мәжілістің Үкіметке сенімсіздік білдіруі үшін бұрынғыдай депутаттар дауысының үштен екісінің емес, депутаттардың жай көпшілік дауысы жеткілікті болады. Сөйтіп, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Үкіметтің Мемлекет басшысының алдында ғана емес, Парламент алдында да жауапкершілігі белгіленеді. Жаңарған Конституция бойынша жасы қырыққа толған, мемлекеттік тілді толық меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын, туа республиканың азаматы болып табылатын кез келген адамның Президент болып сайлануға құқығы бар. Конституцияға енгізілген жаңалықтардың ішінде парламентарийлердің ұсынысымен енгізілген 42-баптың 5-тармағындағы «Ел Президенті болып бір адам қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды» деген тұжырым одан әрі күшінде қалып, ол «бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды» деген сөздермен толықтырылды. Мұны палаталардың бірлескен отырысында депутаттардың өздері көтерді. Сөйтіп, біз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерінің тәжірибесін және өзіміздің көпұлтты әрі көп дінді қоғамымыздың ерекшелігін ескеріп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетін тәуелсіз мемлекетімізді орнаттық. Конституциялық мәртебе - Қазақстан халқы Ассамблеясы. 1990 жылдың ортасынан бастап елде өз мазмұнына сәйкес жаңашыл болып есептелетін қоғамдық-саяси құрылым, жалпыұлттық саясаттың, этносаралық үйлесім мен диалогтың басты форумы - Қазақстан халықтары Ассамблеясы жұмыс істеді. Ата заң реформасынан соң Қазақстан халықтары Ассамблеясының мәртебесі конституциялық деңгейге дейін көтерілді. 2007 жылдың 20 тамызы ҚХА үшін ерекше күн болды. Сол күні Ассамблея тұңғыш рет Парламент Мәжілісіне 9 депутатын сайлады. ҚХА-дан сайланған депутаттардың басынан бастап Ассамблеяның мүддесін елдегі барлық этностардың мүдделерінің жиынтығы ретінде қабылдауы маңызды болатын. Оның үстіне Сенаттағы алты президенттік квота да ҚХА-мен келіскеннен кейін тағайындалатын болды. Бұрын Қазақстан халықтарының Ассамблеясы деп аталатын бірлестіктің 2007 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталуы қазақстандық этностар бірлігінің символдық көрсеткіші болды. Бірігу жүзеге асты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң 2008 жылдың қазанында қабылданды. Осының бәрінің арқасында ҚХА – елдегі саяси және қоғамдық өмірдің толыққанды субъектісі болды. Біздің ашық, жалғастық әрекеттеріміз бен халықтың қолдауының арқасында құрылған жалпыұлттық келісімнің қазақстандық үлгісі жұмыс істеді және дамыды. Жаңа ғасырдың басында этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі әлемнің көптеген елдері үшін тартымды әрі пайдалы бола алатын қазақстандық жаңалық деп танылды. 2002 жылдың қазанында БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды әлемнің басқа елдері үшін тұрақтылық пен дамудың үлгісі деп атады. 2017 жыл. Конституциялық реформа. 2007 жылғы реформамен салыстырғанда бұл - саяси жаңғырудың барынша күрделі кезеңі болды. Конституциялық түзетулерді талқылауға 2 миллионға жуық адам қатысты. Бірқатар баптар өте қызу пікірталас туғызды. Жұмыс тобына Конституция баптарының үштен екісіне 6 мың ұсыныс келіп түсті. 2017 жылдың 10 наурызда «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды.  Жаңа өзгерістердің арқасында: Біріншіден, жаңа заң Парламенттің мемлекеттік істердегі және Үкіметті жасақтаудағы рөлін барынша күшейтті. Екіншіден, Парламентке экономиканы басқару өкілеттілігі берілген соң, оның дербестігі артты. Үшіншіден, құқық қорғау және сот жүйесінің конституциялық негізі жаңғыртылды. Төртіншіден, конституциялық бақылау жүйесі нығайды. Бесіншіден, басқару формасының тәуелсіздігіне, біртұтастығына, аймақтық тұтастығына конституциялық кепілдік берілді. Жаңа Конституцияда алғаш рет Парламенттің «заң шығарушы билікті» (49 бап) жүзеге асыратыны тұжырымдалды. Осылайша, президенттің құзырынан заңдар, заң күші бар жарлықтар шығару алынып тасталды, Үкімет пен Премьер-министрдің актілерінің күшін жою және тоқтату құқығы жойылды. Конституциялық реформаның бүкілхалықтық талқылауы кезінде-ақ қоғамда Президенттің бірқатар өкілеттіктерінің Парламент пен Үкіметке берілуі президенттік биліктің әлсіреуіне әкеп соқпай ма деген қауіп болды. Дағдарыстан шығуды, елдің сенімді түрде дамуын президенттік билікпен байланыстыратын халық арасында түрлі пікірлер айтыла бастады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының негізгі іргетасы - басқарудың президенттік формасы болып қала берді. Билік барынша теңгерімді, икемді және тиімді бола түсті. Халықаралық құрылымдар, соның ішінде, Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясы Қазақстандағы конституциялық реформаны жоғары бағалап, мемлекеттің либералдану үдерісіндегі және елдің саяси дамуындағы маңызды қадам деп атады. Сөз түйіні: көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.  Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған «ХХІ ғасыр Конституциясы - заңның үстемдігі, адами құндылық және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференцияда «Мемлекетіміздің ширек ғасырында азаматтық қоғамның белсенді қатысуымен үш конституциялық реформа жүргізілді, бірақ Конституцияның жасампаз әлеуеті әлі сарқылмады және қажетті әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқа алғышарттар пайда болған кезде ашыла түседі»  -  деп атап өтті. Расымен де,  бүгінгі Ата заңымыздың басты ерекшелігі қандай?  Қоғам қайраткерлерінің сөзіне сүйенсек мұны Елбасы ұсынысымен енгізілген төрт ұстанымға, біріншіден - қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден - экономикалық даму, үшіншіден - қазақстандық патриотизм, төртіншіден - маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу принциптерімен негіздейді.  Бүгінгі ҚР Конситуциясының 25 жылдық мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Конституция - әділдік, бостандық пен тең құқықтық нышаны! Әрбір қазақстандыққа болашаққа деген зор сенімділік пен  бақ-береке тілеймін!  

Меруерт Тулебаева, саясаттанушы