Түркістанда ескі қоғамдық көліктер жаңартылуда
Түркістанда ескі қоғамдық көліктер жаңартылуда
312
оқылды

Бұрын көшелері тар, жолаушылар таситын шағын көліктері тіптен ескірген Түркістанда қалаішілік қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылар көп қиналатын. Бүгінде жаңарып, түлеп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан шаһарда қалаішілік жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар жаңаруда.

Шыны керек, бұрын қалаішілік жолаушы тасымалы бойынша барлық бағыттарда әбден ескірген шағын автобустар, яғни ел аузындағы газел, экспресс, рафик сынды мыжырайған көліктерде адамдар екі бүктетіліп, жол азабын көп көретін. Ал оқу жылы басталған мезгілде өзі шағын, ішінде сығылысқан адамдары бар өте тар автокөліктердегі оқушылардың көрген жол азабы жаныңды түршіктіретін еді. Бүгінде ескілердің орнына заманауи үлкен жаңа автобустар сатылынып алынуда.

Мәселен бүгінгі таңда Түркістан қаласы бойынша «Жолаушы» ЖШС тасымалдаушы мекемесі 270 қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетеді. 2019 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша аталған тасымалдаушы мекеме Ютонг маркалы 8,5 метрлік 16 жаңа автобус сатып алған болатын, ағымдағы жылдың қыркүйек айында тағы 5 жаңа автобус бағытқа қосылды. Жаңа автобустарда кондиционер, электронды табло, жарнамалық монитор және камералар орнатылған.

Қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту арқылы жолаушыларға сапалы қызметтер көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері оңтайлы шешілуде.
Облыс орталығындағы қоғамдық көліктерді жаңарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.