Ұлттық Банк Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың ірі мәмілелерді қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшіру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен және бактермен бірлесе отырып жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерге қолма-қол ақшасыз ақы төлеудің жаңа тетігін енгізді.
Бұл тетікте банктің, нотариустың және тіркеуші орган – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КАҚ арасында ақпарат алмасуды автоматтандыру жолымен жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді бірыңғай сервиспен жасау көзделеді.
Ол үшін қажетті құқықтық және техникалық жағдайлар жасалды, электрондық өзара іс-қимыл жасау үшін банктік ақпараттық жүйе мен Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арасында ықпалдастық жүргізілді.
«Жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізу қосымша опция болып табылады және ерікті негізде ұсынылады. Мәмілеге қолма-қол ақшасыз ақы төлеу үшін жеке тұлғалар банкте эскроу-шот аша алады немесе нотариустың депозитін пайдалана алады. Нотариус немесе банк (үшінші тарап) мәміле тараптары арасында төлемнің жасалуына кепіл болады.
Ақша жылжымайтын мүлікті (тұрғын үйді) сатушыға тіркеу органынан мәміле аяқталғаны туралы растауды алғаннан кейін бірден қолжетімді болады», - деді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Есжан Біртанов.
Е. Біртановтың айтуынша, жаңа тетік мәмілені жасасу процесін тез және қолайлы етуге, елде көрсетілетін қызметті цифрландыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл тәсіл ірі операциялар бойынша есеп айырысулардың қауіпсіздігін едәуір арттырады, жылжымайтын мүлік нарығында қолма-қол төлем кезінде алаяқтық немесе ақшаның жоғалу тәуекелін азайтады. Жылжымайтын мүлік сегментінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларды кеңейту мемлекеттің көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі міндеттеріне жауап береді, сондай-ақ банктерге клиенттердің жаңа сервистермен қанағаттанушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
27 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында нотариустың депозитін пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысумен жылжымайтын мүлікті сатып алу-сатудың алғашқы мәмілесі сәтті өтті. «Альфа Банк» ЕБ АҚ пилоттық банк болды. Қазіргі уақытта басқа банктер де осы жобаға қосыла алады.