Адамзаттың тағдыры – татулықта
Адамзаттың тағдыры – татулықта
350
оқылды

Әлемдік діндер көшбасшыларының келесі саммиті Қазақстанның үлкен мерейтойында – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 2021 жылы өтпек. Оған дейін діни көшбасшылар құрылтайының төл әнұраны да пайда болуы мүмкін. Осы және басқа да жаңалықтар елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында, Сенат төрағасы, съезд хатшылығының басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен діни форум хатшылығының XVIII отырысында жария етілді.

Жиынға қатысушыларға қайырылған Дариға Нұрсұлтанқызы діни көшбасшы­лардың жаһандық деңгейдегі съезін жию ту­ралы идеяның авторы Тұңғыш Президен­тіміз Н.Назарбаев екенін еске салды. Елбасы төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І жиыны өткелі бері 16 жыл артта қалыпты.

– Сол сәтте қонақжай қазақ жері алғаш рет бейбітшіл, достық пейілді және жемісті конфессияаралық диалогты жүргізуге ар­нал­ған ашық алаңға айналды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съе­зін өткізу идеясының авторы атанды. Қазақ­станның орасан зор ядролық арсеналдан бас тартуына бастамашы болған, бүкіл әлем мойындаған бітімгер, тәуелсіздік жылдарында өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тіре­гіне айналған елдің басшысы Н.Назарбаевтың бастамасын ең ірі әлемдік діндер мен кон­фессиялардың басшылары қолдады. Оның конфессияаралық ашық диалог өткізу туралы идеясын барша әлем қызу қолдады, – деді Сенат төрағасы.

Жалпы, сол тұстағы күрделі кезеңде, жаңа мыңжылдық басында ең жоғары деңгейде конфессияаралық ашық диалог өткізудің өзі нағыз ерлікке барабар іс еді. Содан бері Ел­басының стратегиялық салмақты әрі сарабдал бастамасы өз өзектілігін жоғалтқан емес. Бүгінде ірі әлемдік конфессиялар басшы­ларының Еуразия кіндігінде кездесуі ізгі дәстүрге айналды.

– Өкінішке қарай, экстремизм, терроризм және зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері әзірге күн тәртібінен түскен жоқ. Осы жыл­дар ішінде ғибадатханалары мен діндарларына жалған табынушылар мен экстремистер қас­тандық жасамаған конфессия жоқ. Алайда қазір мұндай зорлық-зомбылық актілері қо­ғамға іріткі салуды көздеген мақсатына ешқашан жете алмайды деп сенімді түрде айта аламыз. Керісінше, олар планетамыздың барша тұрғындарының бейбіт өмір мен қауіпсіздік үшін ынтымақтасуына ықпал ете отырып, адамзатты біріктіретініне күмәніміз жоқ. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Жер бетіндегі бітім процесіне, адамдарды төзім мен сыйластық рухында тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты деп санаймын, – деді Дариға Назарбаева.

Ол Қазақстанның көрсетіп отырған үлгісі және әлемдік діни және саяси лидерлердің съезі декларациясының бағытын жер-жерде ұстану – қақтығыстар орын алған аймақтарда шиеленісті әлсіретуге, өркениеттерді жақын­дастыруға және адамзаттың ортақ үйі, сайып келгенде, шағын әрі осал, бірақ аса көркем ғаламшарымызда бейбітшілік пен тұрақ­тылықты нығайтуға айтарлықтай ықпал етеріне сенімді екенін жеткізді.

– Адамзаттың бүкіл тарихында діндер руханияттың, төзімділік пен сүйіспен­шіліктің қайнар көзі бола білді. Бүгінде өздеріңіздің конфессияларыңыз жинақтаған көпғасырлық тәжірибені бітімгершілік мақсаттарға пай­далану міндеті тұр. Бізді 2021 жылы өтеді деп жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің келесі VII съезінің негізгі ба­ғыт­тарын айқындап, күн тәртібіндегі негізгі тақырыптарды тұжы­рымдау және діни фо­рум­ды ұйымдастыру жөніндегі үлкен әрі жа­уапты жұмыс күтіп тұр. Сондықтан хатшы­лық оты­рысына сын­дарлы және табысты жұ­мыс тілеймін! – деп түйді Дариға Назарбаева.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-ми­нистрі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лері съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл Марат Әзілханов алдыңғы діни саммит бастамалары қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. «Бейбітшілік және келісім музейі» ашылып, іске қосылыпты. Оның экспозицияларымен хатшылық отырысына қатысушылар таны­сып шықты.

Бұдан бөлек, «Н.Назарбаевтың кон­фес­сияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығын» құру ұсынылған болатын. Ол да жұмысқа кірісіпті. Осы аптаның сей­сенбісінде орталық Пәкістандағы «Ислама­бад Халықаралық ислам университетінің Ислам зерттеу институтымен» меморандумға қол қойды.

Діни форумның төл марапаттары – «Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығы» және съездің «Құрмет медалі» тағайындалды. Бірақ діни көшбасшылар мұнымен тоқтап қалмақ емес.

– Жұмыс тобында съездің ары қарайғы жұмысын жетілдіруге бағытталған жаңа ұсыныстар талқыланды. Олардың кейбіріне тоқтала кеткенді жөн көрдік. Мәселен, жұ­мыс тобында хатшылық мүшелеріне «Съездің Ізгі ниет елшісі» титулын беру бастамасы қызу пікірталас тудырды. Ізгі ниет елшілері съезд атынан және оның тапсырмасымен әр­түрлі дүниежүзілік диалог алаңдарында сөз сөйлеу, съездің идеялары мен тұжырым­дамаларын ұсыну құқығына ие болуы керек. Сонымен қатар жаһандық дәстүрлі діндер съезінің гимнін жасау туралы қызықты, шығармашылық ұсыныс ортаға салынды. Авторы – «Сомайя Бхаратия Санскрити Питам» үнді мәдениеті орталығының дирек­торы Кала Дхананджей Ачария. Егер идея қолдау тапса, біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, – деді М.Әзілханов.

Ал Дүниежүзілік Ислам лигасының өкілі, Көмек көрсету, күтімге алу және даму мәсе­лелері жөніндегі халықаралық ұйы­мының бас хатшысы Әбдул Әзіз ибн Ахмад Сархан Жер бетіндегі елдердің бір-бірімен бейбіт және тату тұруының маңызына екпін түсірді.

– Зорлық-зомбылықтың кез келген тү­рімен күрес – бүкіл әлемдегі бітімнің басты жолы. Бұл күрес біздің ортақ күш-жігерімізбен жүргізілуі керек. Дінаралық диалог әділетке, тағат-төзімге, қанағатшылдыққа, өзара құр­метке негізделуі тиіс. Және бұл сұхбаттастық баршаға өз ұстанымын ашық айтуына теңдей мүмкіндік туғызуы, қандай да бір дінді қаралауға тосқауыл қоюы қажет. Сонда бұл әлем халықтарының өнімді ынтымақ­тастығына бастайды, – деді ол.

Мәскеу дінаралық қатынастар патриар­хатының Сыртқы шіркеу байланысы бөлі­мінің хатшысы Дмитрий Сафонов қазақ­стандық діни саммиттің баламасыз рөліне тоқталды.

– Бұл съезд – дүниежүзіндегі бірегей алаң. Ол миллиондаған жақтаушылары бар ірі әрі дәстүрлі діндер жетекшілеріне бір үстел басында жиналып, бетпе-бет жүздесуге, мәселелері мен ұсыныстарын, проблемалары мен шешімдерін ашық айтуға және өзгелерге тыңдатуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Отырысқа қатысушылар Сауд Арабиясы, Пәкістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайланд, Ресей, Мысыр, Ватикан, Ұлыбритания және тағы да басқа 19 елден келген түрлі діндер өкілдері мен көшбасшылары алдағы жаңа съездің және хатшылықтың келесі XIX отырысының күн тәртібін қарады, съезаралық кезеңдегі жұмыс жоспарын әзірледі.