Дипломсыз – ауыл бос
Дипломсыз – ауыл бос
418
оқылды

Ұлттық экономика министрлігінің Facebook же­лісіндегі парақ­ша­сында вице-министр Ермек Ал­пысов «Дипломмен ауылға» бағдар­ла­ма­сына қа­тысты сұрақтарға жауап беріп жатыр. 2 қыр­күйекте басталған кон­ференцияға қатысу­шылар күн сайын көбейе түскен. Бұл бағдарлама неге аяқ ас­тынан танымал болып, талқылана қалды? Өйт­ке­ні бағдарлама Президент назарына ілікті. Ал біз басшылық назарына ілікпеген мәселеге назар аудара бермейміз.

«Қала мен ауыл мектептері ара­сын­дағы орта білімнің сапасы алшақтап бара­ды. Не­гізгі мәселе – ауылдық жер­лердегі білік­ті педагог кадр­лардың тапшылығы. Сон­дықтан «Дипломмен ауыл­ға» бағ­дар­ламасының аясын кеңейтіп, жұмыс­ты жаңа деңгейде жалғас­тыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағ­дарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын», – деген еді Қ.Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында.

Вице-министрге қойылған сауал­дардың дені мен деңгейін министрлік па­рақ­шасынан көруге болады. Сауалдардың ба­сым бөлігі бағдарламада тайға таңба бас­қ­андай жазылған, бұқаралық ақпарат құрал­дарында талай рет жарияланған белгілі мәселелер. Мысалы, «Дипломмен ауыл­ға» бағдарламасы бойынша, «барғым келген ауылды таңдай аламын ба?» деген сауал жиі қойылған. Әрине, таңдай алады. Ол үшін бағдарлама бойынша маман қа­былдайтын комиссияға құжатын өт­кі­зіп, таңдаған ауылын көрсетуі тиіс. Комиссия көрсетілген ауылға сұранып отырған ма­ман­ға сұраныс барын анықтаса, құжат­та­ры талапқа сай келсе, оң шешім шы­­­ға­­ры­лады.

Сосын бұл бағдарламаға денсаулық сақ­тау және білім беру, әлеуметтік қам­сыздандыру, мәдениет, спорт және аг­роөнеркәсіп кешенінде жұмыс істейтін дипломды мамандар ғана қатысады. Бағ­дарламамен ауылға барып жатса, тұрғын үй алу үшін бюджеттік несие алады, со­масы 1 500 айлық есептік көрсеткіш. Жал­пы, бағдарлама іске қосылған 2009 жыл­дан бастап 54 мың жас маман еңбек жо­лын ауылда бастаған.

Әу баста «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша әлеуметтік қолдау алған жас маманның міндетті жұмыс істеу мерзімі 5 жыл болатын. Кейін ол мерзім 3 жылға қысқарды. Оның өзіне де біраз уақыт болды. Бұл өзгерістен де қоғам бейхабар болып шықты. Енді ше, ақпарат құралына назар аудармайды. Әйтпесе, қойылған сұрақтың жауабы әлдеқашан айтылған, жазылған. Сосын сұ­­рақ қоюшылардың барлығы дерлік жо­­ғары оқу орындарының студенттері – «бес минутсыз» кадрлар, көзі ашық топ. Міне, солар өзіне дейін қойылған сұрақ­тар мен жауаптарды шолып шығуды жөн көрмеген. Бір сұрақты жүз қойған соң, қарның ашады. Министрліктің әлеу­желі қолданушыларымен байланыс орнатудағы талпынысы құптарлық-ақ. Алайда бұл министрлік ауылға бара­тындардың басым бөлігі қазақтілді кон­тингент екенін ұмытып кеткені қалай? Әрі-беріден соң мемлекеттік мекеме қо­ға­ммен байланысты мемлекеттік тілде жүр­гізуге міндетті емес пе еді?..


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ